Қазақтың дана да дара перзенті Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған игі шара Балқаш ауданында да өтті. Бақанас ауылында өңір тұрғындары мен келген қонақтар ұлы тұлға ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым жасады. Ескерткіш алдында естелік суретке түсті.
Алыстан ат терлетіп келген қонақтар аудандық Мәдениет үйі мен кітапхана, өлкетану музейінің қызметкерлері бірлесіп ұйымдастырған, сән-салтанаты келіскен көрмені тамашалады. Онда Димекең жайында жазылған кітаптар, тіршілігінде өзі ұстаған бұйымдар таныстырылды.
Өз дәуірінің кемеңгері, дана халықтың дара перзенті, елу жыл ел ағасы атанған Дінмұхамед Қонаевтың туған күніне орай ұйымдастырылған еске алу кешінде Димекеңнің өмір жолы мен қызметі жайында жинақталып, арнайы дайындалған деректі фильм көрсетілді. «Заманның заңғар тұлғасы» тақырыбындағы іс-шараның шымылдығын түрген Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов ұлы тұлғаның ел-жұртына сіңірген еселі еңбегін тілге тиек етіп, Димекеңнің есімін жастарға ұлықтау мақсатында өңірде ұйымдастырылған бірқатар іс-шараға тоқталып өтті. Сонымен қатар кешке арнайы келген облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев, Балқаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев сөз кезегін алып, Дінмұхамед Қонаевтың халқына жасаған игі істерін айтып, ақыл-парасатын әңгімеледі.
Дана халықтың дара перзентін еске алуға арналған кеште «Құлансаз» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің мүшелері және балқаштық өнерпаздар әуелете ән шырқап, мың бұралған бишілер би билеп, күмбірлете күй шерткен домбырашылар мәдени шараның көрігін одан әрмен қыздыра түсті. Мәдени шара соңында «Ақ отау» мейрамханасында жерлестері арнайы ас беріп, Димекең рухына құран бағышталды. Дастарқан басында тұлға жайында естеліктер айтылды.
Бақтығали Дәуітбаев,
Балқаш ауданы