Алматы облысындағы іргелі аудандардың бірі – Балқаш ауданы. 28 елді мекен мен 15 ауылдық округ кіретін аймақтың негізгі экономикалық өндіргіш күші – ауыл шаруашылығы. Ақ күрішімен атақты ауданда өткен жылы нақты көлем индексі 103,5%-ды көрсетіп, жалпы ішкі өңірлік өнім 62 млрд. 114,2 млн. теңгеге жетіп жығылды, — деп хабарлайды өңірілік коммуникациялар қызметі.
Балқаш ауданындағы егіс алқабының көлемі 30 мың гектардан асады. Соның ішінде, жаздық дәнді дақылдар 14614,5 гектар аумақты алып жатыр. Өткен жылы осы егістіктің 6917,5 гектар жеріне күріш өсірілген. Халқын ақ алтыны асырап отырған ауданда өткен жылы 30160 тонна күріш алынып, орташа өнімділік 43,6 ц/га жетті. Диқандарды мемлекет тарапынан қолдау тұрақты түрде жүзеге асырылған. Мәселен, былтыр көктемгі дала жұмыстарына 811 тонна, күзгі дала жұмыстарына 747 тонна арзандатылған дизель отыны берілген. Биылға жағар-жанармайға қажеттілік 520 тоннаны көрсетіп, сұраныста жіберіліп үлгерген. Балқаш ауданындағы халықтың басты табыс көздерінің қатарында мал шаруашылығы да бар. Қазіргі таңда ауданда 839 шаруа қожалығы тіркелген. Сәйкесінше, аймақтағы ірі-қара мал 96100 басқа жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 105,2 пайызға өсті.
2023 жылы ет өндірісі 107,2 %-ға артып, 20500 тонна тірі салмақты ет өндірілді. Аудан көлемінде асыл тұқымды ірі қара малын өсіру қарқынды дамуда. Бүгінде «Динара Ранч» ЖШС, «Желтораңғы» ЖШС, «Бірлік АЖА» ЖШС, «Жақсылық», «Марқа» және «Руслан» шаруа қожалықтары асыл тұқымды 20573 бас ірі қара малын өсіріп, асылдандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Бүгінгі күні, сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамыту мақсатында былтыр «Динара Ранч» ЖШС-і 1,2 млрд. теңгеге 1000 бас «Голштейн» тұқымды сүтті ірі қара мал басын сатып алып, тауарлы сүт фермасын кеңейтті»,-деді Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов.
Сүт фермасында Ирландия елінен алынған «Dairymaster» сүт сауатын құрылғысы орнатылған. Фермада 85 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мұнда күніне 25-30 тонна сүт өндіріледі.
Ауылдағы ағайынның әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін, ауданда біршама мемлекеттік жобалар іске асырылуда. Атап айтар болсақ, «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында бүгінгі күнге дейін 81 тұрғын 553,5 млн.теңге қаражат алды. «Кең Дала» бағдарламасы бойынша 9 жоба әзірленіп 147,5 млн.теңге, «Агробизнесте» 29 жоба дайындалып 589,8 млн.теңге, «Іскер» бойынша 4 жоба әзірленіп 24,7 млн. теңге несие берілді.
Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 14,0 млн. теңгеге инновациялық грант бөлінді.
Азат Үкітайұлының айтуынша, мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдау нәтижесінде ауданда 20 жаңа шағын кәсіп ашылды. Балқаш ауданында 2589 шағын бизнес субьектісі тіркелген. Мұнда 6145 адам жұмыспен қамтылған.
Өндірісі өркендеген ауданда тұрғындардың тұрмысына қолайлы жағдай жасау ісі де назардан тыс қалған емес. Қатты отынның әлегінен құтылған тұрғындар саны артып келеді. Қазіргі таңда Бақанас ауылының ішкі газ желілеріне газ беріліп, 150 үй көгілдір отынға қосылды.
«Бұл жұмыстар жалғасуда. Жыл аяғына дейін Бақанас ауылында 700 үй, Ақдала ауылында 300 үй, Бақбақты ауылында 400 үй, Бірлік ауылында 200 үй, Миялы ауылында 100 үй, Бояулы ауылында 30 үй, барлығы 1730 үй газға қосылатын болады. Сондай-ақ Ақжар, Ақкөл, Үшжарма, Бура, Береке ауылдарына газ желісін тартуға ЖСҚ дайындалып, сараптамадан өткізілуде»,-деді өз сөзінде Балқаш ауданының әкімі.
Сонымен қатар, бұқара үшін жол мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін тауып жатыр. Аудан бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы -240,4 шақырым. Ресми мәлімет бойынша, қара жолдың 33 пайызының жағдайы жақсы, 27 пайызы қанағаттанарлық деңгейде, ал тозығы жеткен күре жолдың үлесі 40 пайыз.
«Ауданның ішкі жолдары бойынша 7 жобаның орташа жөндеу жұмыстарына 765 млн. теңге бөлінді. Ашып айтар болсам, Ақжар ауылындағы Бәрібаев көшесіне 59 млн. теңге, Бақанас ауылындағы Алтынсарин көшесіне 84 млн. теңге және ауыспалы нысан Бақанас ауылындағы Солтүстік-Батыс көшелерінің құрылыс жұмыстарына 512 млн. теңге бөлініп, барлығы 9,8 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде»,-деп атап өтті спикер. Сонымен қатар аудан аумағында 516 шақырым облыстық маңызы бар жолдар бар. Соның ішінде өткен жылы «Топар-Ақжар» жолынна 511 млн.теңге бөлініп, 12 км жол тегістеліп, асфальт төселді.
Баспасөз мәслихаты барысында Азат Үкітайұлы ауыз су мәселесінеде тоқталды. Сөзіне сенсек, аудандағы 20 елді мекен орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Жалпы, Балқаш жерінде ауыз су жүйесінің ұзындығы – 175,8 км. Елді мекенге шаққанда ауыз сумен қамтылу 71,4% болса, халық санына шаққанда таза ауыз сумен қамту 95,5 пайызды құрады.
Еске саламыз, Балқаш ауданында құрылыс жұмыстарының қарқыны жоғары. Өңірде соңғы 11 айда құрылыстағы нақты көлем индексі 102,4%-ға жетті.
«2023 жылы 1400 шаршы метр 20 жалгерлік тұрғын үй қолданысқа өтті. Жеке сектор есебінен 1790 шаршы метрлік 18 тұрғын үй кілті табысталды. Ал, биыл Бақанас ауылында жалпы сомасы 1 624,7 млн.теңге болатын екі бірдей жалгерлік тұрғын үй құрылысы жүргізілуде»,-деді Азат Құтпанбетов.
Жиын соңында аудан басшысы аймақтың туристік әлеуетіне шолу жасады. Айтуынша, ауданда 28 туристік нысан жұмыс істеп тұр. Статистикалық деректерге сүйенсек, соңғы 11 айда 859 туристке 50 млн. 378 мың теңгенің қызметі көрсетілді. 2022 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 118,6%-ға ұлғайған.