Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытовтың «Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек» деген сөзі ана тілімізде білім берудің аса маңыздылығын аңғартса керек. Бүгінде ұлтжанды азаматтар мемлекеттік тілдің мәртебесін мектеп қабырғасынан бастау қажет екендігін жиі айтып келеді. Біз сөз өткелі отырған Абыхан Жексембеков тәуелсіздіктің елең-алаң шағында Түрген ауылында қазақ орта мектебінің ашылуына тікелей мұрындық болған, қандай қызмет атқарса да, ұлт ұпайын түгендеген жан еді.
Әр жылы 1 ақпан күні Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылындағы А.Жексембеков атындағы қазақ орта мектебінде Абыхан Аманбайұлын еске алу мақсатында түрлі кештер мен кездесулер, ғылыми әдістемелік конференциялар өткізу дәстүрге айналған. Өйткені, Абыхан Аманбайұлы – осы білім шаңырағының бой көтеруіне бір кісідей тер төккен азамат. Тәуелсіздік алған жылдары ауыл әкімі болған Абыхан Аманбайұлының мұрындық болуымен ауыл тарихында қазақ мектебін ашу жөнінде жоғары жаққа тынбай ұсыныс жасаудың арқасында әр ауылға шашырап оқыған 50-ге тарта баланың басын қосып, 1994 жылы қазақ мектебінің қоңырауы сыңғырлай соғылып, тарих бетінің жаңа парағы ашылған еді.
Бос қалған бұрынғы балабақшаны мектеп ғимаратына лайықтап жабдықтау оңай емес. Оның үстіне ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу керек. Осы қым-қуыт шаруалардың ұйымдастырушысы болып, басы-қасында тағы А.Жексембеков жүрді. Оқушыларға тарлық ете бастағандықтан, кейін мектеп бос тұрған кәсіптік-техникалық училищенің ғимаратына көшірілді. Алғашқы оқу жылын 50 оқушымен бастаған Түрген қазақ орта мектебі бүгінде 600-ден астам шәкірт білім алатын іргелі оқу орнына айналып отыр. Абыхан Аманбайұлының білім саласын дамытуға қосқан үлесі ескерусіз қалмады. Ол сол кездегі Оқу министрлігінің «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ кезінде «Құрмет белгісі» орденімен, көптеген медальдармен наградталған.
Түрген қазақ орта мектебі бүгінде 100 жылдық тарихы бар білім ошақтарымен иық тіресе, мыңдаған шәкірттерін болашаққа аттандырып, ел игілігі үшін қызмет етіп жатыр. Ел үмітін ақтаған ердің есімі ешқашан ұмытылмақ емес. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 11 ақпандағы №54 қаулысымен өзі іргетасын қалаған қазақ мектебіне Абыхан Жексембековтің есімі берілді. Бүгінде мектептегі жас шәкірттерге ардагер азаматтың саналы ғұмыры сан ұрпақ зерделеп оқитын өмір оқулығы іспетті.
Биыл да 1 ақпанда Абыхан Жексембековтің туған күніне орай «Тұлғаға тағзым – тәуелсіздік тартуы» атты ғылыми-практикалық семинар өтпек. Мектеп директоры Гүлбақыт Қасымжанованың сөзінше, мұндай іс-шараларды өткізудегі мақсат – тәуелсіздік алғаннан кейінгі ел ағаларының өмір жолдарын бүгінгі ұрпаққа өнегелеу болмақ.
– Абыхан Жексембеков көзі тірісінде мектеп оқушыларының білім мен тәрбие алуларына қолынан келген бар мүмкіншілікті жасап, материалдықтехникалық базасын нығайтуға күшжігерін аямады.
Әке аманатындай болған мектепке Абыхан Жексембековтің ұл-қыздары үнемі демеушілік жасап, тығыз қарымқатынас орнатқан. Мектептің тыныс-тіршілігін, материалдық-техникалық базасының нығаюын үнемі өзінің назарында ұстап отырған қамқоршылық кеңестің төрағасы, биология ғылымдарының кандидаты Мәншүк Жексембекова Түрген ауылында жаңғақ ағашын отырғызып, оқушылардың ғылыми жұмыспен шұғылдануына жол ашты. Мектеп ауласына түрлі қылқанжапырақты ағаштар екті. Сонымен қатар интернет желісіне қосылған ноутбуктермен, конференс-үстел, интерактивті панель, соңғы үлгідегі жиһаздармен, әдістемелік құрылғылармен толықтырылған заманауи мұғалімдер бөлмесін жасақтап берді. Кітапхана қорын толықтырып отыру да назардан тыс қалған емес, – дейді мектеп директоры Гүлбақыт Қасымжанова.
Аталған мектепте Абыхан Жексембеков атындағы мұражай бар. Уақыт озған сайын елін сүйген ердің саусағы тиген заттардың бәрі қымбат. Соның бірі – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевпен бірге түскен фотосы. Бұл фото заманымыздың заңғар тұлғасына деген ел құрметінің ескерткішіндей көрінеді.
– Ол кез тәуелсіздік таңы атып, ел өзінің танымал тұлғаларын ардақтап, оларға ауыл мен мектеп, көше аттарын бере бастаған шақ еді. Сол жылдары Абыхан Жексембеков Түрген ауылдық округінің әкімі болатын. Бір күні ол ақсақалдар мен ауыл белсенділерін әкімдікке шақырып, көптен бері толғандырып жүрген ойын ортаға салады. Ол – осы ауылдағы Ильич атындағы орта мектептің атын өзгертіп, оны қазақтың қадірлісі Дінмұхамед Қонаевтың атымен атау туралы еді. Ұсыныс бірауыздан қолдау табады да, көп кешікпей ардақты ақсақалдың келісімін алу үшін Алматыға делегация жіберіледі. Д.Ахметұлының келісімін алып, ақ дастарқанынан дәм татқан қарапайым ауыл адамдары үлкен қуанышпен оралады, – дейді мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Рысгүл Шалғымбаева.
Бүгінде ол мектеп Дінмұхамед Қонаев ақсақалдың атымен аталады. Салтанатты жиынға Димаш атаның өзі арнайы келіп қатысып, түргендіктерге алғыс айтқан екен. Кейін осы ауылдағы бір көшеге көпшіліктің ұсыныс-тілегі бойынша Дінмұхамед Қонаевтың есімі беріледі. Міне, бұл қазақтың қайталанбас тұлғасына көзі тірісінде көрсетілген ерекше құрмет еді. Осыны ұйымдастырып, басы-қасында жүрген Абыхан Жексембеков болатын.
Қазір Абыхан Жексембеков атындағы мектептің педагогикалық ұжым мүшелері кәсіби-шығармашылық потенциалын дамыту мақсатында облыс, республика көлемінде ғылыми-әдістемелік конференциялар ұйымдастырып тұрады. Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Каспий қоғамдық университеті, Тұран университеті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және ҚазҰПУ-дың профессорлары мен Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі мұғалімдерімен іс-тәжірибе алмасуды да дәстүрге айналдырған.
Абыхан Жексембеков 1937 жылдың 1 ақпаны күні Қаракемер ауылында дүниеге келген. 1954 жылы мектепинтернатын бітіріп, «Түрген УМСХ22» комбайнер-механиктер тобында оқыды. 1963 жылы Зоотехникалық-мал дәрігерлік институтты қызыл дипломмен бітірді. Еңбек жолын 1963 жылы Шелек ауылындағы «Горный овцевод» кеңшарында мал дәрігері болудан бастады. Бала жасынан еңбекке араласып, өмірдің ыстық-суығына шыңдалған жан кез келген істе ұйымдастырушылық қабілет-қарымымен көзге түсіп, қандай қиындықтардан болсын жол таба біледі. Рас, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, сондай-ақ, еліміз нарықтық экономикаға көше бастағанда, көпшіліктің не істерін білмей, әрі-сәрі күйде қалғаны әлі ұмытыла қойған жоқ. Заман талап етіп отырған нарықтық экономиканы Абыхан Аманбайұлы жатсынбады. Оның қыры мен сырын зерделей келіп, «Түрген» жеке шаруашылық фирмасын құрды. Шаруашылықта еңбек ұйымдастырудың жаңаша әдісін қалыптастыруды қолға алды. Бұл ісі басқаларға өнеге болып, талай ауылдастары өз тіршіліктерін өздері ұйымдастыра бастады. Ол 1992-2000 жылдар аралығында Түрген ауылдық округінің әкімі қызметін атқарды. Оның әкім болып істеген жылдардағы атқарған шаруаларын ауылдастары бүгінде үлгі-өнеге ретінде айтып, жиі естеріне алады. Осындайда бабалардың «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деген дана тағылымы ойға оралады.
Ерзат Асыл