Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек» деген болатын.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ел көлемінде өзекті болып отырған осы бір мәселенің түйінін тарқату бағытында ауыл шаруашылығы дақылдарының көптеген түрін өндіретін, агрокәсіпкерлігі дамыған Алматы облысында да бірқатар шара қолға алынуда. Осы орайда жаңа технологияны енгізуге қатысты жайттармен танысу мақсатында облысқа ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов іссапармен келді. Қос министрдің жұмыс сапары облыс әкімдігі мен қытайлық компаниялар арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсіміне қатысумен басталды.
Басқосуда сөз алған Нұржан Молдиярұлы өзі басқаратын министрліктің былтыр құрылғанын, Су кодексі жобасының Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынылғанын, Үкіметтің ҚР су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіткенін тілге тиек етті.
Маңызды іс-шарада «ZHENSHI YONGCHANG COMPOSITES Co. LTD» компаниясының бас директоры Чжоу Чанг сөз алып, бұл кәсіпорынның Шыңжаң аймағына ғана емес, Қытай мемлекетіне танымал екенін, 30 сантиметрден 3-4 метрге дейінгі құбырлар шығаратынын, келешекте облыс аумағында су үнемдейтін технология жабдықтарын шығаратын зауыт ашып, ауқымды жобаларға инвестиция салу ниеті бар екенін жасырмады. Одан кейін «Xinjiang Tianye Water saving Irrigation Co. LTD» компаниясының бас директоры Чжоу Ганг сөз алып, компанияның пластикалық су үнемдейтін жабдықтар шығару, ауыл шаруашылығы техникасын өндіру мен осы саладағы өнімдерді қайта өңдеуден басқа 8 сала бойынша жұмыс істейтінін мәлімдеді. Екі компания өкілдері де өндіретін өнім түрлерін, су үнемдеу технологиясын қандай мемлекеттердің аумағына орнатқандарын, жеткен жетістіктерін және тағы басқа ақпараттарды бейнебаян арқылы таныстырды.
Н. Нұржігітов су үнемдеу технологиясын енгізген шаруашылықтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек-қолдаулар жайлы мағлұмат берді. Сондай-ақ, қытайлықтар ұсынып отырған 1 гектар аумаққа су үнемдеу жүйесін орнату құны өзге мемлекеттермен бірдей болып отырғанын, сондықтан сервистік орталық ашпай-ақ, зауыт салынса, оның бағасын түсіруге мүмкіндік болатынына компания өкілдерінің назарын аударды. Компания өкілдері де министрдің сөзін мақұлдап, ондай жағдайда бағаның да төмендейтінін сендірді.
Меморандумға қол қою рәсімінен кейін елордалық меймандар бассейндік инспекция басшыларымен, шаруа қожалықтарының төрағаларымен, су үнемдеу технологияларын өндіретін кәсіпорындардың өкілдерімен жүздесті.
Келелі жиында алғашқы сөз кезегі ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа берілді.
– Былтыр облыс бойынша жиналған дәнді дақыл 2022 жылғы көрсеткіштен 5 млн тоннаға аз. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 7,7 пайызға төмендеп, 8,7 трлн теңгені құрады. Жыл қорытындысында өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 4,3 трлн теңгені құрап, 2022 жылғы деңгейден 15 пайызға төмендеді. Тауар өндірушілердің еңбегінің арқасында жиналған өнім ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп, экспортқа белгілі бір көлемде жөнелту үшін жеткілікті болды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес зардап шеккен фермерлерді қолдау үшін Үкімет тарапынан бірқатар шара қабылданды. Саланы субсидиялауға шамамен 500 млрд, Үкімет резервінен өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы бойынша қалыптасқан борыштарды өтеуге 64,3 млрд теңге бөлінді. «Бәйтерек» холдингінің қаржы институттары тауар өндірушілерге қатысты айыппұл санкцияларын қолданбай, несие мен қарыздарды ұзартуды жүзеге асыруда. Осы шараларды қабылдау фермерлердің қаржылық жағдайын жақсартуға және 2024 жылғы егіс науқанына дайындалуға мүмкіндік береді, – деген Ауыл шаруашылығы министрі тауар өндірушілерді қолдау үшін Азықтүлік корпорациясының 20 мың тонна жүгеріні 60 мың теңгеден сатып алатыны туралы шешім қабылданғанын атап өтті. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін 2 есеге арттыру міндетін қоюына байланысты министрлік салаға ауқымды талдау жүргізіп, мәселелердің туындау себептері талданып, бірқатар жүйелік проблемалар анықталғанын хабардар етті. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын тиісті сумен қамтамасыз ету күрмеуі қиын мәселенің бірі болып отырғаны, фермерлердің қазіргі заманғы суару жүйелерін сатып алуға жұмсаған шығындарының 50 пайызын өтеу арқылы су үнемдеу технологиялары енгізілгені, былтыр 10 желтоқсанда инвестициялық субсидиялаудың жаңа қағидалары күшіне енгені жайлы әңгімеледі. Сонымен бірге министрлік су үнемдеу технологияларын сатып алуға және орнатуға арналған шығындарды субсидиялау нормативін 50-ден 80 пайызға дейін ұлғайту жөніндегі мәселе пысықталып жатқанын, онда 30 пайыз жергілікті бюджеттен субсидияланатынын, биылдан бастап суару жобалары СҚО тәжірибесі шеңберінде несиелендіру тізбесіне енгізілгенін айта келе, көктемгі егіс жұмыстарын оңтайлы мерзімде жүргізудің басты міндет екенін қадап айтты.
Келесі кезекте Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов елімізде өзекті болып отырған ирригация жүйесі мен гидротехникалық құрылғыларды қалпына келтіру мәселесіне кеңінен тоқталды. Еліміздегі иесіз 9 су қоймасының 4-еуі Алматы облысында орналасқанын, оның коммуналдық меншікке алынуы қажет екенін және диқандардың пайдаланатын суға міндетті түрде келісімшарт жасасуы керегін қаперге салды. Кейбір шаруалардың су жеткізушімен келісімшартқа отырмай, егіннің қурап қалғанын айтып, дабыл қағып жататындарына қынжылыс білдірді. Содан соң облыс әкімінің орынбасары Алмас Батановтың су үнемдеу технологияларын пайдалану мәселесі жөніндегі баяндамасы тыңдалды.
– Облыс аумағында 72 су қоймасы, 112 тоған, 13 бөген мен бөгет, 14 су торабы, 99 магистральдық канал бар. 9,4 мың шақырым суару желісінің 630 метрі республикалық, 4,13 мың шақырымы коммуналдық, 4,64 мың шақырымы жеке меншікте. Суару желілері мен гидротехникалық нысандардың 60-70 пайыз тозуына байланысты су шығыны артып, суармалы жерлер толық игерілмеуде. Бұл мәселені шешу үшін 2022 жылдан бастап айналымнан шығып қалған 54,1 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу бойынша шаралар қабылдануда, – деді Алмас Сұлтанұлы.
Баяндамашының айтуынша, 2022-2023 жылдары республикалық бюджеттен Жамбыл, Іле, Талғар, Райымбек, Кеген аудандары мен Қонаев қаласының суару желілерін қайта жаңғыртуға 7,9 млрд теңге бөлінген. Бүгінде облыста су үнемдеу технологиялары 20,5 мың гектар аумақта қолданылады. Оның 9,6 мың гектары тамшылатып суару, 10,9 мың гектарында жаңбырлатып суару әдісі қолданылады. Облыс су ресурстарымен қамтылған өңір болғанымен, соңғы жылдары су ресурстарының трансшекаралық өзендерден және климаттық өзгерістерге тікелей тәуелділігі айқын байқалды. Ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын пайдалану тыңайтқышты, электр энергиясын, еңбек шығынын үнемдеуге септігін тигізеді.
Сондай-ақ, ерте өнім алуға, топырақ эрозиясының алдын алуға және аурулар мен арамшөптердің таралу ықтималдығын азайтуға да мүмкіндік береді. Биыл инвестициалық салымдарды субсидялауға бюджеттен 4,7 млрд теңге қарастырылған. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында су үнемдеу технологияларының жабдықтарын сатып алуға төмен пайызбен несие беру арқылы қолжетімділігін арттыру жос¬парлануда.
– Бұл ретте жобаларды 20 пайыз алдын ала төлем арқылы іске асырып, қалған бөлігін субсидия алғаннан кейін өтеу тетігі пысықталуда. Облыс аумағында су үнемдеу жаб¬дықтарын шығаратын зауыт салу жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге суды тиімді пайдалану жөнінде түсіндірме жұмыстары үнемі жүргізіледі. Облыс бойынша су үнемдеу технологияларын енгізужұмыстарыодан әрі де жалғасын табады, – деп аяқтады өз сөзін облыс әкімінің орынбасары.
Жиын соңында кооператив, шаруа қожалықтары және су үнемдеу тех¬нология¬ларын өндіретін кәсіпорын өкілдері министрлер мен облыс әкіміне сауалдарын қойып, ұсыныстарын айтып, пікірлерімен бөлісті.
Министрлер сапары одан әрі Қонаев қаласындағы«Жібекжолы» компаниясымен Шеңгелді массивіндегі сорғы стансасында жалғасты. Мұнда министрлер өңірдің суару желісімен танысып, тариф саясаты, су үнемдеу, су сорғыларын жөндеуден өткізу мәселелерін талқылап, мамандармен пікір алысты.
Айжарық Көптілеуов,
Қонаев қаласы