Жаңартылған сот жүйесінің бірі – алқабилер соты. Елімізде «Алқабилер туралы» Заң күшіне енгеннен бері алқабилердің қатысуымен қылмыстық істер облыстық және оған теңестірілген соттарда қаралуда. Алайда алқабилер жайлы тұрғындардың көпшілігі толық біле бермейді. Осы орайда оқырмандарға алқабилер соты жайлы ақпарат беру мақсатында облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Қанат ЖАНТАСОВПЕН әңгімелескен едік.
– Қанат Қашқынұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында алқабилер тек аса ауыр қылмыстар бойынша үкім шығара алатынын, бұл саланы одан әрі дамытып, қарауына берілетін істердің санатын кеңейтуді атап өткен болатын. Президент тапсырмасына сәйкес алқабилер сотында қандай жаңашылдықтар бар?
– Қазақстанда аса ауыр қылмыстар алқабилер сотының қарауына өтті. Сенат отырысында «ҚР Қылмыстық процестік кодексіне сот алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санаттарын кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» Заң қабылданған болатын. Биыл 1 қаңтарда қолданысқа енген аталған Заңда аса ауыр қылмыс қана емес, алқабилердің соттылығына жататын қылмыстардың басқа да санаттарын қарау бойынша саны ұлғаяды. Сонымен қатар, биылдан бастап алқабилер сотының қарауына Қылмыстық кодекстің бірқатар бөліктері ұсынылып отыр. Олар – 116-баптың 2,3-бөлігі (адамның дене мүшелерін заңсыз алу), 146-баптың 2-3 бөлігі (азаптау), 249-баптың 2-бөлігі (рейдерлік), 317-баптың 4-бөлігі (медициналық қызметкердің әрекеттерінен абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелу), 335-баптың 4-бөлігі (балықты заңсыз аулау), 337-баптың 4,6-бөлігі (ауыр салдарға әкелген заңсыз аң аулау), 345-баптың 4бөлігі (көлік құралын басқарғанда абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген жолкөлік оқиғасы), 345-1-баптың 4-бөлігі (көлік құралын мас күйде басқарып, екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы), 346-баптың 5,6-бөлігі (көлік құралын басқару құқығынан айырылған және мас күйде көлік басқарғанда адамның өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы). Мұның сот қызметін жетілдіруге, азаматтардың сотқа деген сенім деңгейін арттыруға септігін тигізетіні анық. Сондай-ақ, азаматтық қоғамның сот төрелігін іске асыру рәсіміне қатысуын жандандырып, қоғамның құқықтық мәдениеті мен санасын арттырып, сот төрелігін іске асыру нәтижелеріне қанағаттану деңгейін жоғарылатуға мүмкіндік береді.
– Алқабилер қалай іріктеледі, оларға қойылатын талаптар мен жүктелетін міндеттер қандай?
– Елімізде уақыт талабына сай жұмыс істеп жатқан алқабилер соты сот төрелігін жүзеге асыруда заңдылық пен әділдіктің кепілі болуы тиіс. Кез келген адам алқабилер сотының мүшесі бола алмайды. Сондықтан алқаби болу – зор абырой.
Алқабилерді іріктеу процесіне ел азаматтарының қатысуын қамтамасыз ету мақсатында кандидаттардың бірыңғай тізімі соттың сұрау салуы бойынша ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның ақпараттық-талдау жүйесі және «Электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілері арқылы электрондық нысанда қалыптастырылады. Мемлекеттік органдар заңға сәйкес алқабиге үміткерлердің бірыңғай тізімін қалыптастыру үшін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның ақпараттық-талдау жүйесіне мәліметтер ұсынуға міндетті.
Алқабиге үміткерлердің бірыңғай тізімі әліпби тәртібімен қалыптастырылады. Тізімде алқабиге үміткердің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), туған жылы (жасы жиырма бесте болса – қосымша күні мен айы) және тұрғылықты жері бойынша тіркелуі көрсетіледі. Алқабиге үміткерлердің тiзiміне жиырма бес жасқа толмаған, өтелмеген не алынбаған сотталғандығы бар, сот әрекетіне қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп танылғандар, судьялар, прокурорлар, тергеушiлер, адвокаттар, мемлекеттiк қызметшiлер мен әскери қызметшiлер, сондайақ құқық қорғау органдарының қызметкерлерi, психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтарының (ауруларының) себебі бойынша денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған адамдар енгізілмейді. Сонымен қатар, олардың шығу тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайлар бойынша қандай да бiр шек қоюға жол берiлмейдi. Үміткерлер тiзiмінен қылмыстық iс бойынша сот iсi жүргізілетін тiлдi бiлмейтiн адамдар, өздерінің дене немесе психикалық кемiстiгi салдарынан алқабидiң мiндетiн атқаруға қабiлетсiз адамдар, алпыс бес жастан асқандар, дiни қызметшiлер өздерiнiң жазбаша өтiніші бойынша алынып тасталады.
Алқаби сот отырысында тәртiп сақтауға және төрағалық етушiнiң заңды өкiмдерiне бағынуға, қызметін атқару үшiн, егер сот отырысында үзiлiс жарияланған немесе істі тыңдау кейiнге қалдырылған жағдайда сот талқылауын жалғастыру үшін көрсетілген уақытта келуге, сотқа келуге мүмкiндiгi болмаған жағдайда төрағалық етушiге келмеуінің себебін алдын ала хабарлауға мiндеттi.
Алқаби iстi тыңдау кезiнде сот отырысының залынан кетуге және сот құрамына кiрмейтiн адамдармен төрағалық етушiнің рұқсатынсыз iс бойынша сөйлесуге, iстi қарау барысында мәлiметтердi сот отырысынан тыс жинауға, жабық сот отырысына қатысуына байланысты өзiне белгiлi болған мән-жайлар туралы мәлiметтердi жария етуге, кеңесу бөлмесiнiң құпиясын бұзуға құқылы емес.
Алқабидiң өз мiндетін заңға сәйкес шектеулердi сақтамауы тиісті жауаптылыққа, төрағалық етушінің алқабидi iстi қарауға одан әрi қатысудан шеттетуіне әкеліп соғады.
– Алқабилердің қатысуымен қаралатын істер қалай жүзеге асырылады?
– ҚР «Алқабилер туралы» Заңы Конституцияға негізделеді және «ҚР Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңынан, ҚР Қылмыстық процестік кодексінен және ҚР өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады. Қазіргі таңда қабылданған заңдарға сәйкес алқабилердің қатысуымен қаралатын істер қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына өткізіледі.
Алқабилердің қатысуымен қылмыстық сот ісін жүргізу қылмыстық істерді қарауға және шешуге халық өкілдерін тарту болып табылады. Бұл жерде сот құрамы бір жағынан, қылмыстық оқиғаның болған немесе болмағанын анықтау және қылмыс болған жағдайда жаза тағайындау мәселелерін шешуге құқық берілген кәсіпқой емес алқабилерден, екінші жағынан, барлық мәселені құқықтық тұрғыдан шешуге құқылы кәсіпқой судьядан тұрады. Алқабилердің сот процесінде сотта қаралатын дәлелдемелерді зерттеуге қатысып, төрағалық етуші арқылы сұрақтарын қойып, сот тергеуіндегі барлық әрекеттерге қатысуға толық мүмкіншілігі бар.
– Елімізде алқабилер соты енгізілгеннен бері сот жүйесінде қандай өзгерістер байқалуда?
– Адам құқықтарын қорғау – Қазақстанның саяси күн тәртібіндегі басым бағыттардың бірі. Қылмыстық жүйедегі реформалардың ауқымы кең және ол азаматтар құқығын қорғаудың барлық бағытын қамтиды. Қылмыстық жүйені уақыт талабына сай жетілдіру, жаңғырту адамдардың конституциялық құқығы мен бостандығын қорғау тетіктерін күшейтеді және оны дамытады. Бүгінде сот жүйесіне тиімді әрі нәтижелі реформалар енгізілуде. Бұл реформалардың әділдікке қол жеткізуді көздейтінін атап өткен жөн. Мемлекет басшысы бұған дейін де сот жүйесінің алдына ауқымды міндеттерді жүктеген болатын. Міндеттерді орындау мақсатында электронды сот ісін жүргізу енгізіліп, алқабилер сотының құзыреті кеңейтілді. Сондай-ақ, жаңадан ашылған мән-жайларға сәйкес, қылмыстық істер бойынша сот актілерін қайта қарау тәртібі егжей-тегжейлі регламенттелді. Соттарда қаралып аяқталған қылмыстық істер саны жылданжылға едәуір азайып келе жатқаны реформаның ықпалы екені сөзсіз.
– Бұл жүйенің ұтымдылығы неде деп ойлайсыз?
– Қазақстандағы алқабилер сотының қызмет атқаруы – үлкен демократиялық өзгеріс. Алқабилер соты халықтың сот билігіне деген сенімін арттырады. Қазіргі қабылданып отырған заң нормаларындағы өзгерістер осыған дәлел бола алады.
– Бүгінде алқабилер сотының қарауында қандай істер қаралып жатқанын айтып бересіз бе?
– Қазіргі таңда қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының қарауында төрт аса ауыр санаттағы қылмыстық іс бар. Атап айтқанда, пара беру, адам өлтіру, есірткі, психотроптық заттарды заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу бойынша құқықбұзушылық әрекет жасаған азаматтарға қатысты істер қаралу үстінде.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Айжарық Көптілеуов