Облыс әкімдігінің мәжіліс залында кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі алғашқы комиссия отырысы өтті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым төрағалық еткен жиынға комиссия мүшелері, облыстық прокуратура өкілдері, құқық қорғау органдары, аудандар мен Қонаев қаласы әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Күн тәртібінде өзекті деген 6 мәселе қаралып, балалардың мүддесін қорғау шаралары талқыланды.
Алғашқы сөзді алған кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатшысы Айғана Асанова өткен жылы кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы баяндама жасап, былтыр жасөспірімдерге қарсы көрсетілген құқықбұзушылықтарды жіпке тізді. Оның сөзінше, 2023 жылы балалар арасында 112 қылмыс жасалып, оның ішінде, жас бұзақылардың құрбы-құрдастарын қорлау, бопсалау және ұрып-соғу фактілері тіркелген. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың тағдырын бұзу бойынша да қылмыстық іс белең алып, 2022 жылғы көрсеткіш екі есеге көбейген. Өкініштісі, қоғамның ең әлсіз, қорғауға мұқтаж мүшелерінің құқығын қорғау үшін мемлекеттік органдар тарапынан жүргізіліп жатқан кешенді шараларға қарамастан, балалардың зардап шегу деректері арта түскенін тілге тиек етті. Айғана Асанова өз сөзінде:
– Былтыр жастардың жыныстық қол сұғылмауына қарсы жүзге жуық қылмыс жасалды, бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Әсіресе, кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстардың көшін Балқаш ауданы бастап тұр. Мұнда жасөспірімдердің көпшілігі балалар қамқоршыларының қатыгездік шараларына тап болғанын атап өткен жөн, – деп ата-аналардың жауапкершілігі төмендегенін алға тартты.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Эльмира Иманғалиева баяндамасында «Қоғамдық пікірді зерттеу институтының» қорытындысына сілтеме жасады. Оның айтуынша, кәмелетке толмағандардың басым бөлігі 15 жастан жыныстық белсенді бола бастайды. Оның үстіне олардың 16 пайызы кем дегенде бір рет жүкті болған. Бұл санның 60 пайызы ана атанса, 22 пайызы жүктілікті жасанды тоқтатуға жүгінген көрінеді. Басқарма өкілі аталмыш мәселелерді шешу үшін бірқатар шара ұсынып жатқанын баса айтты.
– Біз ата-аналар институтын құруды, бұл проблемаларды тікелей студенттермен, мұғалімдермен және психологтермен талқылауды ұсынамыз. Осылайша, балалар сұрақтарын ашық қойып, өз мәселелерімен бөліседі. Кәмелетке толмағандармен әңгімелесу жүргізіп, қалаусыз жүктіліктен қорғану жолдарын түсіндіріп, оларға контрацептивтерді тегін тарату қажет, – деген баяндамашы баланың үйдегі тәрбиесіне үлкен мән беру қажеттігін айтып өтті.
Облыс прокурорының аға көмекшісі Бауыржан Бимолданов өз кезегінде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету жайына тоқталды. Өткен жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығына шаңырағы шайқалған 220-дан астам адам, оның ішінде, 56 ана және 164 бала қабылданған. Осы орайда прокуратура өкілі әлеуметтік көмек орталығына жүгінгендердің қате-кемшіліктерін де сөзіне қосты. Оның айтуынша, ерінен зардап шегіп, балаларымен далада қалған аналар құқық бұзушыны, яғни, отағасын жазалау қажет еместігін алға тартып, уақытша қиындықтардан қашу үшін әлеуметтік орталықтың көмегіне жүгінетін көрінеді. Сондай-ақ облыс прокурорының аға көмекшісі қорғаншылық және қамқоршылық органдарының өз міндеттерін дұрыс орындамай отырғанын атап өтті. Ал басқа да уәкілетті органдар оң статистиканы алу мақсатында тіпті жұмыс істемейтін отбасылардың сенімсіз тізімін береді. Осы орайда аталмыш ауыр мәселелерді тек құжат, қағаз жүзінде емес, іс жүзінде көрсету керектігін жеткізді.
– Қорғаншылық және қамқоршылық органдарының біліксіздігі мен ресми жұмысын байқадық. Бала құқықтары туралы Заңның күшімен оларға өкілеттіктер мен жауапкершіліктер қабаты жүктелгенімен, шын мәнінде, олар өздерінің дәрменсіздігі мен шешімсіздігін көрсетті. Біз оларды оқытуымыз керек, ал кейбір жағдайларда оларды өз бетінше жұмыс істеуге мәжбүрлейміз. Өткен жылдың ішінде құжаттардың сауатсыз рәсімделуіне байланысты қараусыз қалған 40-қа жуық ата-ана құқығынан айыру және шектеу туралы талапарыздар анықталды. Ата-аналар азғын өмір салтын ұстанғандықтан балалар да қауіпті ортада жүр, – деп өз сөзін мысалдармен дәлелдеп қадап айтты.
Прокурор білім саласына жауапты мамандардың да жұмыс барысы әлсіз екенін алға тартып, мектептер жоғары сынып оқушыларының, тіпті мұғалімдердің оқушыларды ұрып-соғу фактілерін жасыратынын жеткізді. Бұл мәселелерге тек мектептегі қорлау, мектеп оқушыларын өз өмірін қиюға итермелеген сәттерде көз жететінін айтты.
– Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияның соңғы отырысында мектеп күзетшісінің мас күйінде болғанын айтқан болатынбыз. Аталған факт бойынша мектеп директоры мен аудандық білім бөлімінің басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Алайда аудандық білім бөлімінің басшысы тиісті қорытынды жасамай, алдын алу шараларын қолданбаған. Нәтижесінде, биыл мектепте ішімдік ішкен бес мұғалім анықталды, – деп облыс әкімінің бірінші орынбасарынан аталмыш мәселені шешуді сұрады.
Баяндама соңында Бауыржан Бимолданов полиция департаментінің, денсаулық сақтау және білім беру басқармаларының басшыларын «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасын жүзеге асыруға қосылуға шақырды.
Жиын барысында сөз алған қоғам белсендісі Оксана Маралова да қамқоршылық органдарының жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Ол уәкілетті органдар өз жұмыстарын істемейтіндіктен түн жарымында болсын зардап шеккендерге көмектесуіне тура келетінін айтты.
– Маған ай сайын 30-40-қа жуық кәмелетке толмаған балалар жүгінеді. Мен 7 баланың анасымын, соған қарамай оларды үйде қалдырып, түн ортасында жәрдем сұрап жаныма жеткен кішкентайларға көмектесу үшін көшеге шығуыма тура келеді. Көршілерден болсын, зардап шеккендердің өздерінен болсын қоңыраулар үздіксіз түседі. Мен көмектесу үшін зардап шеккендерге барғаныммен олардың қауіпсіздігін қам тамасыз ету құзырымыз жоқ. Қашанға дейін қоғам белсенділері уәкілетті органдардың жұмысын атқаруы керек? – деп ашынды Оксана Әділмырзақызы.
«Әділ» қайырымдылық қорының негізін қалаушының сұрағына жауап бергендер әр аудандағы қорғаншылық және қамқоршылық бөлімдерінде бір ғана маман жұмыс істейтінін алға тартты. Және олар үшін бірден бірнеше бағыттағы жұмысты атқару физикалық тұрғыдан қиын соғатынын сөздеріне қосты. Осыған орай олар облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахымға түрлі мамандықтар бойынша бірнеше кадр бөлуді сұрап, өтініш білдірді.
Комиссия отырысын қорытындылаған Нұрлан Ерғалиұлы жекелеген құрылымдардың жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Күн тәртібінде қаралған барлық мәселелердің дереу шешімін табуы үшін тиісті мекемелерге тапсырма беріп, жасөспірімдер ісінде жауапсыздық танытқандарға ескерту жасады. Өткен жылдан бері прокуратура, құқық қорғау органдары және психологтардың бірлескен жұмысын үйлестіру мәселесі бірнеше рет көтерілсе де, көңіл көншітерлік қызмет атқарылмағанына тоқталды. Сондай-ақ барлық өңірдегі әкімдерге, қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің органдарына қатаң ескерту жариялады.
Құралбек Сәбитұлы