Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / ӨЗБЕКСТАНДА ҚАЗАҚ ЖАЗУШЫСЫНЫҢ БЮСТІ БОЙ КӨТЕРДІ

ӨЗБЕКСТАНДА ҚАЗАҚ ЖАЗУШЫСЫНЫҢ БЮСТІ БОЙ КӨТЕРДІ

41 қаралым

Өзбекстан Республикасы Ташкент облысы Бостандық ауданының Қараманас ауылында 19 қараша күні  қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, белгілі жазушы Рахметолла Райымқұловтың құрметіне туған жеріндегі №34 мектеп аумағына  ескерткіш орнатылып, салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Айта кетейік, бюстің авторы, өзбекстандық мүсінші – Нодир Усманов. Мұндай игі бастамаға қаламгердің отбасы қолдау білдірген.

Салтанатты рәсімге Өзбекстан мен Қазақстанның мемлекеттік және дипломатиялық өкілдері, сондай-ақ қаламгерлер, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, Рахметолла Райымқұловтың туыстары, ұстаздар мен оқушылар да қатысты.

Мерекелік шара барысында сөз алған Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті, жазушының қызы Ақтоты Райымқұлова бұл бюстің ашылуы Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы бауырластықты нығайтатын рухани көпір екенін атап өтті.

– Бүгінгі Өзбекстан мен Қазақстан мемлекеттері арасындағы достық мәңгі жасай берсін! Өзбек халқы мен қазақ халқының арасындағы бауырластық, туыстық мәңгілік болсын!

Біз Өзбекстан Республикасының Қараманас ауылында тұрмыз. Менің әкем, қазақ халқының көрнекті жазушысы Рахметолла Райымқұлов 1913 жылы осы жерде туған. Кіндік қаны тамған туған жері әкем үшін өте қымбат болды. Көзі тірісінде әкемнің туған жерін аңсап, жылына бірнеше рет келіп-кететінін өзім де көрдім, өзім де бірге келіп жүрдім, – деп естелік-әңгімесімен бөлісті.

Осыдан кейін жиналған қауым қаламгерге арналған ескерткіштің тұсаукесер рәсімін орындады.

Өзбекстан Республикасындағы №34 Рахметолла Райымқұлов атындағы мектепке бюстінің орнатылуы ол қаламгердің еңбегін ұлықтаумен шектелмейді. Мұндай оқиғаның екі ел үшін де маңызы зор. Біріншіден бұл Қазақстан мен Өзбекстан елдері арасындағы рухани мұраны дәріптеу болса, екіншіден қос елдің достық қарым-қатынасын нығайту. Сонымен қоса тарихи тұлғамызды халықаралық деңгейде танытады және Қараманас ауылындағы білім шаңырағында оқып жатқан қазақ балаларының тәрбиесіне ықпал етеді. Әрі Қазақстан мен Өзбекстан Республикалары арасындағы мәдени дипломатиялық қарым-қатынастың беки түсуінің көрінісі. Өзбек мүсіншісі Нодир Усмановтың қаламгер ескерткішін жасауы – осындай игі шараға екі елдің әдеби және қоғамдық өкілдерінің атсалысуы мәдени ынтымақтастықтың жемісі.

Бұл арқылы біз әдебиет пен мәдениеттің шекара талғамайтынын, ал рухани құндылықтардың әлем халықтарын жақындастыратын қуатты күш екеніне көз жеткізіп отырмыз. Жазушының туған жеріндегі мектепке есімі берілуі, ескерткішінің орнатылуы қаламгер мұрасының өзі дүниеге келген топырақта қайта жаңғырып, келер ұрпақпен қайта қауышқанын айқындайды.

Қазақстан мен Өзбекстан республикалары арасындағы достық қарым-қатынас тек саяси-экономикалық байланыстармен ғана шектелмейді, тарихи, әдеби және рухани тамыры бар екенін дәлелдейді.

Алтынай СЕЙІТКЕН

Өзбекстан Республикасы

↑