Облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов «AMANAT» партиясының Алматы облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді. Оған бірқатар басқарма өкілі де қатысты. Жеке қабылдауға жазылған азаматтар ауыл-аймақта шешемін таппай тұрған мәселелерді алға тартты.
Талғар ауданынан келген ақсақал Серік Айнақұлов Қайнар округіне қарасты Көктал мен Достық ауылдарының арасы 7 шақырымды құрайтынын, бұл елдімекендерде автобус мәселесі 5-6 жылдан бері көтеріліп келе жатқанын, екі ауылдың дәл ортасынан ақылы жол өткендіктен такси жүрмейтінін, ауыл тұрғындарына Алматы қаласына қатынау да қиындық туғызып отырғанын айтты. Екі ауылда 5000-ға жуық тұрғын бар. Осыған орай қария екі ауылдың арасын жалғап, ары қарай Алматыға қатынайтын автобус жүрсе деген өтінішін жеткізді.
Алмас Сұлтанұлы Алматы маңындағы 50 шақырымдық елдімекендерді қоғамдық көлікпен қамту қала құзырындағы мәселе екенін, биыл Алматы қаласының әкімдігі 20 жаңа бағытты ашу үшін жаңа автобустар сатып алатынын, олардың бірі Қайнар, Достық, Кіші Байсерке ауылдары арқылы Алматыға қатынайтынын айтты. Ол, сондай-ақ, былтыр облыс аумағында 20 әлеуметтік маңызы бар бағыттар ашылғанын атап өтті.
Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны Дулат Қасымшалов Бәйтерек ауылында 20 жылдан астам уақыт карьерлар жұмыс істеп келе жатқанын, кейбіреулері жұмысын тоқтатқанымен, орындары терең шұңқыр болып қалатынын алға тартты. Тұрғындар бірнеше мекеме басшысына арызданғанымен еш нәтиже шықпағанын айтып, аталған мәселенің шешілуіне ықпал етуді сұрады.
Еңбекшіқазақ ауданының тағы бір тұрғыны Ерғали Байбөриев заңсыз қазу жұмыстарына алаңдайтынын жеткізді.
– Бәйтерек ауылдық округіне қарасты «Бағдаршам» саяжайы тұрғындарының атынан келіп отырмын. Бәйтерек пен Ават ауылының ортасын бөліп, Талғар өзені ағып жатыр. Қазіргі таңда өзеннің жағасына қызыл жолақ орнатылғанына қарамастан жекеменшік компаниялар қазу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Көктемде аталған өзеннің ағысы күшейіп, жақын орналасқан үйлерді су басу қаупі бар. Сонымен қатар, карьерлардың орны қоқыс алаңына айналуда. Осыдан бірнеше жыл бұрын біз аудан басшылығына шағымданып барғанымыздан кейін өзеннің жағасын қазуды тоқтатқан болатын, қазіргі уақытта қайтадан бастады. Бізде фото-бейне, айғақтар да бар. Оны әлеуметтік желілерге де жарияладық, әзірге нәтиже жоқ, – деді.
Бұл орайда Алмас Сұлтанұлы Еңбекшіқазақ ауданында қиыршық тасты заңсыз өндірген екі компания тіркелгенін хабарлап, қазіргі уақытта бұлар өз қызметін тоқтатқанын және биылғы жылдың наурыз айына дейін олар заңды тіркеуден өтуі керектігін, бұл мәселе экономикалық тергеу департаменті мен прокуратураның бақылауында екенін атап өтті.
Шалғай аудан тұрғындары қоғамдық қабылдауға онлайн түрде қатысты. Кеген ауылының тұрғыны Кеңес Ердесбайұлы:
– Кеген ауданына қарасты 12 ауылдық округ бар. Олардың тек 3-еуінде ветеринариялық бөлімше қарастырылған. Яғни, қалған 9 ауылдық округ бөлімше салуды қажет етеді. Тұйық ауылдық округінде бөлімше жоқ болғандықтан, сол ауылда қызмет ететін ветеринар өз үйінің бір бөлмесін қызмет бөлмесіне айналдырып, жұмыс атқаруда. Осы жағдайлар ескеріліп, ауылдық округтерде ветеринариялық бөлімшелер салынса, – деді.
Облыс әкімінің орынбасары аудан басшылығынан ветеринарлық бөлімшелер салуға қажетті жер учаскелерінің бар-жоқтығы туралы сұрап білді. Оң жауап алғаннан кейін ол ветеринария басқармасына нысанды салуға өтініш беруді және қаржыландыруды қарастыруды тапсырды.
Қоғамдық қабылдауда қойылған сұрақтардың басым бөлігі автомобиль жолдарын жөндеуге қатысты болды. Мәселен, Балқаш ауданы Құйған ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Акпар Молдаров облыстық маңызы бар «Жиделі – Құйған» ауылы аралығындағы 18 шақырымдық тас жолға күрделі жөндеу жүргізілуін сұрады. Ал Райымбек ауданы Нарынқол ауылының тұрғыны Бектұрсын Тұрсынбай «Нарынқол – Кеген» тас жолының нашарлығына байланысты түрлі жол-көлік апаты жиі болатынын айтып, осы жол жөнделсе деген өтінішін білдірді.
Бұл орайда облыс әкімінің орынбасары «Жиделі-Құйған» облыстық маңызы бар жолы қайта жасауды талап ететінін айтып, тиісті мекемеге жобалау-сметалық құжаттаманы дайындауды тапсырды. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 89 шақырым болатын «Кеген – Нарынқол» тасжолының 15 шақырымы биыл жөнделетінін айтты. Ол үшін «Қазавтожолға» 1,4 млрд теңге бөлінген. Қалған 74 км жер кезең-кезеңімен жөнделмек. Ол үшін тиісті мекемеге ұсыныс жасалмақ.
Тұрғындарды қабылдаған Алмас Батанов көтерілген барлық сұрақтың әлеуметтік маңызы зор екенін, оның ешқайсысы назардан тыс қалмайтынын атап өтіп, мәселе өзектілігіне қарай шешімін табатынын жеткізді.
Алма Есенбай