Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев арнайы іссапармен Қарасай ауданында болып, өңірдегі елдімекендердің көктем мезгілінде тасыған судың астында қалмауы үшін атқарылып жатқан жұмыстармен және Әйтей ауылының жанында орналасқан тұрмыстық қатты қалдықтарды сақтау полигонының жағдайымен танысты.
Өлке басшысы бірінші кезекте Қаскелең өзенінің жағалауында орналасқан «Rahat resort» емдеу-сауықтыру кешеніне ат басын тіреді. Бұл жерде ол алдымен «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесіне қарасты ІлеАлатау басқармасы мен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары әзірлеген көрнекі құралдармен, құжаттармен және аэроғарыштың фотосуреттерін көрді. Қаскелең өзенінің арнасын тұрақтандыру нысаны «Rahat resort» емдеу-сауықтыру кешенінің аумағында орналасқан (ұзындығы – 300 метр). Қыс мезгілінде ауа райының күрт төмендеуі салдарынан өзен арнасында мұз қатып, судың деңгейі жоғары көтерілуіне байланысты арнасынан асу қаупі туындайды. Сондай-ақ қатты жауын-шашын болған жағдайда арнадағы су көтеріліп, жағаға жақын орналасқан тұрғын үйлер мен жер учаскелерін басу қаупі жоғарылай түсетіні белгілі. Осыған байланысты өлке басшысы өзен арнасындағы нысанға күрделі жөндеу жүргізу қажеттігін тапсырды. Бұл бағытта қалыптасып отырған жағдаймен таныстырған Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов 2023-2024 жылдары ауданда 11 қауіпті аймақ анықталғанын жеткізді. Солардың қатарында 2023 жылы Кемертоған ауылының маңынан ағатын Қырғауылды өзені мен Қаратөбе елдімекеніне жақын Ақсай өзені, «Дружба» саяжай серіктестігіне іргелес «Көкөзек» су қоймасы тұрғындар үшін қауіп тудыратындай жағдайда болатын. Аталған су арналарында қажетті жұмыстар жүргізілгеннен кейін қауіп сейіле түсті. Осылайша, Қырғауылды өзенінде «Қыс – 2023» республикалық жаттығу ойындары кезінде су арнасы кеңейтіліп, қоқыстан тазартылды. Ал Ақсай өзенінде «Sarta-86» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күшімен арнаны жөндеу жұмыстары атқарылды. «Көкөзек» су қоймасын қауіпсіздендіру шараларын арнайы инвестициялық жоба аясында «Алтын демалыс» ЖШС өз күштерімен атқарып шыққан.
«Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі Іле-Алатау басқармасының басшысы Ғалымжан Баймаханов бүгіндері Қаскелең өзеніндегі селдің алдын алуға арналған құрылымдарды жөндеу және жағалауды абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын баяндады. Ғалымжан Қожахметұлының айтуынша, ұзындығы 6,2 шақырым болатын нысанды жөндеуге 12,7 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар жоба бойынша бұл жерде 205 демалатын сәкі, 12 спорт алаңын жабдықтау, өзен арнасын таспен бекіту қарастырылған.
Келесі кезекте тексерушілер қаланың жоғары жағында орналасқан «Қаскелең» экологиялық бекетіне барды. 1978 жылы салынған бөгет монолитті темір-бетоннан құйылған. Таспалы іргетастарға сүйенетін құрама бетоннан жасалған бөгеттің биіктігі 22 метр болса, жотаның ұзындығы 109 метрді құрайды. Селдің қатты ағынын тоқтату және сел мен тасқын суды мөлшерлеп өткізу үшін жасалынған нысан бүгінге дейін өз қызметін жақсы атқарып келген. Дегенмен, Марат Елеусізұлы бүгіндері саяжай үйлері, соның ішінде, «Таугүл –1», «Таугүл –2» және «Долан» елдімекендері жаппай салынып жатқан аймақта тұрғындар үшін қауіп бар екенін айтып өтті. Бұл жерде бұрындары ұзындығы – 900, ені 700 метр аумақты қамтыған топырақ көшкіні болғандықтан, қауіп әлі сейіле қоймаған. Әсіресе, тұрғын үйлердегі монша мен кәріздерде жиналған, бау-бақша егуге пайдаланылған су топырақты ылғалдандырып, көшкіннің болу мүмкіндігін ұлғайтып отыр. Осы жайларды ескере келіп, облыс әкімі қыс-көктем айларында орын алатын су тасқындарының алдын алу үшін арнайы құрылыстар жүргізіп, өзен арналарын тазалап отырудың маңыздылығын ескертті.
Осыдан кейін аймақ басшысы мен сала мамандары Әйтей ауылының аймағында орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына келді. 1989 жылы пайдалануға беріліп, кейіннен «Kaz Waste Conversion» ЖШС-ға 49 жылға жалға берілген нысан бүгіндері өз жұмысын жалғастыруда. Мұнда құрылыс және тұрмыстық қалдықтарды қабылдау, сұрыптау, қайта өңдеу шаралары атқарылады. Полигонға Қарасай, Жамбыл ауданы ауылдарымен қоса, Алматы қаласының қалдықтары жеткізіледі. Бұл жерде Алматы қаласының үлесі 90 пайызды құрайтынын айта кету керек. 2016 жылдан бері жалға алған компания полигонды жаңарту, рекультивациялау жұмыстарын атқарып келеді. Соның нәтижетінде бұл жерде өрт шығу қаупі төмендетіліп отыр. Әкімшілік ғимараты қайта салынып, жақын маңдағы жерлер абаттандырылған. Қалдықтарды қабылдау алаңы жаңартылып, сыртқы және ішкі жолдар қалыпқа келтірілген. Сол сияқты құрылыс қалдықтарын ұнтақтайтын құрылғы орнатылып, Алғабас ауылында қалдықтарды сұрыптайтын зауыт жұмыс істеуде.
Қыс-көктем айларында таулы аймақта болуы мүмкін табиғи апаттардың алдын алу жұмыстарымен және тұрмыстық қалдықтардың игерілуі жайымен танысқан Марат Елеусізұлы жауапты сала мамандарына қауіптің алдын алу мақсатында нақты тапсырма беріп, өз тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы