Перейти к содержимому

Балық – байлық көзі

55 қаралым

Қарадалада жер емген диқан да, төрт түлігін өріске өргізген шаруа да несібесін еңбектен тапқан. Жылдар бойы ауыл тіршілігінің негізгі тірегі егін мен мал шаруашылығы болып келді. Кейінгі кезде осы үйреншікті кәсіптердің қатарына жаңа бағыттар қосылып, ауыл адамы қолда бар мүмкіндіктің басқа да қырын пайдалана бастады. Рахат ауылындағы балық шаруашылығы – соның бір мысалы.

Бұл кәсіпті қолға алған «СПК BIG FISH» ЖШС өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 14 миллион теңге несие алып, канал бойында шабақ өсіруді бастаған. Тәуекелмен қолға алынған істің алғашқы нәтижесі де жаман болған жоқ. Шаруашылық бір жылдың ішінде 80 тонна форель мен бекіре өсірді. Биыл кәсіп иелері бұл көрсеткішті 150 тоннаға жеткізуді көздеп отыр.
Бір қарағанда, Қарадалада балық өсіру тосындау кәсіп секілді көрінуі мүмкін. Өйткені бұл өңірді сөз еткенде көз алдымызға ең алдымен жайқалған егістік, бау-бақша мен өрістегі мал келеді. Бірақ шаруашылық иесі Еділ Мысақұлов канал суының балық өсіруге қолайлы екенін байқап, осы мүмкіндікті кәсіпке айналдырған.
Балық шаруашылығында судың сапасы айрықша маңызды. Оның температурасы, тазалығы, құрамындағы оттегі – шабақтың өсіп-жетілуіне тікелей әсер етеді. Еділ Мысақұловтың айтуынша, мұндағы ашық су айдынының суы таза әрі оттегіге бай. Соның арқасында шабақтар жақсы жетіліп, қажетті салмаққа жылдам жетеді. Яғни табиғаттың өзі кәсіпкерге қолайлы жағдай жасап тұрғандай.
Әрине, су бар екен деп кез келген жерде балық өсіре салу мүмкін емес. Оның да күтімі, есебі, күнделікті бақылауы бар. Шабақты дер кезінде қоректендіріп, судың жағдайын қадағалап, аурудың алдын алып отыру қажет. Оның үстіне форель мен бекіре өсірудің өзіндік талабы бар. Сондықтан мұнда тек тәуекел ғана емес, кәсіптің қыр-сырын меңгеру де маңызды.
Қазір шаруашылық иелері алғашқы нәтижеге тоқмейілсіп отырған жоқ. Алдағы уақытта кәсіпке 4 миллиард теңгеге дейін инвестиция салып, өндіріс қуатын бірнеше есеге арттыру жоспарда бар. Мұндай жоба жүзеге асса, оның пайдасы бір шаруашылықтың айналасында ғана қалмайды. Өндіріс кеңейген жерде жұмыс күші керек. Демек, ауыл тұрғындарына жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті жерде өндірілетін өнім көлемі де артады.
Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде балық өсіру облыс көлемінде қарқынды дамуда. Қазір Алматы облысында балық өсірумен 53 шаруашылық айналысады екен. Олардың жалпы өндірістік қуаты жылына 11 мың тоннаға жеткен. Бұл – балық шаруашылығының өңір үшін біртіндеп жеке өндірістік бағытқа айналып келе жатқанын аңғартады.
Бұл саланың дамуына мемлекеттік қолдау да бар. 2026 жылдан бастап аква­өсіруді дамытуға арнайы субсидиялар қарастырылып, инвестициялық жоба­ларды қаржыландыру мен жеңіл­детілген несие беру мүмкіндіктері де кеңейтілген. Осындай ауқымды қолдау шараларының нәтижесінде бүгінгі күнде өңірдегі балық өндірісі 29 пайызға, экспорт көлемі 27 пайызға ұлғайған. Өнім Дания, Нидерланд және Польшаға да жөнелтіледі.
Осы көрсеткіштерге қарасақ, Рахат­тағы шаруашылықтың бастамасын жалғыз кәсіпкердің тәуекелі деп қана қарауға болмайды. Ол Алматы облы­сында тамыр жайып келе жатқан тұтас бір саланың Ұйғыр ауданындағы алғашқы қадамдарының бірі деуге келеді. Оның үстіне ауданның табиғи мүмкіндігі де аз емес. Су арналары, шаруашылыққа пайдаланылатын су көздері бар. Егер соның бәрі ғылыми тұрғыда зерттеліп, балық өсіруге жарамды тұстары тиімді пайдаланылса, аудан үшін ауыл шаруашылығының тағы бір бағытын дамытуға жол ашылуы мүмкін.
Қарадалада кәсіп десе тек жер жыртып, дән себу немесе мал өсіру керек деген түсінік қазір жойылған. Аудан аумағының бір тұсында құс фабрикасы жұмыс істесе, енді бір тұсында бау-бақша жайқалып тұр. Ал Рахатта канал суының өзі кәсіп көзіне айналып отыр.
Ауылдың берекесі – тек жерінің кеңдігінде емес, сол жер мен судың мүмкіндігін танып, кәдеге жарата білген адамында. Рахаттағы бастама осыны аңғартады. Қолда бар судан да нәсіп тауып, жаңа кәсіптің көзін ашуға болатынын бұл шаруашылық ісімен көрсетіп отыр.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Ұйғыр ауданы

↑