Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Alatau Hub Алматы облысының тұрғындарын Decentrathon 6.0 хакатонына шақырады!

Alatau Hub Алматы облысының тұрғындарын Decentrathon 6.0 хакатонына шақырады!

167 қаралым

Елдегі ең ірі технологиялық жарыстың қорытынды маусымы 30 –31 қазанда Қазақстанның 19 қаласында өтеді. Осыған орай Alatau Hub Қонаев қаласы мен Алматы облысының барлық тұрғындарын Decentrathon 6.0 хакатонына қатысуға шақырады! Хакатон программистерді, дизайнерлерді, аналитиктерді, студенттерді және технологияға қызығатын барлық адамды біріктіреді. Ол бизнестің шынайы тапсырмаларында күшіңді сынайтын алаңға айналады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Decentrathon кәдімгі жарыс форматынан әлдеқашан асып кеткен. Қатысушылар жетекші компаниялардың шынайы бизнес-кейстерін шешеді: оқу мысалдары жоқ, тек нарықтың нақты сын-тегеуріндері. Командалардың жұмысын индустрия менторлары мен сарапшылары қолдайды: олар тікелей кері байланыс беріп, өнімді жақсартуға көмектеседі. Сонымен қатар хакатон нетворкинг пен мансап мүмкіндіктерін ашады. Қатысушылар фаундерлермен, компания өкілдерімен және болашақ командаластарымен танысады, ал біреулер үшін бұл арман жұмысын табуға мүмкіндік болады.

Қатысушылардың жайлылығы да ескерілген: хакатон барысында кодпен жұмыс істеп шаршағандарға арнап сусындары бар пицца-тайм ұйымдастырылады. Сондай-ақ қатысушыларға арналған Decentrathon-ның шектеулі эксклюзивті мерч топтамасы көзделген.

Жарыстың ауқымы маусымнан–маусымға ұлғайып келеді. Өткен жылы оған елдің 20 қаласынан 5 500-ден астам адам қатысты, ал жүлде қоры 12 500 000 теңге және $20 000 болды. Бес маусым ішінде жоба 17 000-нан астам IT-маманды біріктірді.
Жасына, тұратын өңіріне және тәжірибесіне қарамастан, кез келген адам қатыса алады. Мектеп оқушыларына да рұқсат етіледі, бірақ тек командамен: команда капитаны 18 жастан асқан болуы тиіс.

Хакатон тапсырмалары 30 қазанда сағат 11:00-де ашылады, дайын шешімдерді 31 қазан сағат 23:59-ға дейін тапсыру қажет. Жеңімпаздарды ұйымдастырушылар 10 қарашада онлайн жариялайды.
Өңір тұрғындары хакатонға қашықтан да, офлайн да қосыла алады. Қатысушыларды Қонаев қаласында мына мекенжай бойынша қабылдаймыз: Қонаев тұйығы, 5Б.

29 қазан сағат 23:59-ға дейін тіркелуге болады. Ол edu.astanahub.com платформасында өтеді, сілтемесі decentrathon.ai сайтында орналасқан. Өтінімді толтырғанда нақты тұратын қаланы көрсету қажет.

Decentrathon 6.0 хакатонын Astana Hub және Blockchain & AI Technology Center (BAITC) Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен ұйымдастырады.

↑