Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Тұрғындар тілегі ескеріледі

Тұрғындар тілегі ескеріледі

22 қаралым

Облыс әкімі Шыңғыс Әрінов Іле ауданының халқымен кездесті. Жиында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы баяндалып, тұрғындарға есеп берілді. Сондай-ақ өзекті мәселелер көтеріліп, жергілікті тұрғындар көкейінде жүрген сұрақтарына жауап алды.

Бүгінде облыс бюджетінің 50 пайыз­ға жуығын Іле ауданы қамтып отыр. Биылғы тоғыз айда аудандық бюджеттің жалпы кірісі 512 млрд теңгеге жетті. Жыл басынан 17 ірі және орта жоба іске қосылып, инвестиция көлемі 210 млрд теңгені құрады. Нәтижесінде 1200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Одан бөлек жыл соңына дейін жалпы құны 12 млрд теңге болатын үш ірі жоба іске қосылып, 300-ден астам тұрғын жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Инвестиция кәсіпорындарға ғана емес, әлеуметтік салаларға да тартылуда. Атап айтқанда, Өтеген батырда жаңа спорт кешені ашылса, Байсерке ауылында картинг орталығының құрылысы жүргізілуде. Аймақ басшысының сөзінше, облысқа тартылған жалпы инвестицияның 25,7%-ы Іле ауданына тиесілі, соның нәтижесінде аудандар арасында көш бастап тұр.


Жиында облыс әкімі қауіпсіздік инфрақұрылымын дамыту, тұрғындарға жайлы жағдай жасау және саяжай мәселесіне кеңінен тоқталды. Мысалы, дәл осы Іле ауданының Нұрғиса Тілендиев ауылында әмбебап бекет пайдалануға берілді. Бұл нысанның ерекшелігі – жедел жәрдем, полиция және өрт сөндіру қызметінің бір нүктеде шоғырлануы. Тұрғындардың жайлы өмірі үшін Өтеген батыр ауылындағы Титов көшесіне абаттандыру жұмысы жүргізілді. Жоба аясында 2,6 шақырым жаяу жүргіншілер жолы мен 4 мың шаршы метрге жуық аллеяға жарықтандыру, көгалдандыру, суару жүйелері орнатылды, сондай-ақ балалар және спорт алаңдары, дема­лыс аймақтары салынды. Ал Ащыбұлақ ауылдық округіндегі «Жомарт» саяжайында құны 1,7 млрд теңге болатын су желісінің құрылысы толық аяқталды. Нәтижесінде 6 мыңға жуық тұрғын орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілді. Оған қоса биыл ауданның 17 ауылында жалпы ұзындығы 78 шақырым автомобиль жолын орташа жөндеуге 3,2 млрд теңге бөлініп, жөндеу жұмысы толығымен аяқталды. Осылайша, барлығы 107 көше жөндеуден өтті.
Соңғы жылдары саяжайды жыл он екі ай паналайтын тұрғындардың саны артып келеді. Осыған байланысты Көкқайнар, Жәпек батыр, Асқар Тоқпанов және Жайнақ ауылдарының Бас жоспарлары бекітіліп, олардың шекарасына 61 саяжай енгізілді. Қалған 49 саяжай кезең-кезеңімен елдімекендер аумағына кіретін болады.
«Алдағы уақытта да ауданның әлеу­меттік және инженерлік инфра­құры­лымын дамыту, халықты әлеуметтік қолдау және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады», – деді Шыңғыс Сайранұлы.
Өңірдегі өзекті мәселелердің бірі – үшауысымды мектептер. Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов­тің сөзінше, мұны шешу үшін биыл «Келешек мектептері» жобасы аясында Нұрғиса Тілендиев ауылында 900 орынды жаңа мектеп қолданысқа берілді. Сондай-ақ Өтеген батыр, Байсерке және Жайнақ ауылдарында жеке инвестор қаражаты есебінен мектеп құрылысын бастау жоспарлануда.
Мәдениет саласы бойынша Боралдай кентіндегі 280 орынды жаңа Мәдениет үйін жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Одан бөлек Асқар Тоқпанов ауылында 280 орынды Мәдениет үйінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданды. 
Медициналық қызмет сапасын жақсарту мақсатында келесі жылдың басында Өтеген батыр ауылында құны 10 млрд теңге болатын 125 орынды перзентхана бой көтереді.
Жиын барысында тұрғындар түйт­кілді мәселелерді көтеріп, жауапты мамандардың түсіндірмесін тыңдады.
Олар жол, жарық, ауызсу, газ мәсе­лесі, әлеуметтік нысандардың жеткі­ліксіздігі, заңсыз құрылыс, автобус пен аялдамалардың жай-күйі, көпір салу бойынша сауалдарын жолдады. Тұрғындардың бірі Байсеркеден Өтеген батыр ауылына өтетін теміржол өткелінде кептеліс көп екенін айтып, соған байланысты көпір салып беруді сұрады. Аймақ басшысының сөзінше, көпірдің құрылысы келесі жылы басталады.
Тағы бір тұрғын Өтеген батыр ауылын­­дағы стадионға жөндеу жүр­гізіліп, Алматы облысының футбол коман­дасы құрылса деген өтінішін айтты. «Қазіргі таңда аталған стадион облыстық спорт басқармасының теңгерімінде. Оны аудан қарамағына өткізіп, жөндеу жұмысын бастауды жоспарлап отырмыз. Ал облыстың футбол командасы Талғардағы «Атлетико де Мадрид» академиясының базасында жасақталады. Кейін олар Қазақстан лигаларында өңірдің намысын қорғайтын болады», – деді Шыңғыс Сайранұлы.
«Жастар саяжайы Жайнақ ауылының құрамына қашан кіреді?» деген де сауал қойылды. Іле ауданы әкімінің айтуынша, қазіргі таңда жоба мемлекеттік сарап­тамаға жолданған. Жыл соңына дейін оң қорытындысы шықса, келесі жылы елдімекенге қосылады.
Жергілікті халық сондай-ақ Қараой ауылында дәрігерлік амбулатория, Ащыбұлақ ауылдық округінде спорт кешенін салып беруді сұрады. Бүгінде екі нысанның да жобалық-сметалық құжаты дайын, қаржы бөлуге өтінім жолданған.
Ақсай ауылында мектеп мәселесі көптен бері шешімін таппай келеді. Елдімекендегі білім ошағының іргетасы 1958 жылы қаланған. Оқушылар биыл үшінші жыл қатарынан үшауысымда оқып жатыр. Бастауыш сыныптағылар Мәдениет үйіне барып білім алуға мәжбүр. «Балаларымыз жаңа, заман талабына сай мектепке қашан ауысады?» – деген сұрақ қойды тұрғындардың бірі. «Өкінішке қарай, Іле ауданы елімізде үшауысымды оқыту бойынша алдыңғы орында тұр. Бұл түйткілді шешу үшін бар күшімізді саламыз. Ақсай ауылында жаңа мектептің құрылысын көктемге қарай бастауды көздеп отырмыз», – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы сондай-ақ азамат­тарды жеке мәсе­лелері бойынша қабыл­дап, олардың өтініш-талаптарына құлақ түрді. Алғашқылардың бірі болып Боралдай кентінің тұрғыны жергілікті полиция бөлім­шесін кадрмен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Ол елдімекенде учаскелік инспекторлар жетіспейтінін, полиция бөлімшесі ғимаратының техникалық жағдайы нашар екенін айтты. Бұдан бөлек, 102 қызметіне жүгіну кезінде қиындықтар туындайды. Мысалы, нөмірге қоңырау шалу әрдайым мүмкін бола бермейді. Шыңғыс Әрінов жергілікті полиция бөлімшесіне қызметтік автокөлік берілетінін жеткізді. Ол өткен айда өңірге 50 жаңа қызметтік көлік берілгенін, алдағы уақытта тағы 60 автокөлік үлестіру жоспарланып отырғанын еске салды. Сондай-ақ қызметкерлер штатын ұлғайту мәселесін пысықтап, бөлімшенің жұмысын жақсарту үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.
Өтініштердің тағы бірі автобус бағытына қатысты болды. Тұрғынның сөзінше, Боралдай Іле ауданындағы ауылішілік автобус қатынасы жоқ жалғыз елдімекен. Осыған орай облыс әкімі жауапты басқарма басшысына жағдайды зерделеп, қоғамдық көлік ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Жеке қабылдауда сондай-ақ жол инфрақұрылымы, саяжайдағы жер учаскелері мен әлеуметтік нысандарға қатысты сауалдар қойылды. Шыңғыс Әрінов мамандарға айтылған мәсе­лелерді назарға алып, өтініштерді ескерусіз қалдырмауды міндеттеді.

Гүлзат БАЙҚОНЫС

Іле ауданы

↑