Қаскелең қаласында балаларға арналған «Ақылдым» түзету орталығының ұжымы жаңа қонысқа ие болды. Жөндеуден өтіп, заманауи талапқа сай жабдықталған ғимаратқа көшкен орталықтың қонысына педагогтер де, ата-аналар да, балалар да қуанышты.
Бір атап өтерлігі, бұл игі бастама сонау 2019 жылы дамуында қиындықтары бар балалардың ата-аналарына көмектесуге деген ынта-жігері мол кәсіби педагог Анар Қилыбаеваның жеке ұмтылысымен ашылған еді.
Алғашқыда сабақтар үйдің жанындағы шағын уақытша ғимаратта өткізілді. Бастапқы кезеңде бар болғаны үш-төрт бала қамтылды. Кейін мұнда білім алуға ниетті балалардың саны әлдеқайда көп екені белгілі болған соң, орталыққа тұтас бір үй берілді. Енді, міне, жолдасы Ержан Иманқұловтың қолдауымен Анар өз білім беру мекемесінің ерекшеліктерін ескере отырып, ғимаратты толық жөндеуден өткізді. Негізінде, бұл орталық тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы десе болады.
Мұнда бүгінде нағыз кәсіби мамандар еңбек етеді. Орталық жетекшісі Анар Қилыбаева – нейропсихолог әрі ойын терапевті. Жазира Меземхан мен Сәнім Өміртаева – бейімделген дене шынықтыру (БДШ) бойынша жаттықтырушылар, сондай-ақ балаларды мектепалды даярлаумен айналысады. Дария Мырзақұлова – логопед-дефектолог, Өміргүл Жанатхан – логопед әрі психолог, Гүлмира Сәрсенбаева – логомассаж және сенсорлық интеграция бойынша маман. Мерекелік шара барысында олардың әрқайсысының еңбегі атап өтіліп, Алғыс хаттармен марапатталды.
Ал орталық мамандары мен ата-аналарды жігерлендіретін ұран қарапайым болғанымен, мағынасы өте салмақты сөздерден тұрады: «Балалардың сөйлеуі мен ойлау қабілетін дамыта отырып, олардың жарқын болашаққа жолын ашу!»
Орталық жетекшісінің айтуынша, сабақтар бағдарламасына бейімделген дене шынықтыру, нейропсихология, сенсорлық интеграция, Томатис терапиясы, нейропорт терапиясы (ТЛНС), Фохо массажы, нүктелік массаж, логомассаж және басқа да бағыттар кіреді.
– Бейімделген дене шынықтыру (БДШ) – қимыл үйлесімділігін, бұлшықет тонусын дамытатын және психологиялық кедергілерді жеңуге көмектесетін спорттық-сауықтыру шаралары мен жаттығулар кешені, – дейді Анар Қилыбаева.
– Нейропсихология адамның ми қызметі, психикалық процестері мен мінез-құлқы арасындағы байланысты бақылау үшін қажет. Томатис терапиясы музыка мен дыбыстар арқылы миды жаттықтырады. Нейропорт (ТЛНС) тіл рецепторлары арқылы берілетін жеңіл электр импульстерінің көмегімен ми мен жүйке жүйесінің қызметін қалпына келтіруге ықпал етеді. Массаждың әртүрлі түрлерінің де пайдасы зор. Біз әр балаға жеке тәсілмен қараймыз, арнайы диагностикалық карта әзірлейміз, содан кейін нәтижелерін бақылап отырамыз. Орталықтағы сабақтар үш айға есептелген. Оның қорытындысы бойынша 80 пайызға дейін оң өзгерістерге қол жеткізуге болады. Көзбен көрген нәтижелеріміз – жұмысымызды әрі қарай жалғастыруға беретін үлкен мотивация.
Көріп отырғанымыздай, орталықтың жұмысы мектепке дейінгі жастағы балалардың сөздерді анық айтуына және үйлесімді дамуына көмектесуге бағытталған. Бұл – ерекше балалардың ата-аналары үшін үлкен қолдау. Өйткені олардың көпшілігі кейде тығырыққа тіреліп, үмітсіздікке бой алдырады. Ал «Ақылдым» орталығының арқасында олар үмітке ие болып, мамандармен бірлесе отырып, балаларының бойындағы қабілеттерін ашуға және белгілі бір жетістіктерге жетуіне мүмкіндік алады.
– Мұнда өте жақсы жағдай жасалған. Ең бастысы – білікті мамандар еңбек етеді, – дейді ата-ана Мейірім Докторбекқызы.
– Мұнда өткізілетін сабақтардың ешқайсысы зая кетпейді. Нәтижесі көзге көрініп тұр. Оның үстіне балалар мұнда ықыласпен, қуана келеді. Меніңше, бұл өте маңызды. Қаскелең қаласында осындай орталықтың жұмыс істеп тұрғаны қандай жақсы.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы

