Облыс әкімі Шыңғыс Әрінов Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Туба Алан Өзденфедакармен кездесті. Жүздесуде екіжақты сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық және білім беру саласындағы ынтымақтастықты арттыру барысы талқыланды.
Бүгінде Қазақстан мен Түркия арасында берік дипломатиялық байланыс орнаған. Мәселен, соңғы 20 жылда түрік компаниялары еліміздің экономикасына 6 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Ал Қазақстанның бауырлас елге құйған инвестиция көлемі 2,5 миллиард доллардан асты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Түркия мен Алматы облысы арасындағы тауар айналымы 231 млн долларға жетті. Қазіргі таңда өңірде түрік капиталының қатысуымен құрылған 147 кәсіпорын жұмыс істейді. Сонымен қатар облыста қос тарап бірлесіп құрған 31 кәсіпорын бар. Олар құрылыс материалдары, сүт өнімдері, фармацевтика, пластмасса, кондитерлік өнімдер және сусын өндірісі сияқты салаларды қамтиды.
Кездесу кезінде облыс әкімі Шыңғыс Әрінов екі бауырлас халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи, мәдени және рухани байланысына негізделген стратегиялық әріптестік қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

«Қазіргі уақытта өңірде түрік капиталының қатысуымен бірқатар табысты инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Олардың қатарында өнеркәсіптік өнімдер өндіру және химия өнеркәсібі саласындағы жобалар бар. Біз түрік инвесторларымен бірлескен өндірістер ашуға, озық технологиялар тартуға және экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды дамытуға мүдделіміз. Өз тарапымыздан оларға жан-жақты ақпараттық қолдау көрсетуге және жобаларын іске асыру мәселесін тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп қарастыруға дайынбыз», – деді аймақ басшысы.
Шыңғыс Сайранұлының айтуынша, мәдени-гуманитарлық байланысты дамыту да – маңызды бағыттардың бірі. Бүгінде еліміздегі түрік этносының төрттен бір бөлігі Алматы облысында тұрады. Өңірде 2005 жылдан бері «Ахыска» түрік этномәдени орталығы жұмыс істейді. Соңғы үш жылда облыстағы қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар колледжінің 50 студенті Түркия еліне барып, тәжірибе жинады. Сондай-ақ 25 өндірістік оқыту шебері тағылымдамадан, 4 педагог біліктілікті арттыру курсынан өтті. Биыл Түркияның «Anadolu Turizm Mesleki ve Teknik Anadolu Lisesi» оқу орнымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік туды.
Жиын барысында Бас консул Туба Алан Өзденфедакар екі ел арасында достық пен сенімге негізделген стратегиялық серіктестік орнағанын жеткізді.
«Қазақстанда 3800-ден астам түрік кәсіпорны тіркелген, олардың жартысынан астамы Алматы қаласы мен облысында орналасқан. Сондай-ақ түрік құрылыс компаниялары Қазақстанда жалпы құны 30 миллиард долларды құрайтын 500-ден астам жобаны жүзеге асырды. Қазіргі таңда қорғаныс өнеркәсібі, энергетика және авиация саласында да әріптестігіміз қарқынды дамып келеді. Қазақстан – тоғыз жолдың торабында орналасқан логистикалық орталық. Сондықтан кәсіпкерлер мен инвесторлардың басын қосып, өңірде жаңа жобаларды іске асыруға, әкімдікпен бірлесе жұмыс істеуге мүдделіміз», – деді Туба Алан Өзденфедакар.
Кездесу қорытындысында қос тарап екіжақты байланысты әрі қарай жетілдіруге және туындаған мәселелерді бірлесіп шешуге уағдаласты.
Гүлзат БАЙҚОНЫС

