Алуа бүгін тағы да күн көтеріле оянды. Басқа бауырлары таңмен таласып, мал жайғауға кеткен. Ата мен әжесінің ерке қызы ғана осылай ұйқысы қанғанда бір-ақ орнынан тұратыны бар. Есесіне, малды өріске айдап, таңертеңгі тіршілікті атқарып келген жандарға шай қойып, дастарқан жайып күтіп алады. Оған дейін әжесі таңазанмен нан ашытып, қазанжаппа жауып, сауып келген сиыр сүтін сепаратордан өткізіп жатады. Дәл осы сепаратордың үні Алуаның ұйқысын шайдай ашады. Тұра сала әжесінің кең құшағына асыла сүттен бөлініп шығып, тарам-тарам болып аққан кілегейді тамашалайды. Одан соң әжесіне көмектесіп, сепаратор табақтарын жуысады. Атасы келгенде алдынан жүгіріп шығып, аяғындағы мәсісін тартып шешеді. Оны тартам деп күші жетпей, жерге бір домалап алып, әрекетін тағы қайталайды. Одан соң қалың шалбарының бауын ағытып, оны да тартып шешіп, ықтияттап бүктеп қояды. Шөлдеп келген атасына тостағанға айран толтырып әкеліп, бар жағдайын жасайтын да Алуа. Сондықтан да болар, ол атасының тынысына айналған.
Балалары өсіп, жан-жаққа кеткенде бауырын жылытқан немересі десе атасы мен әжесінде жан қала ма? Алуа алты жасқа толғанда мал бағуды қойып, ауылға көшті. Қызымды мектепке берсем деген атасының арманы бар. Ауылға көшкен соң жайлаудағы шөп, гүлмен ғана сырласып өскен қыз көше балаларына қосыла алмай тосырқады. Есіктің алдында балалар «Ақ серек пен көк серек», «Ұшты-ұшты» ойынын ойнап жатса, олардың әрекетін сырттай ғана бақылап жүрді. Мектепке баратын күн де келіп жетті. Сол кезде көпшілікте «Орысша білмесең, нан тауып жей алмайсың» деген түсінік қалыптасқан. Немересінің болашағын ойлаған атасы мен әжесі қыздарын орыс сыныбына берді. Сынып жетекшісі де жасы келген орыс әйел. Орысша бірауыз сөз білмейтін, таудан түскен қыз ұстазының айтқанын түсіне алмады. Көзі бақырайып, екі ай отырды. Одан соң мұғалім әжесін шақырып, қыздарының орыс сыныбын алып кете алмайтынын, оның үстіне мектепте оқуға жасы да жетпей тұрғанын айтып, қайтарды. Әжесі көрші кабинеттегі қазақ сыныбына барып, жалынып-жалпайып жүріп, қызын қазақ сыныбына ауыстырды. Көршілердің біразы сол сыныпта оқиды екен. Осылайша, Алуа олармен сабаққа бірге барып-қайтып, көпшілік ортаға бейімделе бастады.
Алуаның үш жасында қатты ауырып, ауруханаға түскені бар. Сонда таң азанға дейін «Әже» деп жылап, ауыз жаппаған екен. Әжесі ауруханаға келсе, дәрігерлер «Мына қызыңызды емдей алмаймыз, еш ырыққа көнбейді» деп шығарып салған. Ол да болса, Алуаның атасы мен әжесінің ғана жылы құшағында өскендіктен, басқа адамдарды қабылдай алмайтынының көрінісі еді.
Сол жылы зейнет жасына толған атасы мектеп жанында орын тепкен қырманға қарауыл болды. Атасының кезекшілігінде Алуа бірге ілесіп барады. Қырманға құйылып жатқан астықтарды қызықтайды. Бір түйір дәнді болсын азық етуге келген көгершіндерді тамақтандырады. Қырманнан да қызық тауып, атасының жанында өткізген әр күнге риза болады.
Атасы болса, екі орындықты жалғап, қызына төсек салып береді. Сәт сайын маңдайынан иіскеп, «айналайын» деп айналып-толғанады. Екеуі отырып шай ішеді. Одан соң атасы жазуға отырады. Өмірден көрген-түйгенін, көңілге тоқығанын терме етіп жазады. Осылайша, 99 ауыз термені қырманда қарауыл болып жүргенде жазғаны бар.
Алуа оқу бітіріп, студент атанған шағында атасы қатты науқастанады. Алматыдағы ауруханаға жиі жатады. Сондай сәттің бірінде қызын күтеді. Сол бір жолы сабақтан босай алмағандықтан атасының хәлін сұрауға бара алмай, артынша ауылға келеді. Сонда атасы: «Сені ауруханада күттім ғой. Ағаң тамаққа деп берген ақшаны саған берейінші деп тостым. Неге келмедің?» – деп жиған ақшасын қалтасынан шығарып, қызына ұстатқан еді.
Жоғары оқу орнында оқып жүрген кезінде атасы көз жұмды. Енді ауылға барған сайын есік алдындағы ұзынша орындықта «Бүгін күн сенбі, қызым келіп қалар» деп отыратын атасы жоқ. Өмірдегі ең жақын адамын енді қанаты қатайып келе жатқанда жоғалтып алу оңайға соқпады. Ата мейірімін күн сайын іздеп, шөліркей берді. Ондайда әжесінің ыстық құшағына кіріп, бір мауқын басатыны бар.
Әжесі де қызын жалғызсыратпайын деп, үлкен қала – Алматыға артынып, тартынып жиі барады. Әже келген күн – жатақханада бірге тұратын қыздар үшін де мейрам. Ауылдан көтере келген ас-ауқатын, құрт-майын шығара отырып, қыздармен сырласып, әрқайсысын өзінің баласындай бауырына басатын. Өмір жолынан, өзі көрген қиындығынан сыр шертетін. «Бастарыңа жатарда орамал тағып жатыңдар, әйтпесе шайтан иектейді» деп бөлмедегі бес қызға орамал таққызып, тәлім-тәрбие турасында да қызықты әңгіме айтатын.
Кейде әжесі таңертең қызымен бірге сабаққа еріп баратын. Ондай кезде өзге студенттер: «Апа, сіз де сабақ оқуға кетіп барасыз ба?» – дейтін еді қалжыңға сүйеп. «Иә, мен де сабақ оқимын», – дейтін әже. Кей кезде ауылдан келіп, сабақ оқып жатқан аудиториясын тауып алып, қызын сырттай бақылап тұратын. Ондай сәтте Алуа: «Кетсеңізші, басқалардан ұят», – деп ымдайды. Өйткені, өзгелер: «Алуа, неге сонша әжеңді әурелейсің, үлкен емессің бе?», – дейтін. «Мен емес, әжемнің өзі ғой келіп алатын», – деп ақталуға Алуаның дәті жетпей қалатын.
Алуа оқу бітіріп, дипломын алған соң, армандап жүрген мамандығы бойынша жұмысқа тұрды. Жұмыс бабымен басқа қалаға ауысты. Әжесі қызын бірнеше айда бір көретін болғандықтан әркез сарыла жолын тосты. Бір келгенінде қызы үйге киетін оюлы киіз аяқ киім әперді. Әжесі оны аяғына киюдің орнына «Алуам әперген» деп қойнына қысып жататын еді. Бұл да – әжесінің немересіне деген ыстық маххаббаты.
Кейде әже төсек тартып, бірнеше күн ас-су ішпей жатып қалатын. Онда ағалары телефон шалып, Алуаны шақыратын. Теріс қарап жатып қалатын әжесіне «Қызың келді» десе: «Қайсы?» – деп басын көтеріп, «Алуам келсе, дастарқан жаймай неге отырсыңдар?» деп орнынан тұрып кететін еді.
Сөйткен Алуа әжесінен де айырылды. Кәрілік жеткен соң, сұм ажал алмай қойсын ба? Алуа үнемі «Менің әжем жүз жасайды, мені тастамайды» деуші еді. Тоқсанды алқымдап кете барды.
Алуа әжесімен бірге балалық шағы да көшкендей, өмірінің мәні өшкендей күй кешті. Жан-жағын тіреп тұрар қабырғасы құлады. Жаны құлазыды. Жұбанышы – балалық шақтан қалған тәтті естелігі, атасы мен әжесінің жанында жайлауда жүрген жарқын күндері, атқа мініп, кең дала төсін еркін шарлап өскен балдан да тәтті балалығы. Алға жетелейтін күш – атасы мен әжесінің арманы, бойына сіңірген, жүрегіне дарытқан жақсылығы.
Атасы өмірден көшкенде көктем еді, сол күні нұр себелеп тұрды. Әжесінің жаздың жаймашуақ күндерінің бірінде өмір сағаты тоқтады. Сол кезде де өткінші жаңбыр себелеп қоя берді. Алуасы кезекті жазғы демалыста жүргенде, қызының қолынан ұстап жатып бақилық болды әже. Бүгін де жаңбыр сіркіреп тұр. Алуа тағы да атасы мен әжесін ойлады.
Алма Топантай