Облыстық мәслихат хатшысы Талғат Байеділов бастаған халық қалаулылары Талғар ауданындағы Гүлдала ауылдық округіне алдын ала жоспарланған жұмыс сапарымен келді. Халық қалаулылары мұнда бірыңғай диспетчерлік қызмет жұмысымен танысты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ләззат Ақтаеваның айтуынша, бұл қызмет аймақтың Алматы және Жетісу болып екіге бөлінуіне байланысты 2023 жылдың 18 қыркүйегінде осы ауылдағы бұрынғы жол полициясы орналасқан ғимаратқа көшіп келген. Енді бұл жерде облыстық денсаулық сақтау басқармасының Жедел және шұғыл медициналық жәрдем стансасы қоныстанып, халыққа тиісті қызмет көрсетеді.
Сапар барысында денсаулық сақтау қызметкерлері депутаттарды станса жұмысымен таныстырып, диспетчерлік қызмет туралы жан-жақты айтып берді және «Жедел жәрдем» көліктерінің жағдайын көрсетті. Халық қалаулылары Жедел және шұғыл медициналық жәрдем стансасының (ЖМЖС) диспетчері қабылдаған шақырулар қауырттылық дәрежесіне қарай қалай сұрыпталатынын және олар бригадаларға қалай хабарланатынын, сондай-ақ ЖМЖС диспетчері шақыруды қабылдаған сәттен бастап, ол бригадалардың науқастың мекенжайына қанша уақытта келетінін, GPS-навигация арқылы бригадаларға қалай мониторинг жасалатынын өз көздерімен көрді. Қазір ЖМЖС-тің диспетчерлік қызметінде 17 оператор жұмыс істейді, олардың үшеуі – аға дәрігер. Дәл осы дәрігерлер басқа диспетчерлердің жұмысын қадағалап отырады.
Оператор Аружан Қалтаеваның айтуынша, тәулігіне 4 мыңға дейін қоңырау түседі. Өткен жылы облыс бойынша 685 мың шақыру түскен, оларға 130 бірліктегі «Жедел жәрдем» көліктері қызмет еткен.
Облыстағы барлық жедел шақырулар «Көмек» бағдарламасының арқасында «103» пультіне келіп түседі. Әрбір шақыру аудиожазбамен тіркеледі. «Көмек» бағдарламасы Қазақстан Республикасының жедел медициналық жәрдем қызметі үшін арнайы әзірленген. Бағдарлама халыққа медициналық қызмет көрсетуді сандық жүйеге өткізу және автоматтандыру арқылы көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуды көздейді. Диспетчер шақыруларды 2 минут ішінде қауырттылық дәрежесіне қарай өңдеп, GPSнавигация көмегімен ең бірінші босаған және ең жақын бригаданың коммуникаторына (планшет немесе мобильді телефон) жібереді де ол көрсетілген мекенжайға барады.
Шақыруларға «Жедел жәрдем» қызметкерлері төрт дәреже бойынша: науқастың өміріне тікелей қауіп төніп тұрған, шұғыл медициналық көмек көрсету аса қажет – қауырттылық деңгейі бірінші дәрежелі; науқастың өміріне қауіп төну ықтималы бар, медициналық көмек аса қажет – қауырттылық деңгейі екінші дәрежелі; науқастың жағдайы денсаулығына зиян келтіру ықтималы бар, медициналық көмек аса қажет – үшінші дәрежелі; науқас ағзалары мен жүйелеріндегі аяқасты және айқын ауытқулар оның өмірі мен мен денсаулығына қауіп төндіру ықтималы жоқ өткір ауруға шалдыққан немесе созылмалы ауруы шиеленіскен – қауырттылық деңгейі төртінші дәрежелі жағдайлар бойынша қызмет көрсетеді.
Депутаттар назарына ЖМЖС жұмысымен жете танысуы үшін дәрігерлер тарапынан шұғыл қызметтің өткен 12 айына көрнекі жасалған сараптама ұсынылды. Онда В және С сыныптары бойынша автокөлікпен қамтамасыз ету, жедел қызмет орналасқан аудан және мекенжай, жол-көлік апаттары, бригадалардың нормативтері, созылмалы науқастардың шақырулары, қауырттылық дейгейі, санитарлық авиация шақыру бойынша жүргізілген жұмыс жан-жақты сарапталып, нақты көрсетілген.
ЖМЖС қызметінің жұмысы жайлы жан-жақты айтып, бүге-шігесіне дейін түсіндірген облыстың бас дәрігері Ләззат Ақтаева 12 қосалқы станса үшін жер телімдерін бөлу және салу мәселесіне ерекше тоқталып, оны халық қалаулыларының назарға алуын өтінді.
– Бүгінгі күні облыс бойынша Қонаев қаласында орналасқан 1 «Жедел жәрдем» стансасы, 12 қосалқы станса, ауылдардағы 61 дислокация, 144 бригада жедел медициналық жәрдем қызметін көрсетеді. Олардың бірқатары стационарлық ғимаратқа мұқтаж. «Жедел жәрдем» қызметі Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры шартының аясында республикалық бюджеттен, ал материалдық-техникалық жабдықтау жергілікті облыстық бюджеттен қаржыландырылатындықтан, мәслихат алдына науқастарға жедел қызмет көрсету үшін қосымша көліктер бөлу мәселесін өткір қойғым келіп тұр. Өйткені 35 мың тұрғынға 1 көліктен тура келеді, ал емханаларға тіркелген халықтың саны 1 582 052 адамды құрайды, – деді ол.
Өз кезегінде «Жедел жәрдем» стансасының директоры Есхат Жантоқов жергілікті бюджеттен лизингке 150 жаңа көлік алынғанын, тағы 76 көлік сатып алу жоспарланып отырғанын айтты. Бірақ халық саны жыл сайын өсіп келе жатқандықтан, соның өзі аздық етеді. Алматы облысы «Жедел жәрдем» шақыру бойынша республикада екінші орында тұр. Бұдан бөлек, ол бірыңғай диспетчерлік қызметтің артықшылықтарын да атап өтті. Мысалы, шақырулары автоматты түрде оған шығатын бригадалардың ұялы телефондарына түседі; жету уақыты қысқарады; жеделділік, көлікті мақсатқа сай бағдарлап отыру үшін онлайн тәртіпте географиялық орындарды қадағалау мүмкіндігі артады. GPS-навигацияны қолдану – баратын жерге дейін ең қысқа жолды айқындау үшін уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. WEB-портал арқылы науқас туралы мәліметтер онлайн тәртіпте медициналық мекемелерге (емханаларға) жіберіледі. Сондай-ақ, қазіргі кезде «103» бірыңғай кезекші диспетчерлік қызмет базасы негізінде тәулік бойы жұмыс істейтін CALLорталық ашылған. Бұл орталықта біліктілігі жоғары дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлері халыққа онлайн кеңес береді.
Облыстағы денсаулық сақтау және «Жедел жәрдем» қызметінің басшылығы, мамандар мен қарапайым операторлардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, жұмыстарымен жете танысқан депутаттар сапар кезінде айтылған әрбір мәселе бойынша қолдау көрсететінін айтты. Ата-бабамыз айтқандай, бірінші байлық – денсаулық. Сондықтан «Жедел жәрдем» қызметі жаңа дейгейге көтерілуі тиіс.
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы