Перейти к содержимому

Беларусь елімен байланыс

6 қаралым

Облыс әкімі Шыңғыс Әрінов Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Богданов пен Алматы қаласындағы Бас консулы Денис Мелешкинмен кездесті. Басқосу барысында Алматы облысы мен Беларусь арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, инвестиция тарту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Кездесуді ашқан аймақ басшысы Қазақстан мен Беларусь арасындағы дипломатиялық байланыстың орнағанына биыл 34 жыл толғанын атап өтіп, екі ел арасындағы қарым-қатынас стратегиялық әріптестік пен өзара сенім негізінде дамып келе жатқанын жеткізді. Әкімнің айтуынша, бүгінде өндірістік, технологиялық және инвестициялық мүмкіндіктерді біріктіруге жол ашатын экономикалық ынтымақтастықтың маңызы артып отыр.
– Алматы облысы – экономикасы қарқынды дамып келе жатқан аграрлық-индустриялық бағыттағы өңір. Соңғы жылдары облыс өзінің экономикалық позициясын едәуір нығайтып, жалпы өңірлік өнім көлемі бойынша еліміздегі жетекші бес өңір қатарына енді. Өңірдің негізгі артықшылықтарының қатарында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің ауқымды көлемі, бай минералдық шикізат базасы, дамыған өнеркәсіптік әлеуеті, индустриялық аймақтары мен инфрақұрылымы бар. Аграрлық және өнеркәсіптік әлеуеті зор, инфрақұрылымы дамыған әрі жаңа өндіріс орындарын орналастыруға мүмкіндігі мол. Соңғы жылдары облыс экономикалық позициясын нығайтып, жалпы өңірлік өнім көлемі бойынша еліміздің жетекші бес өңірінің қатарына енді. Біз Беларусь компанияларының өңіріміздің нарығына шығуымен қатар, оны ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын алаң ретінде қарастыруына мүдделіміз. Өзара қызығушылық ынтымақтастығымызды жаңа практикалық деңгейге көтеретініне сенімдімін. Облыс аумағында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Алатау қаласы құрылды. Жаңа шаһардың жалпы аумағы 89 мың гектарды құрайды. Беларусь инвесторларын қаланы дамытуға үлес қосуға шақырамыз. Инвесторлар үшін салықтық преференциялар мен басқа да қолдау шаралары қарастырылған. Біз үшін Беларусь Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту тәжірибесі ерекше қызығушылық тудырады.
– Беларусьте «Ұлы тас» индустриялық паркі, «Брест», «Гомель-Ратон», «Могилев» және басқа да еркін экономикалық аймақтар табысты жұмыс істеп жатқанынан хабардармыз, – деген аймақ басшысы өзара сауда және өнеркәсіптік кооперация мәселелеріне де тоқталды.
Ұсынылған мәліметтерге сүйенсек, Алматы облысы мен Беларусь арасындағы тауар айналымы 40,6 миллион АҚШ долларын құраған. Бүгінде өңірде Беларусь капиталының қатысуымен 11 кәсіпорын және ортақ меншік нысанындағы тағы бес кәсіпорын жұмыс істейді. Аймақ басшысы бұл бағыттағы жұмысты жандандырып, Беларусь компанияларының қатысу аясын кеңейту және өндірістерді жергіліктендіруге жағдай жасау қажеттігін атап өтті. Экономикалық әріптестік тек тауар айналымын арттырумен шектелмей, бірлескен кәсіпорындар құру, жаңа жұмыс орындарын ашу және өңдеу өнеркәсібін дамыту арқылы көрініс тапқаны маңызды екенін айтқан әкім инвесторларға қажетті қолдау көрсетіп, перспективалы жобалардың жүзеге асуына жәрдемдесуге дайын екенін жеткізді.
Одан әрі жалғасқан кездесуде Шыңғыс Сайранұлы Витебск пен Алматы облыстары арасындағы 2027–2029 жылдарға арналған Жол картасы шеңберінде ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделілік танытқаны үшін Александр Рогожникке алғыс білдіретінін айтты. Қазіргі уақытта Алматы облысында беларусь этносының 1 188 өкілі тұратынын, Талғар ауданында «Беларусь мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы жұмыс істейтініне қонақтардың назарын аударды.
Сөз кезегін алған Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Богданов облыс әкімінің жаңа қызметіне табыс тілеп, Қазақстанның оңтүстігі үшін өңірдің стратегиялық маңызын ескере отырып, кездесуге арнайы келіп отырғанын айта келе, сауда және тағы бірқатар сала бойынша екіжақты ынтымақтастықты дамыту жөніндегі ой-пікірін ортаға салды. Елшінің айтуынша, делегация өңірге дипломатиялық деңгейде ынтымақтастық перспективаларын талқылау үшін ғана емес, өз еліндегі кәсіпорындардың мүмкіндіктерін таныстыру мақсатында келгенін хабардар етті. Делегацияның құрамында өз технологияларын, жабдықтары мен өндірістік тәжірибесін ұсынуға дайын кәсіпорындардың өкілдері келіп отырғанын, перспективалы бағыттардың бірі сүтті мал және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу екенін айтты. Сонымен қатар су тазарту, коммуналдық желілердің энергия тиімділігін арттыру, ауыл шаруашылығы техникасы мен фармацевтикалық өнімдерді жеткізу салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін де ұсынды.
Басқосуда сауда мәселелеріне және қазақстандық тауарлардың ішкі нарықтағы үлесін арттыруға қатысты ұсыныстар да талқыланды. Бұл бағыттағы бастамалардың бірімен «Вelostan kz» ЖШС меншік иесі Андрей Круговых он жылдан астам уақыт Қазақстанға беларустік өнімдерді жеткізіп жүргенін, барлық облыста ұн, қант, жұмыртқа, макарон өнімдері, шай, қарақұмық, күріш, тұз және басқа тауарлар сатылатын жаңа дүкендер желісі ашылатынын айтты. Басты ерекшелігі – тауарлар үстеме бағасыз саудаланатыны. Сонымен қатар дүкендерде шамамен 40 пайыздай қазақстандық өнімдерді сату жоспарлануда.
– Біз бұл бағытты тереңірек пысықтап, әлеуметтік маңызы бар тауарларды сатып алушылар үшін одан әрі қолжетімді етуді ұйғардық. Жергілікті фермерлермен және қазақстандық өндірушілермен ынтымақтастық орнатуға ашықпыз, олармен барынша төмен үстемемен жұмыс істеуге дайынбыз. Делдалдар санын қысқарту маңызды. Сонда отандық өнім тұтынушыға неғұрлым қолжетімді бағамен жетеді, – деді Андрей Круговых.
Кездесуді қорытындылаған Шыңғыс Сайранұлы Алматы облысы Беларусь Республикасымен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайын екенін атап өтіп, бұл ретте облыс әкімдігі тарапынан қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

↑