Перейти к содержимому

Іледе кеме жүрген

30 қаралым

Алматы облыстық мемлекеттік архивіндегі №13 Алматы облысының кәсіподақ комитеті, №489 Жетісу губерниялық атқару комитеті және №1 Алматы облыстық бақылау комиссиясы қорларының тарихи құжаттарын зерделей келе, Іле өзені бойында жүк тасымалы кемелерін жүргізу ісінің бастауы Жетісудың Ресей империясына қараған тұсымен қатар келгенін аңғаруға болады. Өлкенің өткен тарихынан көп мәлімет беретін, Түркістан әскери округі шығарған, бас штабтың подполковнигі Д.Федоровтың 1903 жылы жарық көрген «Іле өлкесінің әскери-статистикалық сипаттамасын жасау тәжірибесінен» атты еңбегінде Іле-Балқаш кеме жүргізу ісінің тарихына қатысты маңызды мәліметтер берілген.

Іле өзенінде ең алғашқы кеме 1854 жылы Верный бекінісі салына бастаған кезде жүре бастаған. Тасымал кемесі Іле бойымен Верный маңайындағы әскер мен казак қоныс аударушыларға азық-түлік жеткізу мақсатында пайдаланылған. Осылайша, Қарқаралы станицасынан Верныйға 800 пұт астықты Балқаш көлі мен Іле өзені арқылы жеткізу мақсатында желкенді кеме Бертіс айлағынан шығып, Илийск қалашығына дейін бірінші рет сапар шекті. 1855 жылы Алматы маңайында егіннің бітік шығуына байланысты азық-түлікті өзенмен тасымалдау қажеттілігі жойылып, кеме қараусыз қалған. Арнайы желкеннің көмегімен жүзген кеме Бертіс айлағынан Илийск мекеніне 72 күн жүрсе, қайтар сапары 17 күнге созылған.
Қытайға қарайтын Құлжа өлкесін орыстар жаулап алғаннан кейін белгілі кеме жасаушы, шебер А.Козелл-Пакловский Норман 1883 жылы Сүйдін қаласына бидай жеткізу тапсырысын орындау үшін Іле өзені арқылы кеме қатынасын жүзеге асырды. Арнайы жасақталған кеме жаркенттік көпес Уәлиахун Юлдашевтың қаражатына жасалды. Алайда 800 пұт бидай жеткізуге пайдаланылып, алғашқы сапарын орындап шыққан кемеге қайта жөндеу қажеттілігіне орай зор шығын талап етілген соң, кеме күрделі жөндеу жасалмастан бөлшектеліп, сатылған. Іле өзені арнасымен Сүйдін айлағына жасалған бұл сапарға Дала генерал-губернаторлығы назар аударып, Колпаковскийдің тапсырмасымен әскери топограф Креков Ертіс бойындағы Семияр-Павлодар айлағынан Балқаш көліндегі Бертіс айлағына дейінгі су жолын зерттеді. Зерттеудің түпкі мақсаты Ертіс өзені су жолын Балқаш көлі мен Іле өзені су жолына жалғау арқылы Қытай иеліктерімен қарым-қатынас мүмкіндіктерін айқындау болды. Крековтың зерттеулері су жолының бұл бағытында су мөлшерінің аздығынан дөңгелекті кеме жүргізу мүмкіндігі шектеулі екенін анықтады. Осылайша, Іле-Балқаш бойымен кеме қатынасын жолға қосу бастамалары тығырыққа тірелді.
XX ғасырдың 20-жылдарында кеңестік билік тарапынан Іле пароходтығын жасау жоспары қолға алынды. 1924 жылы тамыз айында Іле өзені бойымен кеме жүргізудің мүмкіндіктерін зерттеу мақсатында арнайы экспедиция жасақталып, жолға шықты. Бұл экспедиция Іле өзенін Балқаш көлінен бастап Қытаймен жалғау мүмкіндіктерін зерттеді. Нәтижесінде Іле өзені жүк тасымалын атқару үшін ыңғайлы әрі арзан тәсіл ретінде анықталды. 1926 жылдан бастап Іле кеме қатынасы ұйымдастырылды. Осы жылы Іле өзеніне Түркіменстанның Чарджоу кеме жөндеу зауытында жасалған екі бұрандалы «Коммунар» және «Қазақстандық» қайықтары түсірілді.
Іле өзені бойымен кеме қозғалысын жолға қою үшін қажетті отын көзі туралы сұрақ маңызды болды. Қазақ АКСР халық комиссарлар кеңесі комиссиясының төрағасы Ә.Әлібеков кеме қозғалысы үшін таскөмір немесе сексеуіл қажеттілігін ескеріп, Жетісу губерниялық жоспарлау бөліміне аталған отын түрлерінің қорын, оның жеткізу жолдарын анықтауды тапсырған. 1926 жылдың 7 қыркүйегінде жоспарлау бөлімі төрағасының орынбасары Шебалин орман бөлімінің анықтамасы негізінде болашақ кеме қатынасы мекемесі үшін қарағайдың текше метрін 25-30 сомнан сатып алынатынын хабарлаған. Таушелектен Шелек өзені арқылы Ілеге қарай ағызу мүмкіндігі нақтыланды. 1926 жылдың жазында Ленинградтан арнайы зерттеу экспедициясымен келген Геологиялық комитетінің тау инженері Андрей Кириков Қалқан шатқалындағы таскөмір қоры бойынша зерттеу жүргізген.
1926 жылдың 4 қыркүйегінде Жетісу губерниялық орман бөлімі бұл мәселеге орай біршама ақпарат береді. Іле бойындағы тоғайларда жыл сайын сексеуіл, тораңғы және басқа да ағаш түрлерінен 30 000 түп, яғни 4 500 000 пұт отын дайындауға болатынын көрсеткен. Отынды дайындау пункттері Іле өзенінің тұтас бойында, Қытай шекарасынан Балқаш көліне дейін созылып жатты. Бір текше метр отынды жеткізу бағасы 12-20 сом аралығында болатыны, өзінің құны 4-6 сомды құрайтыны анықталды. Кеме қатынасына керек отынды дайындау үшін жергілікті халықты олардың науқандық жұмыстардан бос кезеңі – 1 қазан мен 1 сәуір аралығында жұмылдыру ескертілді. Мұны орман бөлімінің меңгерушісі А.Мартаков хабарлаған.
1927 жылы Іле өзенінде кеме қатынасы ашылды. Архив құжаттары Іле өзеніндегі қозғалыс 25 наурызда ашылып, 12 қарашада жабылатынын, ал Балқаш көлінде 25 сәуірде ашылып, 27 қарашада жабылатынын көрсетеді. 1932 жылы кеме қатынасы мекемесінде көрсетілген жоспарға сай, Балқаш көлінде 90 000 тонна, Іле өзенінде 15 946 тонна, жалпы бассейн бойынша 95 946 тонна жүк тасымалдау міндеттелді. Іле флотында жолаушылар тасымалдау мүмкіндігінің жоқтығына қарамастан, 1932 жылы Балқаш көлі мен Іле өзені арқылы 5 660 қоныс аударушыны қоса есептегенде, жалпы саны 14 536 адам тасымалданған. Кей жылдары Іле өзеніндегі су қорының азаюына байланысты Іле-Балқаш бойымен жүк тасымалы жоспары орындалмай қалған. Су жолдарында кемелердің апатқа ұшырауы да орын алып тұрған. 1932 жылғы мәліметтерге сәйкес, 19 су апаты болып, жалпы көлемі 82284 сом шығын келген. Су кемелерінің апатқа ұшырауына олардың суасты заттарға ұрынуы, жағалауға соқтығысуы, тесіліп суға батуы, басқару қондырғыларының бұзылуы себеп болған. 1932 жылы КСРО су халық комиссариаты өзен пайдалану-техникалық басқармасы бүкілодақтық кеме жасау және кеме жөндеу бірлестігімен Балқаш көліне 300 индикаторлық күші бар үш пароход, 200 индикаторлық күші бар бір пароход және әрқайсысы 250 тоннаға жуық жүк көтеретін, қауіпсіз жүзуге арналған қосымшаға бекітілген корпусы бар жеті булы емес темір кеме жасауға келісімшартқа отырады. Іле-Балқаш өзен жолдарымен жүзетін «Ленин», «Голощекин», «Қазақстанға он жыл», «Дүнген», «Балқаш» атты кемелер болған.
Алайда кеме құрылысы келісімшартта көрсетілген мерзімнен ұзақ уақыт дайындалғанын көруге болады. 1932 жылдың 1 шілдесіне межеленген құрылыс 1933 жылдың 1 мамырына ауыстырылды. Кемелерге кететін қаржы шығыны да нақтыланды. 200 индикаторлық күші бар жолаушылар пароходын жасауға 500 000 сом, жүк тасымалдайтын баржалардың әрқайсысын жасауға 150 000 сом, жалпы көлемі 1 миллион 555 мың сом қаржы жұмсау жоспарланды. 1932 жылы Үкімет қаулысымен Балқаш көлінде жүк тасымалына арналған флот пен мыс балқыту комбинатын салу үшін көлдің Бөрілітөбе айлағында «Балхашкемежасау» мекемесі құрылды. Бөрілітөбедегі кеме құрылысының жүргізілуі бойынша арнайы есептерде құрастыру жұмыстарының межеленген мерзімнен кешіккені көрсетіледі. Кеме құрылысына қажетті материалдар да уақытында жеткізілмеген. Жұмыс күшінің сырттан әкелінуі де құрылыс екпінін баяулатқан. Сондықтан кеме құрастыру жұмыстарына жергілікті тұрғындарды тарту назарға алынды. Құрылыс басқармасы есептерінде жергілікті қазандық жасаушылар Алдасүгіров, Таймасовтардың аттары аталып, бұлардан өзге от жағушы қазақ әйелдерінің жұмыс істейтіні көрсетілген. 1933 жылдың басына қарай мұнда жұмыс істеген 120 адамның 75-і қазақ, оның ішінде 8-і әйел болған.
1947 жылы Бертіс айлағы Балқаш пайдалану учаскесі болып қайта құрылып, ол дербес бөлімше мәртебесін алды. Іле-Балқаш кеме қатынасы мекемесі кәсіподағының топтық комитеті мәжілістерінде су жолдарымен жүк тасымалы сияқты шаруашылық мәселелермен қатар, жұмысшылардың әлеуметтік-мәдени жағдайын жақсарту да қарастырылды. Өзен жолдарымен жүк тасымалын жүзеге асыру жұмыстары бойынша «Байкал», «Островский», «Витим» катерлері көзге түскен. Озық нәтижелер байқатқан жұмыскерлерге жергілікті «Қазақстанға – 10 жыл» демалыс үйіне, Пятигорск, Барнауыл, Түрксіб курорт-емдеу орындарына жолдама берілген. 1957 жылдың аяғында Іле-Балқаш пароходтығына қарасты өзен жолдарында жалпы саны 428 кеме болған. Іле-Балқаш кеме қатынасы мекемесіне қарайтын «Аяққалқан» емдеу-сауықтыру курорты жұмыс істеді. Кеме қатынасы клубында кино көрсету жолға қойылды. Мектеп оқушылары жазғы демалыс кезінде матрос ретінде жұмыс істеген.
1959 жылдың 29 қаңтарындағы Қазақ АКСР Министрлер кеңесі қаулысына сәйкес, 1 сәуірден бастап Іле-Балқаш кеме қатынасы одақтық өзен флотының бас басқармасына қарасты жеке пайдалану учаскесі ретінде қайта құрылды. Іле өзеніндегі пайдалану учаскесінде 800 адам жұмыс істеген. Іле өзенінің бойымен 600 шақырым аумақты қамтитын пайдалану учаскесі өзен транспортын Қытай Халық Республикасымен жалғады.
Қазақстанның су қатынастарында маңызды артерия саналатын Іле-Балқаш кеме қатынасының бастауын әйгілейтін жоғарыдағы архив қорларынан алынған тарихи деректер өткеннен осылайша сыр шертеді.

Асқар ЫДЫРЫС,
Алматы облыстық мемлекеттік архивінің
қойма меңгерушісі

↑