Алматы облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов ауыл шаруашылығы саласының даму көрсеткіштерін таныстырды. Ауданда егін және мал шаруашылығы негізгі бағыттардың бірі саналады. Биыл егіс алқаптары кеңейтіліп, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі артқан.
2026 жылы ауданда 28 518,4 гектар жерге егіс егілді. Оның ішінде 13 139,9 гектарға дәнді дақылдар, 15 368,5 гектарға мал азықтық дақылдар орналастырылды. Дәнді дақылдар алқабының 5 441,7 гектарын күріш, 4 351,2 гектарын арпа мен бидай, 3 347 гектарын дәндік жүгеріге тиесілі. Сондай-ақ 10 гектар жерге бақша және көкөніс дақылдары егілген.
Қазіргі уақытта ауданда күріш жинау науқаны жалғасуда. Бүгінге дейін 1 349,2 гектар алқап орылып, 3 997,5 тонна өнім жиналды. Сонымен қатар шөп шабудың үшінші орымы аяқталып, 160,9 мың тонна жоңышқа дайындалды. Бұл мал азығы қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Мал шаруашылығында да оң динамика байқалады. Есепті кезеңде тірідей салмақта 9 900,8 тонна ет өндіріліп, нақты көлем индексі — 134,4%. Сүт өндірісі 10 190,1 тоннаға жетіп, нақты көлем индексі 113,3%-ға жетті.
«Аудандағы мал басы да тұрақты өсім көрсетіп отыр. Ірі қара саны 112 849 басқа жетіп, нақты көлем индексі 109,9%-ды құрады. Жылқы саны 31 671 басты, қой-ешкі саны -107 747 бас»,-дейді Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов
Шаруалардың қаржылық мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында мемлекеттік қолдау тетіктері де пайдаланылуда. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жалпы сомасы 1 млрд 114 млн теңгеге 146 азаматтың құжаттары тапсырылған. 2026 жылы 14 азамат 171,3 млн теңге көлемінде қаржы алған. Ал «Кең дала» несиелік бағдарламасы бойынша екі шаруашылық жалпы сомасы 2 млрд 150 млн теңге несие алған.
Ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы су ресурстарын тиімді пайдаланумен де тығыз байланысты. Осы бағытта Тентек өзегінің 18 шақырымында механикалық тазарту жұмыстары жүргізілуде. Жобаға 323 млн теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, Топар өзенінің 86 шақырымдық сағасын тазартуға 330 млн теңге бөлініп, қазіргі уақытта 28 шақырымында жұмыстар атқарылуда.
Сонымен қатар аудан аумағында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері жалпы көлемі 171 117,62 гектар пайдаланылмайтын жер анықталған. Оның ішінде 13 жер пайдаланушыға тиесілі 9 032,4 гектарды құрайтын 20 жер учаскесі мемлекеттік жер қорының есебіне қайтарылды.
Аталған шаралар Балқаш ауданында ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға, шаруаларды қолдауға және жер мен су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған.
