Алматы облысының орталығы Қонаев қаласындағы «Айша сити» базарында «Дала дәмі» атты ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өз жалғасын тапты. Қала тұрғындары мен қонақтары жаңа жиналған ауыл шаруашылығы өнімдерін, маусымдық көкөністер мен жеміс-жидектерді және басқа да отандық тауарларды қолжетімді бағамен сатып ала алады.
Таң атпай «Айша сити» базарын жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Бірі ет алуға асықса, енді бірі көкөніс пен басқа да қажетті азық-түлікті қамдап қалуға тырысты. Сауда қыза келе сөрелердегі өнімдер де сирей бастады. Жәрмеңкеге келген қала тұрғындарының бірі Ақмарал Әсенова ет сатып алып, бағаға көңілі толатынын жеткізді. «Бағасы көңілімнен шығады. Қажетті азық-түлікті қолжетімді бағамен алуға мүмкіндік бар. Ет бағасы ұшып тұрғанын білесіздер. Сондықтан осында ет үшін келіп, әжептәуір ақшамды үнемдеп, он шақты келісін алдым. Азғантай зейнетақыға қарап отырған бізге салса, әлде де арзандай түскенін қалаймыз ғой. Алайда бұл да айтарлықтай демеу», – дейді ол.
Өнімдердің жергілікті жерде өндіріліп, тұтынушыға тікелей жол тартуы олардың сапасы мен балғындығына деген сенімді арттыра түсетіні анық. «Жергілікті өнімнің делдалсыз немесе қысқа сауда тізбегі арқылы тұтынушыға жетуі бағаның тұрақтылығына да оң әсер етеді. Мұндай жәрмеңкелер ауыл шаруашылығы саласының аймақ экономикасындағы маңызын айқындай түседі. Егін егіп, мал бағып, өнім өндіріп отырған шаруалар үшін өз еңбегінің нәтижесін тікелей тұрғындарға ұсыну – нарықты кеңейтудің бір жолы. Сонымен қатар жергілікті кәсіпкерлерді қолдау ауылдағы өндірістің дамуына, жаңа жұмыс орындарының қалыптасуына және отандық өнім көлемінің артуына ықпал етеді. Мұндағы өнімдердің барлығы сапа стандарттарына сай»,– дейді облыстық Кәсіпкерлік және Индустриялды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Әдіс Сейдахметов.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің бастамасымен ел аумағында өтіп жатқан «Дала дәмі» атты жәрмеңке Алматы облысы көлемінде 19 қыркүйекте басталды. Барлық аудан мен қалада әр сенбі сайын өткізілуде. «Бұл игі шара бүгін Қонаев қаласында ұйымдастырылып отыр. Жәрмеңкеде 2025 жылы Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес бекітілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары сатылуда. Оның ішінде ет, сүт өнімдері, көкөністер, жеміс-жидектер, дәнді-дақыл және басқа да өнімдер бар. Отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жан-жақты қолдау білдіру, өнімдерді өткізу нарығы мен мүмкіндіктерін кеңейту, тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді отандық өнімдермен қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға тұрақтылығын сақтау бағытында қолға алынған «Дала дәмі» жәрмеңкесінің өзіндік ерекшеліктері бар. Атап айтқанда, арнайы баннерлермен, логотиптермен және сатып алушы тұрғындарға арналған фотозонамен қамтылған. Жәрмеңкені жыл соңына дейін өткізу жоспарлануда. Өткен аптада жәрмеңкеде болыс бойынша 150 тоннадан астам тауар саудаланды, – деді Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Шымболат Құрманғали.
«Дала дәмі» жәрмеңкесі кәсіпкерлер мен шаруалар үшін өз өнімдерін таныстырып, тұтынушылармен тікелей байланыс орнатуға берілген жақсы мүмкіндік екені анық. «Жәрмеңке өзіміздің кондитерлік өнімдерді ала келдік. Мұндағы жұрт торттарым бен тәтті тоқаштарымызды және басқада өнімдерімізді көптеп сатып алып жатыр. Сөрдегілердің бәрі – табиғи таза өнімдер. Сонымен қоса Халал сертификатына ие. Бағаларымыз қолжетімді. Келесі жолы тіптен көп өнім түрін жәрменкеге әкелуді жоспарлап отырмыз», – дейді Талғар ауданынан келген Мұхит есімді кәсіпкер.
Ең бастысы – дала төсінде маңдай термен өндірілген өнімнің халық дастарханына жетуі. «Дала дәмі» осы еңбектің нақты нәтижесін көрсеткен игі бастамалардың бірі болды.
Ерзат АСЫЛ
Қонаев қаласы

