Қоғамдағы тұрақтылық пен өзара келісім – бейбіт өмір мен дамудың негізгі тірегі. Этносаралық татулық пен бірлікті сақтау, әртүрлі этнос өкілдері арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты нығайту – қоғамның басты міндеттерінің бірі. Осы бағыттағы өзекті мәселелерді талқылау мақсатында Еңбекшіқазақ ауданында «Еңбекшіқазақ ауданы: бірлік пен қоғамдық келісімнің берік негізі» тақырыбында конференция өтті.
Бірлік пен берекенің бесігі болған Еңбекшіқазақ ауданында 54 этнос өкілі тату-тәтті өмір сүреді. Сондай-ақ аудан аумағында өңірлік деңгейдегі төрт және аудандық деңгейдегі бес этномәдени бірлестік жұмыс атқарады. Аталған этно-мәдени бірлестіктер этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрлерін дәріптеу, ұрпақтар сабақтастығын сақтау, қоғамдағы өзара түсіністік пен достық қарым-қатынасты нығайту ісіне белсенді үлес қосып, қоғамдық-мәдени іс-шараларға біркісідей атсалысып келеді.
Аудан әкімінің орынбасары Ерболат Сарабеков төрағалық еткен жиынға Алматы облысы ішкі саясат басқармасының этносаралық қатынастарды дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Нұрахметова, Алматы облысының медиация кеңесінің төрағасы, кәсіби медиатор Ләззат Қобыланова, аудандық прокуратуа мен аудандық полиция басқармасының қызметкерлері, аудандағы білім ошақтарының директорлары, сонымен қатар аудандағы барлық этно-мәдени бірлестік өкілдері қатысты.
Кездесуде аудан аумағындағы этносаралық қатынастар саласындағы қоғамдық-саяси ахуал жан-жақты талданып, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қайсар Асқарұлы баяндама жасады. Этносаралық қатынастар өте нәзік құбылыс екеніне тоқталған бөлім басшысы: «Этносаралық кикілжіңдер кез келген болмашы тұрмыстық жағдайдан бастау алып, ушығып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан түрлі этнос өкілдерінің қатысуымен орын алатын әрбір оқиғаға баршамыз үлкен жауапкершілікпен қарауымыз қажет» – дей келе, 2026 жылы қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Осы бағытта жыл басынан бері ауданда 40 іс-шара өткізіліп, 5 мыңға жуық адам қамтылған. Оның ішінде «Тіл – ел бірлігінің өзегі», «Қоғамдағы өзара түсіністік – тұрақтылық негізі», «Қоғамдық келісім және жастардың азаматтық жауапкершілігі», «Бірлікті қоғам – тұрақты мемлекет», «Татулық төріндегі отбасылар» сынды тақырыптардың орны ерекше.

Сондай-ақ ішкі саясат бағытындағы өзекті мәселелерге ден қойған Қайсар Асқарұлы 2026 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп дайындаған «Мемлекеттік органдардың этносаралық қатынастар саласындағы іс-қимыл алгоритмдер кешеніне» тоқталып, жиынға қатысушыларға оны толық түсіндіріп берді. Сонымен қатар учаскелік полиция инспекторлары мен мектеп директорлары аталған алгоритмдерді күнделікті қызметте қатаң басшылыққа алуы керектігін де айтты.
Алдағы кезеңге арналған басым міндеттерге де тоқталған Қайсар Асқарұлы: «Аудан аумағындағы этносаралық қатынастарға қатысты жағдайларды тұрақты зерделеп, оқиғалардың себептері мен салдарын талдап отыру қажет», – деп атап өтті.
«Облыс тұрғындарының этносаралық қатынасқа көзқарасын, қоғамдық көңіл күйін және әлеуметтік ахуалды бағалау мақсатында облыстық «Талдау және болжау орталығы» жоспарға сәйкес тоқсан сайын «Алматы облысы тұрғындарының этносаралық қатынастары мен көңіл күйін зерттеу» тақырыбында сауалнама жүргізеді. Зерттеу нәтижелері өңірдегі қоғамдық келісім мен этносаралық тұрақтылықтың жалпы сақталып отырғанын, оның ішінде ең жоғарғы көрсеткіштер Еңбекшіқазақ пен Ұйғыр аудандарында тіркелгенін көрсетіп отыр», – деген Алматы облысы ішкі саясат басқармасының этносаралық қатынастарды дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Нұрахметова Еңбекшіқазақ ауданында сауалнамаға қатысқан тұрғындардың 68,6 пайызы аудандағы қоғамдық жағдайды «қолайлы» деп бағалағанын, респонденттердің 84,5 пайызы өздері тұратын аумақта «этносаралық қақтығыстардың туындау ықтималдығы жоқ» деп жауап бергенін атап өтті. Дегенмен, жекелеген құқық бұзушылықтар мен тұрмыстық сипаттағы келіспеушіліктердің алдын алу жұмыстарын жалғастыру қажеттігін де тілге тиек етті.
Жүргізілген әлеуметтік зерттеуде құқық қорғау органдарының жұмысына да халық өз бағасын берген. Сауалнамаға қатысушылардың 33,6 пайызы құқық қорғау саласы қызметкерлерінің жұмысы «толықтай тиімді» деп бағалаған екен.
Жиын барысында Алматы облысының медиация кеңесінің төрағасы Ләззат Қобыланова медиация тақырыбына кеңінен баяндама жасап, осы орайда аудан аумағында жұмыс атқарып келе жатқан Ақсақалдар алқасы мен Аналар кеңестерінің орны маңызды екеніне тоқталды. Сонымен қатар аудандағы этно-мәдени бірлестік өкілдері де сөз алып, өз жұмыстарының нәтижесін ортаға салды.
«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейтін ата-бабамыз әрдайым береке-бірлік пен ынтымақты ту еткен. «Бірлік бар жерде берекелі тірлік барын» бүгінгі ұрпағы да естен шығармасы анық.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы

