Іле аудандық ардагерлер ұйымының бастамасымен Байкент ауылдық Мәдениет үйінде «Іскерлік және жанашырлық» атты пилоттық жобасы аясында қолөнер шеберлерімен кездесу өтті. Мақсаты – өмірдің түрлі сынақтарына қарамастан, еңбек етіп, өз кәсібін қалыптастырып, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген азаматтардың өмір жолын насихаттау, еңбегін бағалау және кәсіпкерлік пен ұлттық қолөнерді дамытуға қолдау көрсету.
Кездесуге келген Ержан Нұрмұхамбетов пен Жеңісгүл Дәулетова есімді қолөнер шеберлерінің өмір жолы көпшілікке таныстырылды. Екеуі де – мүгедектігі бар жандар. Олар тағдыр тәлкегіне ұшырап, өмірде кездескен ауыр сынақтарға қарамастан, ешбір жасымай, кәсіппен айналысып, көпшілікке еңбек етудің үлгісін көрсетіп келеді.
Ержан Нұрмұхамбетов – ағаш ұстасы әрі қолөнер шебері, төрт баланың әкесі. Өз кәсібін үй жағдайында бастаған ол бүгінде ағаш өңдеу өнерімен айналысып, домбыра жасайды. Сонымен қатар өз үйінде аяқ киім жөндеу қызметін көрсетеді. Ержанның өмір жолында күтпеген ауыр сынақ болған. Алайда өмірден өз орнын табуға талпынып, еңбектің арқасында кәсібін қалыптастырып, адал еңбекпен нәпақасын тауып отырған оның табандылығы – көпке үлгі.
М.Түймебаев ауылының тұрғыны Жеңісгүл Дәулетова – ұлттық қолөнер шебері және қоғамдық белсенді. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің түлегі мүгедектігі бар жан ретінде өмірдің қиын сынақтарына қарамастан, өзіне сенім артып, еңбек жолын жалғастыруда. 20 жылдан астам уақыт бойы қазақ халқының дәстүрлі қолөнерін жаңғырту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және қолөнер бұйымдарын насихаттау бағытында жемісті еңбек етуде. Шебердің туындылары ұлттық нақышымен, көркемдік ерекшелігімен және шығармашылық ізденісімен ерекшеленеді. Ол қолөнерді тек шығармашылық бағыт ретінде ғана емес, кәсіп ретінде де дамытып, кәсіпкер әйелдерді қолдауға және жас шеберлерге бағыт-бағдар беруге атсалысып келеді. Жеңісгүл Дәулетова 2024 жылы республикалық «Жан шуақ» премиясының «Кәсіпкерлікке қосқан үлесі үшін» номинациясының жеңімпазы атанды. Сондай-ақ «Бір ауыл – бір өнім» республикалық жобасының жеңімпазы болды. Осылайша ұлттық өнер мен кәсіпкерлік саласына өз үлесін қосып келеді.
Кездесу барысында қос шебер өздерінің өмір жолы, кәсіпке келуі, шығармашылық ізденістері мен еңбек жолындағы қиындықтары туралы айтып берді. Сонымен бірге қолөнердің қыр-сыры, кәсіпкерлік жолы, ұлттық өнерді сақтау және оны кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызы жөнінде еркін пікір алмасты.
Тағылымды кездесудің мазмұнын өнерпаздардың музыкалық тартулары да толықтырды. Әншілер мен «Ұлағат» ардагерлер ансамблі әннен шашу шашып, кездесудің көркін қыздырып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Жұлдыз БҰЗАУҚЫЗЫ,
Байкент ауылдық Мәдениет үйінің директоры
Іле ауданы
