Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Қарасай ауданы: халық саны өсіп, экономикалық әлеуеті артып келеді

Қарасай ауданы: халық саны өсіп, экономикалық әлеуеті артып келеді

41 қаралым

Қарасай ауданы – Алматы облысында халық саны қарқынды өсіп келе жатқан өңірлердің бірі. Соңғы он жылда аудан тұрғындарының саны 155 мың адамға немесе 40 пайызға артты. Бүгінде мұнда 386 мың адам тұрады. Халық санының өсуіне Алматы қаласына жақын орналасуы, көлік-логистикалық мүмкіндіктері мен жаңа жұмыс орындарының ашылуы ықпал етуде.

Урбандалу үдерісіне байланысты әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту өзекті болып отыр. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Жасұлан Естенов баяндады.

Экономикаға 803,7 млрд теңге инвестиция тартылды

2023 жылдан бері ауданның негізгі капиталына 803,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Осы кезеңде ірі кәсіпорындар мен логистикалық нысандар іске қосылып, 17 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Тек биылдың өзінде 4 775 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар жалпы құны 130 млрд теңгені құрайтын 20 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Қарасай ауданы облыстағы өнеркәсіп өндірісінің 25 пайызын қамтамасыз етеді. Мұнда 19 ірі және орта кәсіпорын жұмыс істейді. Ал шағын және орта бизнес саласында 33 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, 62 мың адам еңбек етеді.

Әлеуметтік инфрақұрылым дамып келеді

Соңғы төрт жылда ауданда 13 жаңа мектеп пен 3 қосымша ғимарат салынды. Нәтижесінде үш ауысымды оқыту мәселесі толық шешілді. 2026–2027 оқу жылында білім беру ұйымдарында 106 мыңнан астам оқушы білім алуда. Ал 200 балабақшада 13 мыңнан астам бала тәрбиеленеді.

Денсаулық сақтау саласында Абай және Үштерек ауылдарында жаңа дәрігерлік амбулаториялар ашылды. Қаратөбе ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар аудандық ауруханаға күрделі жөндеу жүргізілуде. Қаскелең қаласында перинаталдық орталық пен көпбейінді балалар ауруханасын салу жоспарланған.

Инженерлік және жол инфрақұрылымы жаңартылуда

Ауыз сумен қамту бағытында Жаңатұрмыс, Қаратөбе, Жармұхамбет және Қайрат ауылдарында құрылыс жұмыстары аяқталды. Елтай, Шалқар және Кемертоған ауылдарында су желілерін тарту жалғасуда.

Электр желілерін жаңғыртуға да басымдық берілген. Көксай, Іргелі және Жібек жолы ауылдарында 595 электр бағанасы ауыстырылып, 7,6 шақырым желі жаңартылады.

Биыл 21 елді мекеннің 77 көшесін жөндеуге 2,8 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 68 шақырымнан астам жолды қалпына келтіру көзделген. Бұдан бөлек, Алматы–Бішкек автожолының бір бөлігін төрт жолақтан сегіз жолаққа дейін кеңейту жұмыстары басталды.

Қазіргі таңда аудан аумағында 35 автобус маршруты жұмыс істейді. Оның 25-і соңғы үш жылда іске қосылған.

Жалпы, Қарасай ауданында халық санының өсуіне сай экономикалық әлеуетті нығайту, жаңа жұмыс орындарын ашу және инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. Басты мақсат – тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру жағдайын қалыптастыру.

«Алатау – Ақпарат»

↑