Дүниенің көрінген не көрінбеген сырын түгелдеп,
ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны
болмайды.
Абай Құнанбаев
«Біз табиғаттың өзін қайта түлететін ұрпақпыз. Жер, су, ауа – адам баласының ұрпағынан ұрпағына мұра болып келе жатқан мол қазына… Әрбір ағашты, әрбір бұтақты, жалғыз дәнді де ыждағаттылықпен сақтау, қамқор болу – басты міндеттің бірі». Ыбырай Жақаев.
Қазіргі қарқынды және динамикалық әлемде адамдардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету – басты мәселе. Соңғы уақытта жиі болып жатқан жазатайым оқиғалар мен төтенше жағдайлар өмір қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыруға күш салудың өзекті қажеттілігін айқындап берді. Тіршілік қауіпсіздігінің мәдениеті адамдарды зияннан қорғайтын және тәуекелдерді азайтатын қауіпсіз ортаны құру үшін маңызды.
Экологиялық келелі мәселелер адамзат дамуының барлық тарихи кезеңдерінде орын алып отырды. Бірақ, өндірістік қоғам мен демографиялық қарқынды даму кезеңінде адамзаттың табиғатқа теріс әсерінің нәтижелері ғаламдық сипатқа ие болды. Экологиялық мәселенің мәні – табиғаттағы қалыптасқан тепе-теңдікті бұзбай, миллиардтаған адамдардың барлық қажеттіліктерін қамтамасыз ету. Биосфераны қорғау мен сақтап қалу басты мәселе болып отыр. Экологиялық мәселелердің алдын алу үшін адам ретсіз дамудан тиімді, реттелген, табиғат пен қоғамның даму заңдарына негізделген дамуға өтуі тиіс. Тек осы кезде ғана адамзат қоғамының дамуы үздіксіз, ұзақ мерзімді, бірқалыпты жағдайда, табиғи және әлеуметтік дағдарыссыз дамиды. Мұндай дамуды – тұрақты даму деп атайды. Бірақ бұл үшін адамдардың сана-сезімі, олардың мақсаты мен адамгершілік бағыттылығы өзгеруі тиіс.
Планетадағы тіршілікті қорғау бүкіл адамзаттың бірігуін талап етеді.
1987 жылы БҰҰ-ның Дүниежүзілік қоршаған орта мен даму комиссиясы «Біздің жалпы болашағымыз» атты есебінде «қоршаған орта үшін қауіпсіз экономикалық дәуірге» аяқ басуға шақырды. Алғаш рет «тұрақты даму» концепциясы ұсынылды. «Тұрақты даму» – қазіргі уақыттың қажеттілігін қамтамасыз ете отырып, болашақ ұрпақтың өз қажеттіліктерін қамтамасыз етуіне қауіп туғызбайтын даму. «Біз ата-бабаларымыздың жерін мұраға алған жоқпыз. Біз оны өзіміздің балаларымыздан қарызға алдық» (БҰҰ материалынан).
1992 жылдың маусым айында Рио-де-Жанейро қаласында өткен БҰҰ-ның қоршаған орта мен даму бойынша өткен конференциясы «Тұрақты даму» концепциясын және «ХХІ ғасырдың күн тәртібіне» атты ауқымды бағдарламасын қабылдады. Бұл бағдарламада шешімі болашақта тұрақты дамуды қамтамасыз ететін жалпы мәселелер қарастырылған.
ТДМ-2030 – азаматтардың өмір сапасын арттыруға, мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуына, экологиялық тұрақтылығына бағытталған 2030 жылға дейінгі мақсаттар мен индикаторлардың кешенді жинағы болып табылады. ТДМ (Тұрақты даму мақсаттары) 2030 жылға дейін жетуге тиіс 17 мақсаттан, сондай-ақ, оларға байланысты 169 міндеттерден және 242 индикатордан тұрады.
ТДМ үш компонентті біріктіру арқылы тұрақты дамуға жетуіне жәрдемдесуге тиіс:
1) экономикалық,
2) әлеуметтік
3) экологиялық.
Тұрақты дамудың үш компонентері арасындағы өзара тығыз байланыстың болуы климаттық өзгерістердің маңызды салдарлары және шектелген табиғи ресурстарды сақтау және “жасыл” экономикаға ауысу қажеттілігі айқын болған қазіргі жағдайда ерекше өзекті болады. 2030 жылға дейін тұрақты даму мақсаттары мынадай:
1-мақсат. Барлық жерде кедейліктің барлық түрін жою.
2-мақсат. Ашаршылықты жою, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тамақтануды жақсарту және ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына жәрдемдесу.
3-мақсат. Салауатты өмір салтын қамтамасыз ету және барлық адамның кез келген жаста сау болуына ықпал ету.
4-мақсат. Барлығын қамтитын әрі әділ сапалы білім беруді және өмір бойы білім алу мүмкіндігін ынталандыруды қамтамасыз ету.
5-мақсат. Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және әйелдер мен қыздардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту.
6-мақсат. Су ресурстарының барлығына бірдей қолжетімді болуын және оларды тиімді пайдалану мен санитарияны қамтамасыз ету.
7-мақсат. Барлық адамның қымбат емес, сенімді, тұрақты және заманауи энергия көздеріне қол жеткізуін қамтамасыз ету.
8-мақсат. Ілгерілемелі, барлығын қамтитын және тұрақты экономикалық өсімге, баршаның толық және өнміді жұмыспен қамтылуына және лайықты жұмысына жәрдемдесу.
9-мақсат. Тұрақты инфрақұрылымды жасау, барлығын қамтитын және тұрақты индустрияландыруға және инновацияларға жәрдемдесу.
10-мақсат. Елдер ішіндегі және олар арасындағы теңсіздікті қысқарту.
11-мақсат. Қалалар мен елді мекендердің ашықтығын, қауіпсіздігін, өмірге төзімділігін және экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету.
12-мақсат. Тұтыну мен өндірудің оңтайлы модельдеріне көшу.
13-мақсат. Климаттың өзгеруіне және оның салдарларымен күресуде жедел шаралар қолдану.
14-мақсат. Мұхиттарды, теңіздерді және теңіз ресурстарын тұрақты даму мақсатында сақтау және ұтымды пайдалану.
15-мақсат. Құрлықтың экожүйелерін қорғау және қалпына келтіру және оларды оңтайлы пайдалануға ықпал ету, орманды оңтайлы пайдалану, шөлге айналуға қарсы күрес, жердің тозуын тоқтату және биологиялық алуан түрліліктен айырылу үдерісін болдырмау.
16-мақсат. Тұрақты даму мақсатында бейбітшіл және ашық қоғамды құруға жәрдемдесу, барлығына арналған сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз ету және барлық деңгейде тиімді, есеп беретін әрі бұқараның қатысуына негізделген мекемелерді құру.
17-мақсат. Тұрақты даму мақсатындағы Жаһандық әріптестік шеңберінде жүзеге асыру құралдарын нығайту және жұмысты жандандыру.
2022 жылы Францияның Париж қаласында ЮНЕСКОның штаб-квартирасында УНИТВИН бағдарламасының 30 жылдығына арналған «Әділетті және тұрақты болашақ үшін білімді трансформациялау” тақырыбындағы халықаралық конференцияға кафедра оқытушылары қатысып қайтты. Әлемнің 117 елінен ЮНЕСКО-ның 850 орталықтары мен кафедраларының өкілдері қатысқан екі күндік іс-шараның тақырыбы ғылыми, моральдық, интеллектуалдық және академиялық ынтымақтастық рухына негізделген “білімді әділ және тұрақты болашақ үшін трансформациялау” болды. Кафедралар оқытудың жаңа бастамаларын құруда, зерттеулер арқылы инновацияларды қалыптастыруда және мәдени әртүрлілікке ықпал ете отырып, университеттің қолданыстағы бағдарламаларын байытуға үлес қосуда маңызды екендіктерін дәлелдеді.
Осы мақсаттардың негізі – өмір қауіпсіздігіне басымдық беру арқылы ұжымдық мәдениетті дамыту арқылы кәсіпорындар, қауымдастықтар және жеке адамдар төтенше жағдайлар мен апаттар алдында жалпы төзімділігі мен дайындығын арттыра алады. Өмір қауіпсіздігі мәдениетін жақсарту үшін әртүрлі стратегиялар мен үздік тәжірибелерді қарастырған абзал. Тіршілік қауіпсіздігі мәдениетін арттырудың негізгі тіректерінің бірі – хабардарлық пен білімді насихаттау. Төтенше жағдайлардың алдын алу, жою және апатқа дайындық сияқты тақырыптар бойынша оқу сабақтарын, семинарларды және білім беру ресурстарын ұсына отырып, ұйымдар дағдарыс уақытында тиімді әрекет ету үшін қажетті білім мен дағдыларды үйретеді. Сонымен қатар, тұрақты жаттығуларды өткізу қауіпсіздікті күшейтуге және қызметкерлердің төтенше жағдайларға дайын болуын қамтамасыз етуге көмектеседі. Тіршілік қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастырудың тағы бір маңызды аспектісі қауіпсіздік саласындағы процедураларды әзірлеу және енгізу. Жауапты ұйымдар төтенше жағдайларға әрекет ету, тәуекелдерді бағалау және ықтимал қауіптерді анықтау үшін нақты нұсқауларды даярлау керек. Технология мен инновацияның интеграциясы- IT құрылғылары, сенсорлар, автоматтандырылған ескерту жүйелері және болжамды талдау сияқты озық технологияларға инвестиция салу арқылы қауіптерді анықтау, әрекет ету және азайту қабілетін арттыруға болады. Тіршілік қауіпсіздігі мәдениетін арттыру – үздіксіз жетілдіруді талап ететін үздіксіз процесс. Өмір қауіпсіздігі мәдениетін арттыру адамдарды зияндардан, апаттардан қорғайтын және тәуекелдерді барынша азайтатын қауіпсіз және тұрақты ортаны құру үшін маңызды.
Төтенше жағдайларға кадр қызметкерлері психологиялық дайын болуы қажет. Төтенше жағдайларды жою кезінде техногендік, табиғи және психологиялық факторлардың адамға зиянды әсер етуі нәтижесінде денсаулығының бұзылуына: жаралану (контузия, жарақат алу, мертігу), радиациялық, химиялық және бактериялогиялық зақымдану; асқынған соматикалық және жұқпалы аурулар, созылмалы аурулардың асқынуы, психоэмоционалдық және психосоматикалық бұзылулар жатады. Төтенше жағдай кезінде денсаулыққа зиянды әсерлерден де маңыздысы – оның психикасы мен санасының жарақаты. Оның көлемі, әсері неғұрлым көріністі болса, ол көрініс адамның жанында ұзақ уақыт өмір сүреді. Бірақ, жаратылысына қарай төтенше жағдайға тап болған барлық адамдардың қабылдау психикасы бірдей болмайды. Біреулер өзінің ішкі өмірлік ресурстарын тез жинақтап, оған шешім қабылдауға дайын болса, басқаларының жұмыс қабілеті төмендеп немесе жойылып, денсаулығы нашарлап, физиологиялық және психологиялық жағынан төмендеу құбылысы пайда болады.
Адам табиғаттағы, өндірістегі, көлік апаттарының, төтенше жағдайдың басы-қасында болғанда оқиғаны әртүрлі бағалайды. Бірер адамнан шыққан үрейлену көпшілікке берілсе, онда жаппай үрей (паника) туындауы мүмкін. Қорқыныш сезімін білмеген адамдар жағдайды шынайы бағалай алмайды немесе асыра сілтеуге бейім тұрады. Олар өз сезіміне бой ұрып, жауапкершілікті жоғалтады. Бұндайда теріс түсіну, бұрмалау бағытындағы әңгімелер көп болады. Сондықтан адамдарды төтенше жағдайларға алдын ала дайындаудың маңызы зор.
Құтқарушылардың оқу жұмысының мақсаты – қоғамды олардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру және тәрбиелеу сезімін көтеруі тіпті өмір үшін қауіпті болатын қандай қиындықтар болса да, берілген тапсырманы орындауға дайын болу. Адамдар қауіпте әртүрлі әрекет етеді, бірақ бір нәрсе белгілі: жақсы үйретілген, білімді, моральді және психологиялық дайындалған адам төзімді, сенімді және батыл әрекет етеді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті (www.kaznu.kz) «География және табиғатты пайдалану» факультетінің «Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО» кафедрасында «Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсізігі» мамандығы жоғарыда аталған мамандарды даярлайды. Атап өткен мәселелер бойынша үнемі ашық сабақтар, эдвайзерлік сағаттар өткізіліп, халықаралық, республикалық дәрежедегі дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып отырады.
Қожахан Айгүл,
Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университеті «Тұрақты даму
бойынша ЮНЕСКО» кафедрасы,
техника ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор