Көлік министрлігінде елдегі қалааралық және қала мңындағы жолаушылар тасымалын ұйымдастыру мәселелері мен қазіргі жай-күйі талқыланды. Бұл туралы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Министр Марат Қарабаев төрағалық еткен талқылауға қалааралық және қала маңындағы жолаушылар тасымалы, таксопарктер және такси агрегаторлары саласындағы автовокзалдар мен көлік компанияларының өкілдері қатысты.
Кездесуде жүзден астам маман қалааралық, облысаралық және ауданаралық бағыттардағы жолаушылардың қауіпсіздігін арттыру, жолаушылар тасымалының заңды жолдарын дамыту жөніндегі идеяларды және коронавирус пандемиясынан кейінгі автобус станцияларының қызметін қолдау мәселелерін талқылады. Мәселелерді шешу жолдары мен ұсыныстарын ортаға салды.
«Заңсыз жолаушы тасымалы көлемінің артуымен бірге күре жолдарда өлім-жітімге әкелетін жол-көлік апаттары да көбейіп отыр. Мұндай тасымалда заң мен жол ережелері сақталмайды. Сондықтан тасымалдау саласында тәртіп орнатып, оның ішінде вокзалдарды толыққанды жұмыс істейтіндей жүйелеу қажет. Осы ретте сіздермен ашық талқылау ұйымдастырып отырмыз», –деді министрлік басшысы.
Талқылау барысында ресми жұмыс істейтін автостанциялар қызметінің ауыр дағдарыста тұрғаны айтылды. Бүгінгі таңда Қазақстанның 3 облысында ғана автовокзалдар тиісті деңгейде жұмыс істеп тұр. Автовокзалдар бейресми тасымалдаушылар мен агрегаторлармен бәсекеге түсе алмай отыр. Себебі бейресми жолаушы тасымалдаумен айналысатындар мен агрегаторлар салық төлемейді, жолаушыларды сақтандыру, жүргізушілерді медициналық куәландыру, автобустарды рейске шығар алдында тексеру, техникалық базаны ұстау талаптарын орындамайды деуге болады.
Заңды тасымалдаушылар да осындай себептерге байланысты заңсыз тасымалдаушылармен бәсекелестікке төтеп бере алмайды. Көлеңкелі тасымалдаушылар қазақстандық заңнаманың талаптарын орындау, жүргізушілерді әлеуметтік қамтамасыз ету, тасымалдау қауіпсіздігі сияқты факторларға назар аудара қоймайды. Осы себептен оларға табысын үнемдеп, қызмет бағасын төмендету арқылы ресми тасымалдаушылардың алдына түсіп кетуге мүмкіндік тудырып отыр.
Кездесуге қатысқан автобус және такси жүргізушілері тағы бір маңызды мәселенің шетін шығарды. Атап айтқанда, заңсыз тасымалдау қылмыстық әрекеттерге жол ашатыны сөз болды. Мәселен, көлеңкелі салада жүрген жүргізушілер арқылы жіберілетін әдеттегі сәлемдемелердің арасында тыйым салынған заттар болуы мүмкін. Сонымен бірге қандай да бір заң талаптарын бұзған адамдардың жасырын жүруіне мүмкіндік тудырып, оларды іздеу жұмыстарын қиындатады.
Сонымен қатар inDrive және Яндекс таксимен ынтымақтасатын жүргізушілер министрге жолдардағы апаттың артуына агрегаторлар жұмысының да ықпал ететінін айтып берді. Олардың айтуынша, компаниялардың бірі жүргізушілерді шамадан тыс жұмыс істеуге материалдық тұрғыда ынталандырып, арнайы акциялар ұйымдастырып тұрады. Оның шарттарына сәйкес жүргізушілер белгілі бір тапсырыстарды орындағаны үшін жақсы бонустар алады. Мәселен, аптасына 180 және 300 сапардың тапсырысын орындағаны үшін сыйақы қарастырылған. 180 тапсырысты орындау үшін күн сайын үзіліссіз шамамен 12-13 сағат, ал 300 тапсырыс үшін 21-22 сағат жұмыс істеу керек. Осындай ынталандырулардан кейін жүргізушілер қосымша табыс үшін зорығып жұмыс істеп, салдарынан жол апаттарының саны арта түседі.
Талқылауда айтылған негізгі және басты талаптардың бірі – жолаушылар тасымалдау нарығындағы барлық ойыншылар үшін тең мүмкіндіктер жасау және заң талаптарының сақталуын барынша қамтамасыз ету болды.
Жиын қорытындысы бойынша жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін арттыру және тасымалдау нарығындағы экономикалық жағдайды жақсарту бойынша бірқатар ұсыныс қабылданды. Ол ұсыныстар жақын арада «автовокзалдар», «автобус тасымалдаушылары» және «таксопарктер мен жүргізушілер» сынды жекелеген кіші топтар арасында егжей-тегжейлі қаралмақ.