Қазақ қоғамы. Тәуелсіздікке жетсек, керемет боламыз деп лепірдік. Өз тізгінімізге ие болсақ, белбеуімізден іліп тұрған ілгешектен құтыла сала өркениеттің өзгеше шыңына екпіндей ұшып шығардай болдық. Алайда… Біз шырқау көкке самғаудың орнына шыңырауға құлап бара жатқандаймыз ба, қалай өзі? Туған тілден намыстанатын, дініміз бен ділімізден безінген кертартпа да қыңыр халық болып кеткен жоқпыз ба? Мақаланың мақсаты көпке топырақ шашу емес, жалпының ішіндегі жалқылардың оспадар әрекеттеріне көз салып, ой жүгірту ғана болмақ. Мақаланың көздегені – саяси немесе экономикалық жағдайларды сараптау емес, қоғамымыздағы әлеуметтік-тұрмыстық ахуалды ой елегінен өткізіп, «Неге бұлай болып жатыр?» деген сұраққа жауап табуға тырысу. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дегендей, тұтас ел атына намыс келтірер іс қылып жүргендердің қайдан шығатынына зер салу.
Иә, қарап отырсақ, қызын ойнатып, немересін мойнына мінгізуден емес, «бауырына басып», қойнына «алып» қос бүктеуден ләззат алатын аталардың шығып жатқанына, өз қызына өгейлік жасап, арын таптаудан рахат табатын әкелердің тексіз, жануари қарекеттеріне шамырқанып қана қоя салу қоғам үшін үйреншікті ахуалға айналып бара жатқандай ма, қалай?! Байтақ еліміздің ана өңірінен бір, мына аймағынан бір дүңкдүңк естіліп жатқан жантүршігерлік қылмыс түрлерінен аза бойың қаза болады. Әйелін ұрып өлтіргендер, күйеуін пышақтаған әйелдер, туған яки өгей қызын өксіткен әкелер мен нағашы-жиен, немере бауырлар. Тіпті, ер балаларды зорлауға дейін барып, мұндай қаскөйлер жыныс таңдамайтын болды. Құдайау, қазағым қай қылығынан тапты? Жетімінің өзін жылатпаған ел едік қой.
Осы тұста «жоғарыда тізімделген жандардың бәрінің арғы аталары қиямпұрыс қаныпезер, қанқұйлы жендет, кісі ақысын жеген озбыр алаяқ болған ба?» деген ой жаныңды жегідей жейді. Осы тұста қаласақ та, қаламасақ та, дүйім елді дүр сілкіндірген, жастайынан үлкен, жауапты да лауазымды қызметтердің тізгінін ұстаған экс-министрдің өз әйелін ұрып өлтірген әрекеті еске түседі. Бұл неге олай етті дегенде, кешегісіне көз салу көзі қарақты жанның қай-қайсысын да ойлантары сөзсіз. «Бақсам, бақа екен» дегендей, Қуандық Бишімбаевтың атасы Қозыке Бишімбаев кешегі қанқұмар Кеңес одағының қасапшы мекемесі – Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қанқұйлы жендеті болғаны мәлім болып жатыр. «Өмір бойында, қызмет барысындағы былайғы зұлымдығының құрбаны қанша болғаны өзінен басқа сол аталған мекеме мен бір Құдайға ғана аян болар? Жарияға өзі жар салған, «Егемен Қазақстан» газетінің 1996 жылғы 23 сәуірдегі №78 санына шыққан сұхбатында өз аузымен айтып берген «Жұмыскер бригаданың» ісі, сол іс бойынша жиырмадан астам отбасының ойранын шығарып, өзі ұйымдастырған кісі өліміне жауапкер еткен жазықсыз жандардың көз жасы мен наласы бумеранг сияқты айналып келіп, немересінің тағдыр жолынан көрініс берді ме екен» деген күмәнді де қисынды ой бір бүйірден мойнын қылтитады. «Бақаста иман болмайды. Ал имансыз жерде ұят болмайды». Мұны Құранда «Мән лә хаяһүн уәлә иманун ләһу» дейді.
Жарайды, бұл ел таныған, сенген бір ғана адамның тағдыры деп қоя салайық. Сонда жоғарыда сөз болған қылмыскерлердің, бүлдіршіндей ұрпағына қарап әлекедей жаланған аталардың, әкелердің және басқалардың барлығының арғы аталары мен әкелері де шетінен кісі қанын мойнына жүктеген қаныпезерлер болып, солардың арқалаған налалары ұрпақтарының алдынан шығып отыр дей аламыз ба? Хужрат сүресінің 12-аятында: «Әй, иман еткендер! Бір-біріңді аңдып, кемшілік іздемеңдер!» делінген екен. Пайғамбардың (с.а.с.) өзі де өзінің өмірінде ешбір кісінің қателігін көзіне шұқып, бетіне баспаған. Біздің де мақсатымыз сүрінгеннің балағына жұққан шаңды түгендеу емес. Өліге өкпе жүрмейтіні даусыз. Алайда нақақ кеткендердің наласының құныкері қандай жағдай болса да айыпталатыны тағы да рас. Арғысына үңіліп, бергісінің мұндай күнәға қалай батқанының себебін анықтау. Қазақтың қарғысының ең ауыры «Әруақ атсын!» Қарап тұрсақ, әруақтардың қарғысы мен жазықсыз төгілген қанының наласы бейкүнә немерені атты. Аянышты, әрине. Құдай кешірсін, Құдай аясын дейміз, басқа не айтуға болады?!
Белгілі неміс психиатры Ганс Аспергер фашистік нацистер тәрбиелеген жеткіншектердің зұлымдықтарын көріп, олардың өздері де осындай халде болу мүмкіндігін ойланбайтынын, зұлымдық көргендерге деген аяушылықтың толық жойылу себебін зерттеп, ғылыми тұжырым жасаған. Міне, сол тұжырымның негізінде Оксфорд университетінің ғалымдары зерттеу жүргізіп, адам миының ұятқа жауапты бөлігінің шамамен қас пен құлақ арасында, яғни, самай тұсында орналасқанын анықтап, аурудың патологиялық ауытқу салдарынан болатынын дәлелдеп, бұл ауруға «Аспергер синдромы» деген ат берген.
Таяуда ғана еліміздің кино экрандарынан үлкен резонанс тудырып, іздеп жүріп көрерліктей «Дәстүр» атты фильм көрсетілді. Қазіргі күнге дейін іздеп барып көріп жатқан халық баршылық. Әңгіме – аталған картинаны дәріптеу емес, сол фильмнің сюжетіне арқау болған жайт. Мектеп бітіру кешінен жаны алау атып, алдағы арманына желпіне қанат қаға шыққан өрімдей аруды сол ауылдың байшыкешінің араққа сылқия тойып алған, ешкім бетіне қарсы келіп көрмеген көргенсіз де жүгенсіз кеткен ұлы ауылдың қақ ортасында, асфальт жолдың үстінде бүркітше бүріп, арудың асыл арманының ғана емес, тұтас өмірінің тас-талқанын шығарады. Біреудің мұрнын қанатудан ләззат алып жүрген оспадар ұл күштеп үйленгелі жатқан құрбандығының өлігін көрген сәттен бастап күрт өзгереді. Әрине, жақсы жағына емес. Оның есі ауысып кетеді. Мәйітпен жыныстық қатынасқа түсіп жүргенін, келіндерінің өліп қалғанын дихотомиялық-сомнамбулалық күйде жүріп, ата-анасынан асқан шеберлікпен жасырады. Келе-келе өзінің ата-анасын өлтіреді. Неге бұлай болды? Ненің салдары? Жазықсыз құрбанның жаны шырқырап жатып сілтеген қарғысының наласы ма? Иә деп те айта аламыз. Қойшы деп қол сілтесек те қате емес.
Бұл фильмді мына жерге неге қыстырып отырмын? Бірінде фильм барысында монтаж арқылы сюжет реактивті жылдамдықпен көріліп, қабылданады. Негізгі тақырыбымыздағы тілге тиек етіп отырған қылмыстар – өмір ағынымен сырғи ағып, белгілі бір мерзім аралықтарында әлдекімнің наласы, қарғысы, үнсіз жиіркеніші мен жеккөрушілігі салдарынан әркімнің түпсанасында кенеттен немесе дүркін-дүркін бас көтеретін психикалық көңіл-күйдің вулканы. Ал оны дәстүрлі немесе дәстүрлі емес медициналық әдістермен емдеуге бола ма? Әй, қайдам?! Оның тек алдын алуға ғана болатын шығар? Алдын алғанда да әрбір адам, әр отбасы ұрпағын біреуге қиянат жасаудан, ұрлық қылмаудан, ұят болатын істен сақтандыра отырып тәрбиелеу арқылы ғана сақтануға болатын шығар? Ал тұтас халықтық тұрғыдан мұны жүзеге асыру мүмкін бе? Бұл да нақты жауабы жоқ үлкен бір сұрақ. Әсіресе, біздің қазіргі, ақпараттар тасқыны екпін алып тұрған, біреуді біреу тыңдап, құлақ асуы теріс амбицияға тіреліп қалған қоғамда өте-мөте қиын екенін қай-қайсымыз да мойындаймыз. Естіген сәтте ғана. Ары қарай, күнделікті күйкі тірліктің екпінімен ағысты бойлай ағып кете барамыз. Сонда «болды, бәрі бітті» деп қол қусырып отыра беруіміз керек пе? Тәртіп ше, заң ше?!
Осы жерде ойға мынадай ұсыныс оралып отыр. Бізде қандай қылмыс болса да, соның ішінде, әсіресе, осындай отбасылық зорлықзомбылыққа қатысты қылмыстар тергеліптексерілгенде және жазасы тағайындаларда қылмыскердің психологиялық портреті жасалып, заңға да, адамшылыққа да қайшы әрекетті істеуіне түрткі болған жайттарға баса назар аударылса, құба-құп болар ма? Сөйтіп, анықталған жайттар бойынша қоғамның тыныс-тіршілігіне ықпал етер жалпыға ортақ ереже мен тәртіп енгізілсе, жағдай басқаша өрбитін бе еді?! Дейміз ғой. Сіз не дейсіз?
Бейбіт Мекеев