Азаматтардың Конституцияда кепілдік берген құқықтарын пайдалануы, елімізде жүргізіліп жатқан құқықтық саясат, халықтың билікке деген сенімі, уәкілетті және заң шығарушы орган өкілдерін сайлау туралы Халықаралық адам құқықтарын қорғау комитетінің Қазақстандағы өкілдігінің кеңесшісі Қанат Жұмабаймен аз-кем сұхбат құрдық.
– Жол, жарық, су, газ сияқты инфрақұрылымдық мәселелері ұзақ жылдар бойы шешілмей, қордалана берген соң халық кей кезде билікке өз үнін жеткізу үшін республикалық, аймақтық деңгейдегі маңызы бар жолдарды жабу сияқты әрекеттерге барып жүр. Бұл Конституциялық және өзге де құқықтық заңнамаға қаншалықты сәйкес келеді?
– Мұндай шараларды заңды деп айтуға болмайды. Бұл олардың соңғы амалдары шығар. Бірақ азаматтардың өз құқықтарын талап етіп жиналуының, бейбіт наразылықтарын білдіруінің өз тәртібі бар. Адамдар өз құқықтарын қорғау үшін өзгенің де құқығын бұзбауы, шектемеуі тиіс. Инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандар қоғамның игілігі үшін жасалады. Сол үшін қоғамдық игіліктердің жасалуын бақылайтын қоғамдық ұйымдардың рөлін күшейту керек. Қоғамдық комиссиялар бақылап, қадағалап, тексеріп отырса қоғамдық игіліктерді қалыптастыруда сыбайластық пен жемқорлық болмайды. Бұл үшін «Қоғамдық ұйымдар туралы» Заңға өзгерістер енгізу қажет. Қоғамдық бақылау бар жерде тиянақтылық бар, жұмыс тиімді атқарылады және ұрлық-қарлық болмайды. Қоғамдық ұйымдарға превентивтілік қағидаларымен жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек. Оның түрмедегі ахуалды оңтайландыруға да пайдасы бар.
– Құқықтық мәдениетті қалай қалыптастыруға болады?
– Құқықтық мәдениетті қалыптастыру отбасынан, балабақша мен мектеп табалдырығынан басталады. Құқықтық мәдениет – әрбір азаматтың өзін қоршаған ортаға құрметпен қарап, оған пайдасын тигізуі. Демек, ол қалыптасқанда адамның сана-сезімі дұрыс, мәдениеті де жоғары болады.
– Құқықтық саясатты жүзеге асыруға қатысты іс-шараларға көңіліңіз тола ма?
– Құқықтық саясатты мектептен қалыптастыру керек. Конституцияны, оның нормаларын балалардың санасына жас кезінен бастап сіңіріп, дұрыс түсіндіре білу қажет. Сонда әрбір азамат өзінің құқықтары мен міндеттерін жақсы біледі. Мысалы, биыл елде Конституциялық сот құрылды. Бұл құқықтық институттың өз өкілеттігі, атқаратын қызметі, мәртебесі бар. Одан бөлек Адам құқықтары жөніндегі уәкіл конституциялық заңмен белгіленді. Мұның бәрі – құқықтық саясаттың алға қарай ілгерілегенінің белгісі. Олардың ары қарай қалай жүзеге асатыны екінші мәселе. Заң мен соттың алдында барлық адам тең. Конституцияда негізгі құқықтық қағидалар анық көрсетілген. Оның орындалуы, жүзеге асырылуы тек билік органдарына байланысты емес. Ол, ең алдымен, халықтың құқықтық сауатына да байланысты.
– Қылмыспен күресте құқық қорғау органдарының рөлі қандай?
– Біз қылмыспен күресуді тек қана құқық қорғау органдарының иығына артып қойғанбыз. Қылмыс бола қалса, құқық қорғау органдары не істеп жатыр дейміз. Олар өзінің шамасынша, халқадірінше жұмыс істеп жатқанын таныстарымнан да, басқалардан да естіп, көріп жүрмін. Олар өз міндеттерін барынша атқарып жатыр. Жалпы, қылмыспен күресу – ғаламдық мәселе. Ол БҰҰ Жарғысында да бар. Онымен қоғам, ел болып күресу керек. Қазақ даласында қылмыс жасағандарды жазалаудың түрлі әдістері болған. Олармен жұмыс істеуде билер институты, ақсақалдар алқасының маңызы өте зор. Сондықтан қылмыспен күресуге олар да атсалысуы керек. Егер билер институты, алқабилер, бітімгерлер мен ақсақалдарды осы іске жұмылдырса көптеген қылмыстың алдын алуға болар еді.
– Қылмыспен күресте ғалымдардың, ғылыми-зерттеу институттарының әлеуетін неге пайдаланбаймыз?
– Қылмыстың себеп-салдарын зерттеу керек деп тұрсыз ғой. Расында да, себеп-салдарын зерттемей қылмысты азайта алмаймыз. Бұл іске ғалымдарды, сарапшыларды көбірек тартып, түсіндіру, зерттеу жұмыстарына жұмылдыру қажет. Қазақтың бұрынғы заңдарында «тоғыз төлеу» деген болды. Соларды қайта енгізу керек. Қылмыс жасағандарды бас бостандығынан айырып, оқшаулаумен бұл мәселе шешілмейді. 1998 жылы 29 маусымда Қазақстан БҰҰ-ның Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын ісәрекеттер мен жазаларға қарсы конвенциясын, ал 2008 жылғы 26 маусымда оның факультативтік хаттамасын ратификациялады. 2013 жылғы 2 шілдеде Мемлекет басшысы факультативтік хаттамасына сәйкес Қазақстан қабылдаған міндеттемелерді орындау барысында Қазақстанда азаптауға қарсы ұлттық алдын алу тетігін (ҰАТ) құру туралы Заңға қол қойды. ҰАТ-тың негізгі мақсаты – Қазақстан азаматтарын соттар мен құзыретті мемлекеттік органдардың шешімдері негізінде азаматтары уақытша орналасқан мекемелер мен ұйымдарға тәуелсіз профилактикалық сараптамалық сапарлар жүргізуге тарту. Алайда ол өте баяу іске асып жатыр. Сондықтан Парламент Мәжілісінің жаңа депутаттарына ұсыныс жасап, бұл заңды жүзеге асыруда қоғамдық ұйымдардың рөлін күшейту керек. Дұрыс бағытта құрылған қоғамдық ұйымдар белгілі бір уақытқа оқшауланып, түрмеде отырған адамдардың ары қарай түзеліп кетуіне әсер ете алады. Яғни, дамыған елдердегідей бізге де түрмені қоғамдық бақылауға беру қажет. Заңды түрде тіркелген ұйымның білімі, тәжірибесі, әлеуеті бар адамдары түрмеде жазасын өтеп жатқан сотталғандардың жұмыс істеуіне, кәсіп үйреніп, түзеліп кетуіне жағдайлар жасайды. Түрме қызметкерлері күштік құрылым өкілі болған соң сотталушылар олармен соншалықты сенімді сөйлеспейді. Ал үшінші тарап, қоғамдық ұйымдар біреуі кәсіпкер, біреуі дін қызметкері, біреуі заңгер болып баруы мүмкін. Олар сотталушының жақсы жағынан өзгеруіне, мінез-құлқының қалыптасуына оң әсерін тигізеді деп ойлаймын.
– Біз түрмедегі жағдайды жақсартамыз деп оны насихаттап жатқан жоқпыз ба?
– Кез келген жазаның негізгі мақсаты – біріншіден, әлеуметтік әділеттікті қалпына келтіру. Екіншіден, сотталған азаматтың түзеліп шығуына, қайтадан қылмыс жасамауына жағдай жасау. Қателеспейтін адам болмайды. Олардың жақсы жағына өзгеріп шығуына мүмкіндік туғызу керек. Бізде бірнеше рет түрмеге түскен адамдар бар. Себебі, бізде сотталғандарға, соттылыққа деген көзқарас дұрыс емес. Егер сотталған адам өз қылмысы үшін жазасын алса, өз әрекеті үшін өкінетін және түзеліп шығатын болса, оған қоғамның толыққанды мүшелігіне құқық беру керек. Бізде ол қағаз жүзінде бар болғанымен, іс жүзінде оларды көп жерде жұмысқа алмайды. Оны бәріміз естіп те, көріп те жүрміз. «Прокуратурадан соттылығы жоқ деген қағаз алып кел, сотталған екенсің, сені алмаймыз» дейді. Осылай жұмысқа кіре алмай, әбігерге салынып жүреді түрмеден шыққанда.
– Демократия қағидасы бойынша заң биліктен жоғары тұру керек. Бізде бәрі керісінше тәрізді. Бұл неліктен?
– Бұл – күрделі сұрақ. Мемлекет болып қалу үшін міндетті түрде билік керек. Нақты айтқанда, ең алдымен, өз жері, онда өмір сүретін халқы және одан алым-салық жинап отыратын уәкілетті органдары болуы қажет. Оларды халық сенім білдіріп, өзі сайлайды. Дамыған мемлекеттерде халық өзінің билігін сайлап алады. Қазір бізде де солай. Біз ең жоғарғы уәкілетті президентке бердік. Конституцияның 40-бабына сәйкес ҚР президенті – мемлекет басшысы. Мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға. Ол – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі. Президент мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді. Құқықтық сана көтеріліп, сайлауды халық пен биліктің өзара келісімі деп қабылдамай, олардың арақатынасы ешқашан тең болмайды. Себебі, азаматтық құқықтық қатынастарда екі тараптың құқығы тең болу керек. Бұл енді саяси байланыс, саяси құқықтық қатынас. Яғни, мен Қазақстан азаматы ретінде өзімнің кейбір құқықтарымды ең жоғарғы лауазымды тұлғаға дауыс беру, сенім білдіру арқылы бердім. Сенім білдірілген жоғары лауазымды тұлға халықтың сенімін ақтау үшін оның мүддесіне қайшы келмейтін әрекеттер жасайды. Бұл да, негізінен, келісім. Жуырда Мәжіліс пен мәслихат сайлауы өтеді. Бұл – жақсы үрдіс. Халық сайлаған президент өзінің бағдарламасын ұсынды. Халық оны қабылдай отырып, ұсыныстар енгізеді. Мәжіліс пен мәслихат депутаттары да сайлаушыларын аралап, өз бағдарламасын таныстырып, уәде беріп жүр. Осы жағдайда олардың құқықтық мәдениеті жоғары болуы керек. Билік пен халықтың құқығы қай кезде тең болады? Дұрыс мәміле, келісім болған кезде ғана екеуінің арасында қарама-қайшылық туындайды. Халықтың билікке деген сенімі, биліктің халықтан алған аманаты бар. Яғни, аманатқа қиянат жасалмау керек.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ