Перейти к содержимому

Қолөнер бұйымдарының хас шебері

31 қаралым

     Мектеп қабырғасындағы технология пәнінің маңыздылығын көпшілігіміз ұғына бермейміз. Негізінен оқушының жан-жақты қабілетін ашып, еңбекке баулып, ерекше сергітетін пән – дәл осы технология пәні. Расымен де түрлі қабілеті мен бейімділігі бар оқушылар жетерлік, бойдағы қабілетті дамытып, бейімділікке баулу үшін де технология пәнінің маңызы зор.

         Айжан Әлнұрқызын Алматы облысындағы Райымбек ауданындағы байқаулардан жиі көзіміз шалады. Көркі көз тартар қолөнер бұйымдарымен талайдың таңданысын тудырып жүр. Сонымен қатар, Айжан Әлнұрқызы – технология пәнінің мұғалімі. Ендеше, неге осындай шебер жанмен  жақын танысып, өнер бұйымдарына қанық болмасқа.

       Жексенбай Айжан Әлнұрқызы 1993 жылы Алматы облысы Райымбек ауданы Қаратоған ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. «Алматы техника және сервис» колледжін бітірген. Қолөнерге деген қызығушылық Айжан ханымда балалық шақтан бастау алған. 1 сыныпта-ақ үлкен әпкесінен қолғап тоқуды үйренген. Өзінің айтуынша, бұл өнер – әлдекімнен дарыған өнер емес, қажеттіліктен туындаған өнер.  Бала кезден түрліше бұйымдар жасап ерекшеленгенді жақсы көретін. Қолынан келсе де, келмесе де, ең бастысы шексіз ұмтылысы мен таудай талабы болды.

        Айжан ханым қолөнер бұйымдарына сұраныс көптігін, көп жағдайда үлгермей жататындығын айтып таңғалдырды. Сол себептен, неше түрлі бұйымдар жасау арқылы табыс тауып жатқан оқушылары да бар көрінеді. Инстаграмм парақшасы арқылы онлайн шеберлік сабақтарын да өткізеді. Ол да нәтижесіз емес.

Айжан Әлнұрқызы Жексенбай ұстаз болғалы, мектеп оқушыларының технология пәніне деген қызығушылығы артқанын ата-аналардың өз аузынан естідік. Дәл осындай өз ісінің шеберлері білім ордаларына ауадай қажет.

Ақерке БИЖАН

Райымбек ауданы

↑