Қыран құстай, Қуатты, Заңғар еді-ау Заманбек.
Кім құлатты, Кім атты, Айта алмаймын, Амал жоқ! С. Тұрғынбеков
Заманбек Нұрқаділовпен алғаш рет Кеген аудандық партия комитетінің хатшысы қызметінде жүргенімде кездестім. 1978 жылы наурыз айының басында осы өңірде үлкен жер сілкінісі болды. Сейсмологтар жер сілкінісінің эпицентрін Жайдақбұлақ ауылының оңтүстігіндегі Қырғыз шекарасына жақын тау бөктерінен тауып, зілзала күшінің 7,5 балға жеткенін анықтады. Эпицентрін өз көзіммен көрдім. Ұзындығы екі шақырымдай жер қыртысы бір метрдей айырылып кетіпті. Бұл жер сілкінісінен Қырғыз елінің Түп, Ыстықкөл аудандары да зардап шекті. Дегенмен біздің өкімет кешірек қимылдады. Бұрын жер сілкіністері жиі болып, біраз тәжірибе жинақтаған қырғыздар жылдамырақ қимылдап, орталыққа қозғау салып, жер сілкінісінің зардаптарын қалпына келтіруде көп артықшылықтарға ие болды. Мәскеуден келген комиссия мәжілісін Қырғыздың Пржевальск қаласында өткізді. Ауданнан мен барып қатыстым. КСРО Министрлер кеңесінің төрағасы А.Косыгин қол қойған қаулысында Қырғыздарға қаржы көбірек бөлініп кетіпті. Біз қамсыздығымыздан опық жеп қалдық.
Жер сілкінісінен аудан көп зардап шекті. Екі мыңнан астам тұрғын үй, көптеген мектеп, балабақшалар, өндіріс нысандары істен шықты. Ең жақсысы, адам, мал шығыны болған жоқ. Кеңсу ауылында бір әйелдің басына кірпіш сынығы тигенін білемін, ауруханаға түсіп, кейін құлан-таза жазылып кетті. Тұрғын үйлері жарамсыз болып қалған отбасылар қазақ үйлерге, вагондарға, шатырларға көшірілді. Зардап шеккендерге республика және облыс тарапынан үлкен қамқорлық жасалды. Қазақ КСР Министрлер кеңесі арнайы қаулы қабылдап, орталықтың берген қаржысымен құрылыс жүргізуге Алматы қаласынан мекемелер бөлді. Қаулыда құрылыс жұмыстарын қысқа дейін аяқтау белгіленді. Уақыттың аса тығыздығына байланысты жұмысты қарқынды жүргізуге тура келді. Осы мақсатта аудандық партия комитетінде басқару штабы құрылды. Штаб жұмысын басқаруды бюро маған тапсырды. Штабта облыстық партия комитетінің уәкілі тұрақты бірге жұмыс істейтін болды. Сол уәкіл облыстық партия комитеті құрылыс бөлімінің нұсқаушысы Заманбек Нұрқаділов еді. Заманбекті мен осыған дейін жақсы білмеуші едім. Тек осы ауданда туып- өскенін, Кегендегі қазақ орта мектебін алтын медальмен бітіргенін ел аузынан естігенмін. Үш жыл үлкендігім болмаса, қатар өсіппіз. Заманбектің ауданға келісімен штаб жұмысы жандана бастады. Ол құрылыс салуға кіріспеген мекемелердің тізімін алып, олардың тездетіп іске кірісуіне күш салды. Мені оның құрылыс мекемелері басшыларының аты-жөнін, телефон номерлерін жатқа білуі таңқалдыратын. Түске дейін шаруашылықтарға барып, құрылыс барысымен танысып келіп, түстен кейін телефонмен Алматыдағы құрылыс мекемелерімен хабарласып, «Анау жоқ, мынау жоқ, тездетіп жібер, басында неге өзің жоқсың, жауапкершілігің қайда?» – деп отырушы еді. Осылай басшыларға маза бермейтін. Заманбектің туған жерін, елдімекендерді, ел-жұрттың жағдайын жақсы білуінің арқасында құрылыс мекемелерінің басшыларын өзіне ешқашан қарсы келтірмейтін. Бәрімен тіл табыса білді. Құрылысшылардың ағаттығын бірден байқап, сапасыздыққа жол бергізбейтін. Оған құрылыс алаңдарын бірге аралаған кезде көзім жетті. Отыз төрт жастағы жас жігіттің соншалықты іскерлігіне, жауапсыз жандарға қайыспай қаталдық танытуына қайран қалатынмын. Сол жылы жазда жағдайды көруге Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев пен облыс басшысы Асанбай Асқаров келді. Аудандық партия комитетінің мәжіліс залында құрылыс мекемелері басшыларының басын қосқан үлкен жиналыс өтті. Осы жиналыста құрылыстың барысы туралы баяндаманы Заманбек Нұрқаділов жасады. Заманбек лықа толы басшылар алдында сөзінен ешқандай мүдірмей, жағдайды толық баяндап шықты. Димаш Ахметұлы Заманбекті сөзін бөлмей тыңдап, соңынан «Заманбек інім» деп бастап, екі-үш сұрақ қойып, берген жауаптарына басын шұлғып, ризашылығын білдірді. Заманбек сол жолы жиналысқа қатысқан құрылыс басшылары мен кегендік жерлестеріне өзінің болашағының зор екендігін байқатып тастады.
Арада біраз жылдар өтті. Мен аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайландым. Зәкең болса Алматы қалалық кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүрді. Облыстық партия комитетінің пленумдары мен бюроларында үнемі кездесіп жүрдік. Кезіккен сайын елдің жағдайын сұрап тұратын. Көмек сұраған кездерімде ешқашан аянған емес. Жаз айларында құрылысқа, күзде егін орағына қаладан қажетінше адамдар, автокөліктер жіберетін. Облыстық партия комитетінің бюроларында Кеген ауданына байланысты мәселе қаралса, бюро мүшесі ретінде сөзіме сөз қосып, араласып, ұсыныстарымды бірінші болып қолдап, бүйрегі бұрып тұрушы еді. Туған ауданының жақсылығына сүйініп, кемшілігіне күйініп жүретінін сол кезде байқаған едім.
Ауданнан Алматы қаласына ауысып, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында қызмет атқарып жүрген кезім болатын. Қала әкімі З.Нұрқаділовтің хатшы қызы «Сізді бастық күтіп отыр» деп телефонмен хабарласып, жедел келуімді өтінді. Дереу жиналып, қабылдауына бардым. Зәкең амандықтан кейін бірден: «Президенттің Жарлығымен қалалық жер комитеті құрылды. Мұндай құрылым қалада бұрын болған емес. Осыған дейін қаланың жеріне аудан әкімдері мен қалалық архитектура басқармасы басшылық жасап келді. Жарлық бар, жұмысты неден бастауды өзім де білмей отырмын. Сен жерді білесің, жерден қалаға келдің, осы комитетті басқар», – деді. Мен: «Зәке, ауылдың жерінен қаланың жері өзгеше ғой, қалай болар екен?» – дей беріп ем Зәкең өзінің бірбеткейлігімен: «Сен маған ақыл айтып басымды қатырма, істейсің бе, істемейсің бе, соны айт», – деп дауыс көтеріп, мәселені тосыннан қойып қалды. Қызмет істеуге келіспеске болмады. Ол кезде Алматы қаласы – республика астанасы, халық саны көп. Бұрын қала тіршілігіне араласпаған адам үшін бірден меңгеріп кету, әрине, қиын. Ауыл мен қаланың арасы жер мен көктей екені де рас. Қала басшылығын былай қойғанда, республика басшылығы, министрліктер түгелдей осында. Қалт қате қимыл жасасаң, түзетушілер де, сырттай сынаушылар да жетерлік. Комитет болса, жаңа құрылым. Міндеттері де, жауапкершілігі де айқын емес. Неше жылдар бойы қалыптасып кеткен қарбалас қала тіршілігіне еніп, одан өз орныңды табуға да уақыт керек. Қазақстан заңдарында қала жерін пайдаланудың ескі тәртібі әлі күшінде. Жер мәселесі тек Президенттің Жарлықтарымен реттеле бастаған. Қысқасы, тың жерлерді игере бастағандай күйге түстік. Алғашқыда Зәкеңнің өзі де ұтымды шешімге келе алмай, жаңа құрылымның қала жерін игеріп, жұмысты алып кететініне сенімі болмай жүрді. Жерге байланысты мәселелерді үйіп-төгіп жаңа құрылған комитетке бере салуға оның батылы жетпеді. Аудан әкімдіктерінің, архитектура басқармасының, коммуналдық мекеменің жерге байланысты атқарып отырған жұмыстарын түгелдей жаңа комитет құзырына беру туралы қаулыны әкімдіктің заң бөлімінің бастығы Зағипа Балиева екеуміз дайындап, Зәкеңе алып бардық. Зәкең қаулының жобасын оқып шықты да: «Президентпен кездескенімде, қалаға осы комитеттің керегі бар-жоғын сұрадым. «Ойланып көріңдер» дегеннен басқа ол кісі де ештеңе айта алмады. Мына жобадағы жұмыстарды түгелдей алып кетуге жаңа құрылған комитеттің шамасы келе ме? Қалыптасқан қала тіршілігінің ретін бұзып алып жүрмейміз бе?» – деді маған қарап. Мен өз ісіме сенімді екенімді айттым. Ол дереу бірінші орынбасары В.Храпуновты шақырып алды да: «Виктор, мен мына қаулыға қол қоямын. Сен аудан әкімдерін, мекеме басшыларын өзіңе жинап, таныстыр, қолдарын қойғыз. Ешкімнің қарсылығына қарама. Бұдан былай осы қаулының орындалуына сен Данышпановпен бірдей жауап бересің. Өйтпесек, мына үлкен мемлекеттік жұмысты құлатамыз. Президенттің алдында ыңғайсыз жағдайға қаламыз», – деп, бізді шығарып салды. Сол Зәкең қолдау көрсеткен қалалық жер комитеті аз уақыттың ішінде қарамағында екі жүзден аса білікті маманы бар, ең соңғы техникалық жабдықтармен жарақталған басқармаға айналды. Қазақстан қалаларының алдында жүрген локомотиві іспеттес тәжірибе мектебі болғанына республика қауымы куә. Жер кодексіндегі қала жеріне байланысты баптар Алматы қаласының тәжірибесіне сүйеніп жасалды. 1994 жылы Зәкеңнің жасаған мүмкіндігінің арқасында мен Американың Мериленд университетінде білім алып, қала жерінің кадастрін жасауды үйреніп қайттым. Алматы қаласының жерін бағалаудың ғылыми-методикалық әдісін шетелдердің тәжірибесіне сүйене отырып жасап, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде кандидаттық диссертация қорғадым. Бұл еңбегім Қазақстан Үкіметінің қала жерлерінің базалық құнын белгілеудегі жұмысына арқау болды.
Бірге жұмыс істеген жылдары З.Нұрқаділовтің ұлтжандылығын байқадым. «Қазақстанның әрбір азаматына тұрғын үй салуға жер телімі тегін беріледі» деген Үкімет қаулысы шыққаннан кейін қаланың сыртындағы бос жерлерді белгісіз біреулер басып алып жатты. Алатау ауданының әкімі Н. Логутов Зәкеңе олардың қаланың есебінде жоқ маскүнемдер мен босқындар екенін айтса керек. Зәкең маған шындығына көз жеткізуді тапсырды. Ол кезде қаланың оңтүстік-батыс шекарасы Ж. Саин көшесімен бітіп, Қаскелең ауданының жері басталатын. Барсам, «Қарғалы» демалыс үйіне жалғасқан бұрынғы «Гүлдер» кеңшарының жеріне ескі қазақ үйлер мен жаппаларды тігіп тастапты. Адамдардың сақал-мұрттары өсіп кеткен, өңдері сұсты. Әңгімеге тартып, жағдайларын сұрадым. Сөйтсем, түгелдей қаланың адамдары екен. Құрылысшы, суретші, мұғалім, дәрігер, түгел жұмысшылар. Көп жылдардан бері үй кезегінде тұрса да, қолдары жетпей қысылғаннан осы әрекетке барыпты. Зауыттың бір бөлмелі жатақханасында, жалдамалы пәтерлерде тұрып келеді екен. Бала-шағалы болғалы тұрмыстары мүлде қиындап кетсе керек. Ертесіне Зәкеңе барып, осы жағдайды айттым. Ол аудан әкімінің берген теріс мағлұматына ашуланып, оған телефонмен біраз жайсыз сөздерді айтып тастады. Дәл сол кезде өзінің төл мемлекетінде қазақтардың үйге жарымай жүргеніне қайран қалатындай ештеңе жоқ еді. Бұл кеңестік жүйенің жемісі болатын. Кезінде қаладағы қазақтардың үлесін 22 пайыздан асырмау туралы орталықтың жасырын тапсырмасы болғаны да шындық. Қазақтардың Алматы қаласына қоныстануына осы жағдай ұзақ жылдар қолбайлау болып келді. Қысылған жұрттың намысы оянып, өз жеріне қожайын болудың басы осылай басталып еді. Бір апта өтпей, Зәкең қуанышты хабар жеткізді. Президентпен кездесіп, осы жағдайды айтса керек. Ол кісі Алматы облысына адамдар басып алған жерлерді қалаға беруге тапсырма беріпті. Осылай Президент Жарлығымен облыстан қаланың пайдалануына жерлер беріле бастады. Алматы қаласының төңірегінен «Таугүл», «Шаңырақ», «Ұлжан», «Думан» шағынаудандары өмірге келді. Қала әкімі үй кезегінде тұрған азаматтарға жер беру арқылы тұрғын үй проблемасын біршама жеңілдетті. Алматы қаласының кеңейіп, шағынаудандардың пайда болуы тікелей Зәкеңнің еңбегі болатын. Тұрғын үй сұрағандардың дені қазақтар еді. Ол ешкімнің жер сұраған талабын кері қайтармады. Осылай Алматы қаласына қазақтар қоныстана бастады. Соның нәтижесінде тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары-ақ Алматыда қазақтардың саны қала халқының тең жарымына жетті. Мен тікелей эфир арқылы «Хабар» телеарнасына берген арнайы сұхбатымда қазақтардың қаладағы мүсәпір жағдайын айтып, ұлт тағдырына байланысты кейбір мәселелерді көтердім. Хабар бітісімен Зәкең телофонмен: «Сен бәрін дұрыс айттың. Сұхбатыңды мен үйде отырып тыңдадым. Бірақ байқа, ұлт мәселесі аса нәзік болады, біреулер жіпке тізіп алып, пайдаланып жүрмесін. Ұлтыңа деген жанашыр ойыңды құпия ұста», – деп ескерту жасады.
Заманбектің бүкіл өмірі Алматы қаласымен байланысты десе де болады. Ол өз қаласын ерекше сүйетін. Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына ауысқанда көштен қалып, әкімдік қызметін өз еркімен өткізіп берді. Төтенше жағдайлар министрлігі Астана қаласына орын тепкенде де қызметін беріп, осында қалды. Екі жағдайда да өзінің сүйікті қаласын тастамады, оны қызметінен жоғары қойды. Жас инженер-құрылысшының білімі мен біліктілігін, жігер-күші мен талабын алғаш байқаған Д.Қонаев еді. Жас та болса, оған республика астанасы – Алматы қаласын басқаруды сеніп тапсырды. Орталықтың тапсырған жауапты қызметтерінің қай сатысында болса да, ол іскерлік пен адалдықтың үлгісін танытты. Зәкең қызмет істеген жылдары Алматы қаласында көптеген алып құрылыс нысандары салынды. Көп қабатты «Қазақстан» қонақ үйі, М.Әуезов атындағы қазақ драма театрі, Қазақстанның Орталық мұражайы, Президент резиденциясы, «Достық» қонақүйі, тағы да басқа толып жатқан ірі нысандар іске қосылды. Метро құрылысы да Зәкеңнің басшылығымен басталды. Медеу бөгетін, Медеу мұз айдынын, Шымбұлақ шаңғы базасын салуға да басшылық жасады. Алматы қаласын солтүстікке қарай дамыту жобасын жасаған да Зәкең болатын. Ондағы мақсаты тау бөктерлері мен Талғар, Қаскелең қалалары бағытындағы алма ағаштарын, бау-бақшаларды, көкөніс өсіруге қолайлы шұрайлы, қара топырақты жерлерді сақтап қалу еді. Қаланы көгалдандыруға ерекше көңіл бөліп отырды. Қала ішіндегі скверлер мен саябақтарға ешкімнің қолын батырған жоқ. Ертелі-кеш солтүстік пен оңтүстіктен алма-кезек соғып тұратын ескек желдің жолын құрылыспен бөгемей, ашық ұстап, қала ауасының таза болуына ерекше назар аударды. Таудан аққан өзен суларының жаз айларында қала көшелерін аралап, салқын лебін қалдырып, дамылсыз ағып жатуын үнемі бақылауында ұстайтын. Қала орталығындағы қарбалас тіршілікті жеңілдетіп, халықтың тұрғын жайларын, мектеп, балабақшаларын, тұрмыстық қызмет нысандарын қаланың шет аймақтарына көшіруді де ойластырып қойып еді. Болашақ әуежайдың орнын да Зәкең белгілеп кеткенін жұртшылық біледі. Заманбек 1998 жылдың көктемінде Алматы облысына әкім болып тағайындалды. Мені қызметке шақырып, облыстық көші-қон және демография басқармасына басшы қойды. Басқарманың бұрынғы басшысы мен бас есепшісі бірігіп, шетелдерден келген оралмандарға бөлінген қаражатты жеке бастарының пайдасына жаратып, істері сотта жатыр екен. Қысқасы, білдей басқарма иесіз қалып, талан- таражға түсіпті. Зәкең маған үлкен сенім артып, осы былықты ретке келтіруді тапсырды. Шешімін таппай жатқан мәселелерді қолға алдық, облыста оралмандарға үлкен бетбұрыс басталды. Зәкең ұсыныс-тілектерімді дұрыс қабылдап, қамқорлығын аяған жоқ. Алматы мен Талдықорған қалаларындағы бейімдеу орындарын жөндеуге облыс бюджетінен қаражат бөлгізді. Аудан әкімдері мен мекеме басшыларына оралмандарды бірінші кезекте жұмысқа орналастыруды тапсырды. Олардың жеке кәсіпкерлікпен шұғылдануына жол ашты. Мал өсірумен айналысам деушілердің мал сатып алуына көмектесті. Азаматтық беру мен тіркеу мәселесін ретке келтірді.
Облыста бір-біріне бағынбайтын, бірақ түпкі мақсаттары ел табиғатын қорғау мен сақтауды жүзеге асыратын мекемелер көп еді. Орман-тоғай, балық басқармалары, табиғи ұлттық бақтар мен қорықтар, аң шаруашылықтары облыста басы бірікпей, республикалық орман шаруашылығы комитетіне бағынатын. Осыларды облыс көлемінде бір басшылыққа біріктіру мақсатында облыстық табиғи ресурстарды тиімді пайдалану департаментін құру туралы Үкіметке хат түсірді. Өз ойын Президентке де жеткізді. Үкімет басшысы Н. Балғымбаевтың қолымен Алматы облысында осындай департамент құрылды. Мені соның басшылығына тағайындады. Облыс ішінде басқару бір жүйеге келді. Облыстың көптеген ормандарында ағаш кесуге мораторий жарияланды. Ормандарды кесу азайып, керісінше, оларды өсіру мен қорғауға бетбұрыс жасалды. Балқаш өңірінде сексеуіл өсірудің көлемі ұлғайып, құм көшкініне қарсы шаралар белгіленді. Орманшылардың тұрмыстық жағдайына көңіл бөлінді, олар тұратын тұрғын үйлер жөнделіп, қажетті көлікпен, қару- жарақпен қамтамасыз етілді. Облыс бюджетінен ақша жетерлік бөліне бастады. Балық өсіретін және аулайтын кәсіпорындар жұмысын қайта жандандырды. Туризм және аң шаруашылығын дамытудың шетелдік әдістерін енгізе бастадық. Шарын мен Көлсай көлдері табиғи ұлттық бақтарын құру жөнінде Үкіметке ұсыныс енгізілді. Қоршаған ортаны қорғау министрі Серікбек Дәукеев облыс базасында жаңа бастамаларды басқаларға көрсету мақсатында республикалық семинарлар ұйымдастырды.
Заманбекпен біраз жылдар араласып, бірге қызмет істегендіктен ол туралы білгенімді жазуды міндетім деп есептедім. Зәкең қазақтың біртуар азаматы еді. Онымен бірге қызмет істеу қиын әрі қызықты болатын. Жауапсыздық пен өтірік айтуды жаны сүймейтін. Қате басқан бір қадамыңды байқап қалса, сенімінен шығарып, ат құйрығын кесуге дайын тұратын. Қандай жағдайда болсын, оны айналып өту мүмкін емес еді. Тау баласы емес пе, мінезінде ұқсастық бар болатын. Кейде тау басына қонып алған қара бұлттай түнеріп, мұздай қатып қалатын. Ондайда жібімейтін. Тау етегіндегі жасыл ормандай жайылып отыратын кездері де болушы еді. Қай мінезіне ұрынарың өзі сеніп тапсырған істің орындалу нәтижесіне байланысты болатын.
Заманбекті әділеттік пен шындық жолындағы күрескер, өз ұлтына жанашыр нағыз халық каһарманы десе де болады. Осы жолда қаймығып, шегінген кезі болған жоқ. Ешбір жағдай оның істеген ісіне тосқауыл, сөйлеген сөзіне қақпақ бола алмады. Өзіне келер қауіп-қатерден басын алып қашқан жоқ, бәріне төтеп берді. Билік басындағы, басқаларды былай қойғанда, Бұқар жырау секілді, ел басшысына да айтарын ашық айтты. Аспантаулардың арасындағы биік шың секілді ел ішінде басқалардан асып тұрды. Оны бүкіл қазақ жұрты біледі.
Адам абырой-беделмен қатар кемшілікпен де өмір сүреді. Жұмыр басты пенде болғаннан кейін қателіктері де болған шығар. Өмірде еш нәрседе баян жоқ. Ұлы Абай «Арттағыға сөзің мен ісің қалса, өлсең де өлмегенмен боласың тең» деп айтпақшы, бүгін арамызда болмаса да, ол туралы айтарымыз көп. Батыр бір оқтық болса, ол денесіне үш оқ дарытып, қанды қарақшылардың қолынан қаза тапты. Заманбек өзіне тән асқан батырлығымен өзіне қарсы келген өлімнен де қаймыққан жоқ. Басын қатерге тікті, оның ары өмірінен де құнды болды. Бабаларының басынан өткен қилы заман қайта айналып келгендей еді. Оның Кеңсайдағы тас ескерткішінің астында ашылмаған шындық, жазылмаған тарих жатыр. Қаралы көңіл мен жаралы жүрекке өшпес жара салған қайғының қара бұлты да сейіліп, шындықтың беті ашылатын уақыттың келері хақ. Жақсы адам тамыры кеткен жерде көгеріп, гүлдеп тұратын ағаш іспеттес. Келер ұрпақ оның өз заманындағы хас батырлығын, елі мен жеріне жасаған жақсылығын айтып жүрері айдан анық.
З.Нұрқаділовтің туғанына 80 жыл толуына байланысты Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың, Парламент төрағалары М.Әшімбаев пен А.Қошановтың көңіл хаттары елді бір серпілтіп тастады. Бұл шындыққа жасалған алғашқы қадам болды. Тұлғаның 80 жылдығына байланысты берілген асқа жиналған қазақ зиялыларының айтқандарындай, Зәкең халық пен мемлекет тарапынан зор құрметке лайықты. Өзі еңбек еткен Алматы қаласындағы үлкен көшелердің біреуінің атын беру, ескерткішін қою, шағынаудандардың біреуін есімімен атау Зәкеңе көптік етпейді.
Бексырға Данышпанов,
Алматы облысының Құрметті
азаматы, география ғылымдарының кандидаты