Бүгін Алматы облысының Талғар ауданында 29 отбасы баспаналы болды. Пәтерлер көпбалалы аналарға, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға, ерекше баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға және асыраушысынан айырылған жандарға берілді. Түзусай ауылында өткен салтанатты шараға Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов қатысып, тұрғындарды қоныстойымен құттықтады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Аймақ басшысы өз сөзінде халықты баспанамен қамтамасыз ету Президент жүктеп отырған маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әл-ауқатын арттыру, азаматтарға жайлы өмір сүруге жағдай жасау мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін үнемі айтып келеді. Оның ішінде баспана мәселесі де маңызды орын алады. Алматы облысында халық саны жылдан жылға өсіп келеді. Бұл – өңіріміздің дамып, елдің тұрмыс-тіршілігіне қолайлы аймаққа айналып келе жатқанының бір көрінісі. Баспана – кез келген отбасы үшін үлкен қуаныш. Бүгінгі табысталған кілт – әр отбасы үшін көптен күткен арманның орындалуы. Адамның өз үйі болғанда ертеңіне деген сенімі де арта түседі. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың мәселесі әрдайым назарымызда. Алдағы кезеңде де бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырып, тұрғын үй қорын ұлғайтуға басымдық береміз», – деді Шыңғыс Сайранұлы.
Бүгінде Талғар ауданында тұрғын үй кезегіне 7,5 мыңға жуық азамат тіркелген. Соңғы екі жылда аудан бойынша 459 пәтер сатып алынды. Қазіргі таңда оның 275-і өз иелеріне берілді. Бүгін тағы 29 отбасы баспана кілтін алды. Солардың бірі ерекше қажеттілігі бар балаға күтім жасап, тәрбиелеп отырған ана – Зиягүл Ержанова.
«Үй кезегіне 2015 жылы тұрдық. 11 жыл бойы күткен сәт бүгін туып, баспанаға қол жеткізіп отырмыз. Қуанышымызға облыс әкімі ортақтасып, арнайы келіп құттықтады. Үйге қажетті электр пеші мен теледидарды сыйға тартты. Бұл – бізге үлкен көмек. 2 бөлмелі үйдің жобасы, сапасы көңілімнен шықты. Терезесі – үлкен, бөлмелер – жарық, тауға қарайтын әдемі көрінісі де бар. Осындай қолдау көрсеткен Президентімізге, облыс және аудан әкімдігіне алғыс айтамын», – деді тұрғын.
