Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Басты назарда – өрт қауіпсіздігі

Басты назарда – өрт қауіпсіздігі

34 қаралым

Жылыту маусымына дайындық аясында Қарасай ауданының төтенше жағдайлар бөлімі (ТЖБ) қызметкерлері жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және еріктілермен бірлесіп, тұрғын үйлерді аралап, түсіндіру жұмысын жүргізуде. Өрттің алдын алу шаралары 15 тамыздан басталды. Оның негізгі мақсаты – өртті, көміртек тотығымен улануды және басқа да төтенше жағдайларды болдырмау.

Мұндай жұмыстар Қошмамбет, Жамбыл, Шамалған ауылдары және басқа да елдімекендерде жүргізілді. Бүгінгі таңда 10 көміртек тотығы құрылғысы орнатылды. Бұл бағыттағы шаралар әлі де жалғасуда.
Ең алдымен, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасыларға ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, Шамалған ауылында пештері қатты отынмен жылытылатын үйлер бар. Аудандық ТЖБ мамандары ондай үйлер тұрғындарына көміртек тотығынан уланудың салдарын түсіндіріп, арнайы құрылғылар орнатты. Сонымен қатар анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті ұсынымдар берді.
Рейдте мамандар тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін тағы бір мәрте еске салды. Жиналып қалған күйеден мұржаларды уақытылы тазалаудың қажеттігін айтып, пеш жабдықтарын пайдалану кезінде сақтық таныту керегін түсіндірді.
Аудандық ТЖБ азаматтық қорғау аға лейтенанты Диас Нұрбайұлының айтуынша, көміртек тотығы құрылғысы – ауадағы қауіпті, жанғыш немесе улы газдардың концентрациясын автоматты түрде бақылайтын және газдың таралуы туралы ескертетін арнайы электронды құрал. Ол жарылыс пен өрттің алдын алуға, сондай-ақ уланудан қорғануға көмектеседі. Өйткені мұржаға немесе пешпен жылыту жүйесіне қатысты ақаулар туындаған жағдайда көміртек тотығының детекторлары адам өмірін сақтап қалуы мүмкін. Сонымен қатар заманауи құрылғылар қауіпсіздікті автоматты түрде қамтамасыз ете алады. Олар қатты дыбыстық және жарық сигналын беріп қана қоймай, электр клапаны арқылы газ беруді тоқтатады немесе смартфонға хабарлама жібереді.
Диас Нұрбайұлы көміртек тотығы құрылғысы кез келген органикалық отын пайдаланылатын жерге қойылуы қажет екенін атап өтті. Әсіресе отын жанған кезде оттегі жеткіліксіз болған жағдайда оның қаупі жоғары. Басты қауіп – адамның оның пайда болғанын сезе алмауында. Өйткені көміртек тотығының түсі, иісі, дәмі жоқ, алайда ол адам өмірі үшін аса қауіпті.
Көміртек тотығы құрылғысы ас-үй плиталары, газ колонкалары және жылыту қазандықтары орналасқан бөлмелерде, дизель генераторлары мен керосин жылытқыштары бар жерлерде, көмір пештері мен қазандықтары, оның ішінде автоматты қазандықтар қолданылатын нысандарда орнатылуы тиіс. Сондай-ақ мұндай датчиктер жабық автотұрақтар мен гараждарда да болғаны абзал. Себебі автокөлік қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған кезде көміртек тотығы өте тез жиналады. Тіпті тұрғын үйдің құрылғылары электр қуатымен жұмыс істейтін болса да, оған гараж жапсарлас салынған немесе жертөледе не дәлізде бензин генераторы пайдаланылатын жағдайда датчик орнату қажет. Өйткені газ қабырғалар мен жабындар арқылы оңай өтіп кетуі мүмкін.
– Қарасай ауданындағы тұрғын үйлердің басым бөлігі табиғи газға қосылғанына қарамастан, барлығы өрт қауіпсіздігі талабын сақтауы тиіс. Сондықтан біз халыққа өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін жеткізу мақсатында осындай түсіндіру және алдын алу жұмысын жүргізіп жатырмыз. Ал құрылғыны орнату барысында оның қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған өте маңызды құрал екенін түсіндіреміз, – дейді рейд жұмысын қорытындылаған Диас Нұрбайұлы.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы

↑