Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің «Білім беруде өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында білім беру жүйесі – түрлі жаңа инновациялық тұжырымдамалар белсенді түрде енгізіліп жатқан саланың бірі болып табылады. Бағдарламаның мақсаты: болашақ мектеп басшыларының мектепті тиімді басқару үшін қажет тұлғалық, кәсіби, басқарушылық және аналитикалық дағдылары мен құзыреттілігін дамыту. Бастапқы кезеңде жобаға қатысуға 8068 адам тіркеліп, оның 2809-ы тестілеуден өтті. Тестілеу нәтижелері бойынша оқуға ұсынылған үміткерлердің сараланған тізімі қалыптастырылды. 3 шілдеден бастап 275 үміткерді оқыту басталды. Сол тесттен өткен үміткерлердің бірі болдым. Курс бірнеше деңгейден тұрады. 80 сағаттан тұратын Негізгі (базалық) деңгейден кейін алған білімдерімізді тест арқылы тексерді. Келесі Ілгері деңгейге 222 үміткер өткен болатын, 120 сағаттан тұратын оқудан кейін барлық үміткер рефлексиялық есеп жазып белгіленген мерзімде сарапшыларға электронды түрін жүктеу арқылы жіберілді. Республика бойынша Кәсіби деңгейге 208 үміткер өтіппіз. Бұл деңгейде 160 сағат оқу материалдары қарастырылған, сонымен қатар мектептегі практика 40 сағатты құрады. Алған білімімізді жоспардың үлгісі мен рефлексиялық есебімізге қоса мектепте жүрген әр күнімізді күнделікке түсіріп отырдық. Барлық материалды жинақтап Астанада отырған тәуелсіз сарапшыларға қайта жүктедік.
Осы кезеңдерді өту кездерінде «Мектепті басқаруға құзыреттілігім жете ме?» – деген сұрақ төңірегінде ойланып көрдім. Курсты оқу барысында көшбасшылық та үлкен маңызға ие екенін ұқтым. Процесті жауапкершілігіңе алып өз үлгісімен командаға бағыт беріп нәтижеге дейін қадағалап отыру, басқарып отырған ұжымыңа нәтижелі жұмыспен қоса, сол нәтижеге жеткендегі қуанышы, болашақта атқаратын жұмысқа қызығушылығын арттыратынына көзім жетті. Нәтиже ойыңнан шығу үшін көшбасшы ретінде ұжымыңа білім, ресурс, дағды, және жағдай жасалуын назарда ұстау керек. Арасында жасалған жұмысқа кері байланыс пен мотивация беріп отыруды әдетке айналдырсам ойыңдағыдай нәтижеге қол жеткізуге болады деп ойлаймын. Келесі жұмыста жақсы нәтиже көрсету үшін жасалған процесс барлық ұжымның белсенді атқаруына түрткі болатын тапсырмалар біліктілігіне сәйкес бөліп отырсам жұмыс жүргізіп отырған мүшелерге қиындық тудырмайды. Соңында атқарылған жұмыс бойынша рейтинг жасап, жақсы жақтар мен әлсіз тұстарды саралап отырсам келесі жұмысқа бағыт аламын. Бұл ойлардың барлығы курсты оқу барысында өз ойымда түйіп отырдым.
Курсты оқығанға дейін мектептің дамуын тек білімін дамытумен байланыстыратынмын. Сөйтсем ішкі жұмыс процессін қалыптастырып алған соң мектеп басшысының имиджін қалыптастыру мәселесі де өзекті екенін түсіндім. Себебі ішкі және сыртқы имиджді дұрыс қалыптастыру арқылы мектеп мәдениеті де қалыптаса бастайды. Өз кезегінде мектептің біресе өсіп, біресе құлдырап кетпей бір қалыпта дамуына ықпал етеді деп ойлаймын. Абыройлы басшы болу, мектептің жақсы атын бірден қалыптастыра салуға болмайтынын түсінемін. Ол үшін біраз уақыт пен күш-жігерді мақсатты түрде жұмсайсың. Түр әлпетіңнен бастап, мінез-құлқың, шиеленіскен жағдайда адамдармен қарым-қатынасың, басына қиындық келген адамның жағдайын дұрыс түсініп қолдау жасауың, бір орында тұрақтап қалмай заман талабын ескеріп дамуың барлығы маңызды. Тренеріміз жеке басыңның дамуына арналған Дэйл Корнеги «Дос табу, тіл табысу өнері», Дэниел Гоулман «Эмоционалды интелек», Клаус Шваб «Төрт өндірістік революция» және т.б. кітаптарды оқуға кеңес берді, екеуін тауып оқып жатырмын. Өзгеріс агенті болу үшін ішкі әлеміңді өзгерту керек екенін түсіндім.
VUKA әлемінің талаптарында еңбек ету шегарамен шектелмейді. Заман талабына сай жаңа мамандықтар мен жойылып кететін мамандықтардың түрлері зерттеу барысында анықталып отыр. Кадр алғанда технологияны меңгерген, пәнінде болып жатқан трендтер мен жаңалықтардан хабардар жас маманның қасиетеріне аса көңіл аударамын. Себебі заман ағымына қарай жасанды интелек және машиналы оқыту маманы, технологиялық процестерді автоматтандыру мамандары, тәуекелдерді басқару бойынша мамандықты игеретін шәкірт тәрбиелеу білім беруді ұйымдастыруда бірінші кезекте тұрған мәселем болады.
VUKA әлемінің талаптарына сәйкес педагог – бұл рухани дамыған, креативті, интелектуалды тұлға, иновациялық технологияларды меңгерген, заманауи педагогикалық құралдардың барлық әлеуетіне ие және үнемі өзін-өзі жетілдіруге ұмтылатын білікті маман. Оқушыларды ынталандыруда ұстазының атқаратын ролі зор. Педагог кадрлардың кәсіби дамуын басқару мақсатында стандарттағы санаттық талаптарды басшылыққа ала отырып аттестациядан мұғалімдердің даму жоспары жүйелі жетілдіру мақсатында сабақтарына рефлексиялық есеп жасау тәжірибесін енгізуді жоспарладым. Осы дағды арқылы мектеп әкімшілігінің қадағалауымен емес, мұғалімдер өзінің жеткен жетістігі, кеткен кемшілігін саралауды өздеріне бақылап отыруын көздеп отырмын.
Менің ойымда мынандай сұрақ бар еді: «Қазіргі цифрланған заманда оқушылар мен мұғалімдердің қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында мектеп жұмысын қалай ұйымдастыруға болады?». Кадрлық резервтің ілгері деңгей курсынан мен өз жоспарыма SAMR моделін алдым. SAMR моделінде мектеп цифрлық технологияларды қандай деңгейде қолдануда және қай бағытқа қарай дамуы керек екенін нақты қадамдары көрсетілген. Егер біз оқушыларымызға ескірген білім беретін болсақ оларды болашаққа дайындай алмаймыз. Біздің мектептегі мұғалімдер арасында kahoot, kuzis, learningapps.org, wordwall.net/ru, kundelik.ka, onlinmektep цифрлық қызметтер ең танымал. Ал, мектеп директорына қандай қызметтер қажет? Мен курстың 9-модулін өткенде өзіме жасанды интелек деген жаңа ұғымды ашытым. Ол бойынша ChatGPT мүмкіндіктерін қолданып таң қалдым. Технология игеру және сабақта көрсете алу жай технология ретінде маңызды емес, оны сыныптағы оқыту процесіне интеграциялау маңызды екенін түсіндірдім. Ғаламтор мүмкіндігі шектеулі оқушыны өзінің құрдастарымен тең дәрежеде араласуына мүмкіндік береді, сонымен қатар әр түрлі пиғылы жаман адамдардың жетегіне кетіп өзінің өмірін қиуына дейін әкеледі. Білім елдің әлеуметтік және экономикалық жағдайын көтеретін қызмет атқаруы тиіс. Ата-аналар балаларының қанша сағат ғаламторда отыруын қадағалаудан гөрі не көріп, немен айналысатына көбірек көңіл бөлуі керек. Балалардың цифрлық білімі үлкендердің білімінен кей жағдайларда жоғары, бірақ олар цифрлық технологияларды қолдануда бағыт бағдар алуды қажет етпейді деген сөз емес. Олардың цифрлық әлемде моральдық тұрғыдан дұрыс қалыптасуы үлкендерге байланысты. Ал, мектепте цифрлық білім беру ортасын құру мектеп басшысы мен ұжымның тікелей міндеті.
Бұл білім мен идеялар осы жобаға қатысып, білім мен тәжірибе алмасу барысында туындады. Курстың соңғы нүктесі 19 қаңтар 2024 жылы Астана қаласында қойылды. Барлық сынақтан сүрінбей өткен 208 үміткерді Оқу-ағарту министрі Ғ.Б.Бейсенбаев өз тәжірибесімен бөлісіп есте қаларлық сұхбаттасу жүргізді. Шараның соңында көптен күткен сертификаттарымызды әр қайсымызға жеке өзі табыстады. Қазіргі таңда мен Алматы облысының «Ш.Смағұлов атындағы мамандандырылған физика-математика лицей – интернат» КММ-нің директор қызметіне тағайындалдым.
Мақсатым ұлттық құндылықтарды, дәстүрлерді, тарихи және мәдени мұраны қадірлейтін, әлемді жақсы жаққа өзгертуге мүмкіндік беретін жобаларды іске асыруға ұмтылатын көшбасшы болу.
Гүлмира Әлдибекова,
«Ш.Смағұлов атындағы мамандандырылған физика-математика лицей-интернат» КММ-нің директоры