Перейти к содержимому

Өнердің қос қанаты

23 қаралым

«Алатау» дәстүрлі өнер театрында Алматы облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Сүйінбай атындағы облыстық филармонияға қарасты «Адырна» фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблінің 40 жылдығына арналған мерейтойлық салтанатты шара өтті.

Бұл өнер ұжымдары туралы сөз қозғалғанда, қазақ руханиятының ірі тұлғасы – мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегін айналып өте алмасымыз анық. Кеңес үкіметінің ұлттық құндылықтарға қырын қараған тұсында ғасырлардан келе жатқан төл өнерімізді қайта жаңғыртып, көне аспаптарға үн бітірген «Адырна» мен ұлы даланың би өнеріне жан бітірген «Алтынай» ансамбльдерін құрудың өзі көзсіз батырлыққа тең қадам болатын. Жалпы сол жылдары Өзбекәлі Жәнібековтің бастауымен тарих тозаңының астында қалған Наурыз мерекесі қайта жаңғырып, этнографиялық музейлер бой көтергенін, талай жыл Эрмитажда тұрған Тайқазанның Түркістандағы тұғырына қайта қонғанын ұмытпауымыз керек.


Міне, осындай күрделі кезеңде өнер жанашырларының жанкешті еңбегі нәтижесінде дүниеге келіп, облыс шекараларының өзгеруіне байланысты бірнеше рет жаңарудан өткен қос ұжым бүгінде өзіне жүктелген тарихи міндетін мінсіз атқарып келеді. Мұны мерейтойдың куәсі болған жұртшылық тағы бір сезінгені анық.
Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрына кірген бойда залға қойылған суреттер галереясы қарсы алып, кешегі өткен кезеңдерге жетелей жөнелді. Мұнда қырық жылдық тарихы бар қос өнер ұжымының жүріп өткен жолы мен ансамбль абыройын асқақтатқан өнер адамдарының бейнесі қол бұлғап тұрғандай.
Мерейтойлық шара «Адырна» мен «Алтынайдың» өркендеуіне сүбелі үлес қосқан өнер майталмандарын марапаттау рәсімімен басталды. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы, ақын, композитор Төлеужан Ғұмаров ашып, жүргізіп отырған жиында ұлттық музыка өнерін, соның ішінде көне қазақ аспаптарын (сазсырнай, сыбызғы, шертер, қылқобыз, жетіген) жандандыруға, оларды сахнаға қайта шығаруға және халықаралық деңгейде насихаттауға айтарлықтай еңбек сіңірген қазақтың белгілі дирижері, Мәдениет қайраткері, «Адырнаның» алғашқы жетекшісі Ықылас Нұрғалиев, танымал қазақстандық биші, педагог, өнертану кандидаты, профессор және Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Алтынай» ансамблінің бастауында тұрған Тойған Ізімова, белгілі қазақстандық концерт жүргізушісі, көркемсөз шебері және Мәдениет қайраткері, қос ұжымның концерттерін жүргізген Гүлзия Байбосынова сөз алып, жүрекке жылы естеліктерімен бөлісті. Шара барысында «Өнердің қос қанаты» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтіп, өнер ұжымдарында еңбек еткен қонақтарға табысталды. Осыдан кейін жиналған жүртшылық театрдың кино залына кіріп, «Адырна» мен «Алтынай» ансамбльдерінің тарихы мен бағындырған белесі жайлы бейнебаянды көріп, өткен күндерге саяхат жасады.
Бұл күні көрермендер қос ұжымның өнерпаздары әзірлеген концертті тамашалады. Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның өнер керуенімен басталған концертте Қорқыт бабаның қоңыр үнін жеткізген «Қобыз сарыны» ансамблі, саздың кеніндей сарқылмас мұраны арқалаған «Сазген» ұжымы, Арқа төсін әнге бөлеген «Арқас» эстрадалық ансамблі, дәулескер күйші Секен Тұрысбек жетекшілік ететін «Ақжауын» камералық оркестрі мен өнердің көрнекті өкілдері Ұлжан Айнақұлова, Құдайберген Бекіш, Айткүл мен Қанат Құдайбергеновтер сынды филармония әншілері өнер көрсетті.


«Адырнаның» құлақ құрышын қандырар сазды әуені мен «Алтынайдың» көз құмарын қандыратын билерін тамашалағаннан кейін сахнаға Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев көтеріліп, облыс әкімі Шыңғыс Әрінов пен Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың құттықтау хаттарын оқыды. Қос өнер ұжымының қалыптасуы мен өркендеуіне үлес қосқан танымал тұлғаларға алғысын білдірген Ғани Айдарұлы бірқатар өнер майталманына облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыс етті. Келесі кезекте Алматы қалалық мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев сөз алып, мерейтой иелеріне қала әкімі Дархан Сатыбалдының ыстық ықыласын жеткізді.
Концерттік бағдарлама барысында Қазақстанның халық әртісі, композитор Алтынбек Қоразбаев сахна төріне шығып, Қонаев қаласында алдағы уақытта салынатын өнер театрына Өзбекәлі Жәнібековтің есімін беру туралы ұсынысын жеткізіп, Нұрғиса Тілендиевке арналған «Қараша қаз, қайдасың» әнін шырқаса, Қазақстанның халық әртісі, күйші Секен Тұрысбек өзінің «Көңіл толқыны» мен «Ақ жауын» күйлерін нақышына келтіре орындап, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді. Он жасынан бері домбыраны серік етіп, қытайлықтарға қазақтың ұлттық аспабын үйретіп жүрген Лю Хуэй де Бейжің қаласынан арнайы келіп, киелі аспаптың құдіретін паш етті. Бұл күні сахнада аты аңызға айналған әнші Мәдина Ералиеваның репертуарындағы әндер, Ольга Всеволодская-Голушкевич пен Талант Қылышбаевтың қойылымындағы тамаша билер де көрермен көзайымына айналды.
Жұртшылық ежелгі ұлттық саз аспаптарын қайта жаңғыртып, халық музыкасын насихаттап жүрген «Адырна» ансамблінің жетекшісі, ҚР Мәдениет қайраткері Марат Бердіғұлов пен «Алтынай» би ұжымының жетекшісі, Мәдениет саласының үздігі Бекзат Ағиярдың еңбектерін жоғары бағалады. Концерт соңында қос ансамбльдің меретойына еліміздің түрлі өнер ұжымдарының ықылас гүлдері ұсынылып, қазақтың қайталанбас өнерін әлемге әйгілеу жолындағы сапарына сәттілік тіледі.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

↑