Ойды ой қозғайды, сөзді сөз жалғайды. Облыстық «Алатау арайы» газетінің жаңа жылғы алғашқы санында басылым басшысы Кәдірбек Құныпияұлының «Бас редактор бағаны» деген айдармен «Есімі ¬– жаңа, тарихы – көне» атты мақаласы жарияланды. Мақалада бұрынғы Талдықорған облысының Алматы облысынан бөлініп, қайтадан Жетісу облысы деп қалпына келтірілуіне байланысты газеттің «Жетісу» атауы сол өңірдің атына сай болғандықтан сонда қалдырылғаны, осыған орай газетіміздің бір жылдан бері «Алатау арайы» деп жаңа атаумен шығып келе жатқаны айтылған. Бас редактор оқырмандарға газеттің атауы өзгергенімен, оның тарихы өзгермейтінін еске салып, облыс басылымының әр жылдардағы атаулары қалай аталғанын атап көрсетеді. Жаңа газеттің тарихын жаңа жыл алдында оқырмандарға таныстыруы құптарлық іс болған. Демек, газет – бұрынғылардың заңды жалғасы, мұрагері.
Расын айтсақ, газеттің ескі атауына жадыланып қалған оқырмандардың біразы басылымның жаңа аталымына үйрене алмай, тосырқап қарсы алғаны бар. «Жетісу» атауын көрші облыстың еншілеп кеткені байырғы оқырмандарды жарым көңіл жағдайда қалдырды ғой. Ақиқаты сол, өзгені айтпағанда, өмірімнің 32 жылын осы сүйікті газетіме арнаған менің өзім де өкініп қалдым. Қимадым. Өйтпегенде ше, жас кезімде алғашқы жазған хат-хабар, мақалаларым газет «Коммунизм таңы» деп аталып тұрған кезде шыққан еді. Кейін «Жетісу» деп аталды. Содан бері газеттен қол үзгем жоқ.
Газет тарихы менің де тарихым десем, қателесе қоймаспын. Өйткені тағдыр жолы мені 1972 жылы өзімнің осы сүйікті газетімнің табалдырығын аттатқызды. Сол кездегі Алматы Жоғары партия мектебінің журналистика бөлімін бітіріп келіп, газеттің бөлім меңгерушісі болып орналастым. Қызмет бабымен өсіп, жауапты хатшы, редакторың орынбасары міндеттерін атқардым. Басылымның Әбдуәли Қарағұлов, Пернебек Бейсенов, Мамадияр Жақыпов, Баймолда Мұса, Жақыпжан Нұрғожаев сияқты басшыларымен бірге қызмет етудің бақыты бұйырды. Абыройы зор ортақ іске азды-көпті үлес қосқанымды өзіме мақтаныш тұтам. Зейнеткерлікке де осы газеттен шықтық.
Сол бір жылдары газетте қаламы жүйрік, ойы ұшқыр небір марқасқа журналистердің еңбек еткенін неге еске алмасқа! Аға буын – С.Ақтаев, Б.Мұса, Ж.Темірбеков, М.Тұрапов, М. Жылқайдаров, Т.Сұртаев, Ж. Бозымбеков, жаңа толқын жастардан – М.Тоқашбаев, У.Қалижан, Р.Сәрсенбаев, М.Төлепберген, Қ.Сәрсенбай, К.Адырбеков, Т.Сүйінбай сияқты және тағы басқа көптеген мықты қаламгерлер шығып, басылымның жампозы атанды, газеттің абырой-атағын аспандатты. Осы ұядан талай-талай қазақтың ақын-жазушылары қанат қақты. Аталған журналистердің арасынан республиканың ірі басылымдарын басқарған беделді жігіттер шыққанын бүгін мақтана еске аламыз. Облыстық газет әр кезеңде қазақ журналистикасының ұстаханасы болғаны да жұртқа мәлім.
Иә, Алматы облыстық газетінің жарық көргеніне бір ғасырдан аса уақыт өтті. Ата жасынан асты. Оның сарғыш тартқан беттерінде замана көшінің іздері сайрап жатыр. Парақтай қалсаң, кеңес өкіметі кезіндегі халық басынан кешкен небір ауыр жылдар оқиғалары тайға басқан таңбадай болып алдыңнан шыға келеді. Онда еліміз бен өлкенің бай тарихы бар. Демек, газет тарихы – ел мен жер тарихы, өшпес шежіре. Мұны қалың жұртшылық, әсіресе бүгінгі жас ұрпақ білуге тиіс. Осыған орай мынадай ұсынысым бар. Газеттің бірінші беттегі атауының астына «Алғашқы облыстық газет 1918 жылғы 21 маусымнан шыға бастады деп жазып қою керек. Сонда барша жұртшылық басылымның туған күнін біліп жүреді.
Мына бір оқиғаны да айта кетейін. Облыс екіге бөлінгеннен кейін бірде газет тілшісі маған хабарласты. Айтқаны – басылымының «Октябрь туы”, «Жерұйық» атаулары бар көрші облыс Алматы облысының «Жетісу» газетінің атауын да меншіктеп алыпты. Енді жаңа атау керек. «Сіз газеттің ардагер журналисі ретінде қандай атауды ұсынар едіңіз?» дейді жас әріптесім. «Ойланайын, хабарласам» дедім мен. Отыра қалып ойланып, жаңа 10 атауды жазып жібердім. Бір апта өткен соң газет атауын білейін деп телефон соқсам: «Сіз айтқан атаулардың ішінен «Алатау арайы» деген атауды таңдадық», – деді. Сөйтіп, өзімнің сүйікті газетіме жаңа ат қоюға үлес қосқаныма бір марқайып қалғаным бар.
Басылым осы уақытқа дейін тоғыз рет атауын өзгертіпті. Енді, міне, оныншы рет «Алатау арайы» деген тамаша атаумен шығып отыр. Газеттің аты өзгергенімен, тарихы өзгермейді, қала береді. «Су ағады, астындағы тасы қалады» демей ме халқымыз. Ендеше жаңа атаулы газетімізге жаңа леп, тың табыстар тілейміз.
Ал енді 2024 жылға газетке жазылу барысы қалай екен? Бұл маңызды мәселенің жайын басылым Бас редакторының қалың жұртшылыққа арнап жазған келесі «Талғар ауданы «рекорд» жасады» деген келесі мақаласынан оқып білдік. Өкінішке қарай, бұл іс ойдағыдай болмапты. Газет басшысы «Жазылу барысы көңілді өсірген де жоқ, өшірген де жоқ. Өсірмегені – діттеген деңгейге жете алмадық. Өшірмегені – іздейтін, жазылатын саналы оқырмандарымыздың азаймағаны» дейді. Дегенмен күдіктен үміт басым. Қаншалықты қанағатшыл болсақ та, басылымның таралу тарихының межеге жетпей қалуы қарын аштыратын жай екен. Бірде-бір аудан жазылым бойынша берген уәделерін орындамаған. Қазақ тілді оқырмандары өзге аудандардан кем емес Талғар ауданында 50 ғана адам жазылыпты. Шынында «рекорд» екен. Ұят-ай! Сонда қолына газет ұстамайтын сауатсыз адамдар мұнда көп болғаны ма? Жоқ, олай десек қателесеміз. Жаңалыққа жаны құмар, газетті іздеп жүріп оқитын жандар ауданда аз емес. Бұл баспасөзге жазылу науқанын дұрыс ұйымдастырып, насихаттай алмаған аудан әкімдігі мен мекеме басшыларының, тиісті жауапты адамдардың кемшілігі, енжарлығы десек те болар.
Газетке жазылу деңгейінің әлі де төмен болуының себеп-салдары: біріншіден, адамдардың ұялы телефонға үйірсектігі, жаңалықты өсек-аяңға толы желіден іздейтіндігі, екіншіден, бұл маңызды іске аудан әкімдері мен осы іске жауапты орынбасарларының, ішкі саясат бөлімдерінің, мектеп, денсаулық, мәдениет, әртүрлі мекеме жетекшілерінің жете көңіл бөлмеуі, насихат пен ұйымдастыру ісінің әлсіздігі, үшіншіден, пошта қызметкерлерінің салғырттығы, төртіншіден, оқырмандардың жаңа газет атауына әлі де болса үйрене алмай жатқандығы ма деймін. Бесіншіден, бұрынғыға қарағанда, оқырмандар белсенділігінің бәсеңдеуі де алаңдатады. Міне, осындай тұсау болар кемшіліктер түзетілсе, іс оңға басар еді. Бұл маңызды шаруаны газет қызметкерлеріне ғана жүктеп қою дұрыс емес. Оны жалпы жұртшылық болып жүзеге асыру керек. Басшыға да, қарапайым оқырманға да ортақ мәселе.
Осындайда сонау бір жылдары жұртшылықтың газет, журналдарға деген ұмтылысы мен құштарлығының өте күшті болғаны еске түседі. Облыстық газеттің тиражы 30-40 мыңды құрайтын. Шопанның қонышында журнал, қойнында газет жүретін. Аудандық партия комитеттерінің хатшылары, шаруашылық, мекеме басшылары жұмыс күндерін газет оқудан бастамаушы ма еді. Шіркін-ай дейсің, солардың баспасөзге деген құрметі мен үлгі-өнегесі кейінгі жаңа толқындағы жас әкім-қаралар мен әр саладағы басшыларға сабақ болса, қанеки!
Қалай десек те, көненің көзі, бүгіннің сөзі болған «Алатау арайы» газеті өзінің саналы да сауатты оқырмандарына сенеді. Қолына ұялы телефонды емес, ең алдымен газетті ұстайтын, жаңалықты жаны сүйетін жандар қайдасыңдар демекпіз. Өз өңіріңнің басылымына жазыл. Жазыл да, өзгелерге үлгі бол. Оқы. Оқысаң ойың озады, санаң сергиді. Рухани азық аласың, ағайын!
Жұмаш Арғымбайұлы,
«Алатау арайының» ардагері,
Қазақстанның Құрметті журналисі