Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев апта соңында Райымбек және Кеген аудандарында жұмыс сапарымен болды. Жұмысын Райымбек ауданы Тегістік ауылдық округінен бастаған аймақ басшысы қожалық төрағаларымен, серіктестік өкілдерімен, еңбек адамдарымен кездесіп, ауыл шаруашылығы саласына қатысты маңызды мәселелер төңірегінде ортақ ой тоғыстырды. Алғашқы сөз тізгінін алған облыс басшысы мәселені бірден ауыл шаруашылығы саласындағы су пайдаланудың жайжапсарынан бастады.
– Біз сіздермен өзекті мәселені талқылау үшін кездесіп отырмыз. Өздеріңізге белгілі, суару желілері мен гидротехникалық құрылғыларды қайта жаңғыртып, күрделі жөндеуден өткізбегендіктен (тозу көрсеткіші 6070 пайызды құрайды) судың шығыны артып, салдарынан суармалы жерлер толық игерілмей келеді. Бүгінде облыс көлемінде су үнемдеу технологиялары 20,5 мың гектарда ғана қолданылады. Оның 9,6 мың гектары тамшылатып суару әдісін пайдаланса, 10,9 мың гектарында жаңбырлатып суару әдісі енгізілген. 2024 жылы аталған технологияны 70,5 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда, – деген Марат Елеусізұлы суаруға қатысты өзекті мәселе Райымбек ауданына да қатысты екенін айтты.
Бүгінгі таңда Райымбек ауданында 21 566 гектар суармалы жер бар. Оның 18 080 гектары «Көлсай ирригация» мекемесінің теңгеріміндегі ұзындығы 141 шақырым болатын 8 шаруашылықаралық каналмен суарылады. Суармалы жерлердің тозуы әсерінен бүгінде 13 694 гектар жер ғана судың игілігін көріп отыр. Бұдан басқа 174 шақырым ішкі шаруашылық аралық суару желілерімен су ішетін 13 246 гектар жер белгіленген. Ауданда 6000 га пайдаланылмайтын суармалы жерді айналымға қосу мақсатында облыстық құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша 20192020 жылдары суару желілерін қайта жаңғырту жобасы әзірленді. Құрылысмонтаж жұмыстарының құны – 8,23 млрд теңге. 2022 жылы ауданның суару желілеріне қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен 200,0 млн теңге бөлінсе, 2023 жылы аталған жұмыстарды жалғастыруға 1,5 млрд қаралған. Ал биыл 1,5 млрд теңге бөлініп отыр. Облыс аумағындағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер шығындарының бір бөлігін өтеу мақсатында жыл сайын осы қызметтерді субсидиялауға облыстық бюджеттен 700750 млн теңге бөлінеді. Қазіргі уақытта заманауи су үнемдеу технологиясын енгізу арқылы суармалы жерді игерудің маңыздылығы өте жоғары. Облыс аумағында су үнемдеу технологиясын енгізу алаңдарын ұлғайту бойынша мемлекет тарапынан шаруа қожалықтарын ынталандыру үшін инвестициялық салымдар кезінде шығындарды өтеуді 50 пайыздан 80 пайызға ұлғайту және тұрғындардың табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы аясында су үнемдеу технологияларның жабдықтарын сатып алуға төмен пайызды (2,5%) несие беру арқылы қолжетімділігін арттыру жоспарлануда. Осы мақсатта Қонаев қаласынан Қытай Халық Республикасы инвесторларымен су үнемдеу технологиясын енгізу кезінде қолданылатын жабдықтар шығаратын зауыт салу көзделуде. Бұл, өз кезегінде, облыс аумағындағы шаруа қожалықтарының су үнемдеу технологиясын енгізу кезінде сатып алынатын өнімдердің қолжетімділігін арттырады.
Облыс басшысы биыл Райымбек ауданында 1452 га жерге су үнемдеу (жаңбырлатып суару әдісі) технологиясын енгізу жоспарланғанын жеткізді. Жаңбырлатып суару әдісі 2023 жылы 752 га жерге қолданылғанын да айтып өтті. Алдағы уақытта аталған технологияны енгізуді 2000 гектарға дейін ұлғайту қажеттігін еске салды. Аудандағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды ескере отырып, суды үнемдеуге шақырды.
Кездесу барысындағы бұдан кейінгі әңгіме «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысты түсіндіру жұмысы төңірегінде өрбіді. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов жан-жақты баяндады. Ауыл шарашылығын қолдау мақсатында 2,5 пайызбен берілетін 9,2 млн теңгенің тиімділігі, су үнемдеу технологиясына әкелетін пайдасы, қайтарым мезгіліндегі өзгешеліктер, кепілге қойылатын жылжымайтын мүліктерге қаралған жеңілдіктерден хабардар етті. Әрине, аудан мал шаруашылығы ғана емес, басқа да кәсіптің жолын ашуға қолайлы аймақ болып саналады. Сондықтан мемлекет ұсынып отырған «Ауыл аманаты» жобасын дер кезінде пайдаланып қалудың маңызы зор. Жобада көрсетілген 52 түрлі бағдарламаның өзіне лайық бірін ашуға ықылас танытқандар болса, төменгі пайыздық мөлшерлемемен берілетін несиені алып, жұмыс бастауға қазірден құлшыныс танытқаны абзал. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында әр ауылдық округ аумағынан арнайы жер бөлу жұмысы қолға алынуда. Сонымен қатар Райымбек ауданы балық өсіруге де қолайлы аймақ саналады. Арнайы орындар бар. Үлкен Қақпақ, Текес, Қарасу, Қайнар өзендерінің балық шаруашылығы үшін тиімділігі жоғары. Аталған өзендердің паспорттары дайындалып, балық өсіруді жүзеге асыру үшін 5 түрлі субсидия қарастырылып отыр. Бағдарламаның мақсат-мүддесі жайлы баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары әңгіме өзегіне айналып отырған мәселеге қатысты бұдан басқа да жайттарды тілге тиек ете келіп, тиісті орындар көмек беруге әзір екенін жеткізді.
Жиында әңгімеге өзек болған мәселе төңірегінде шаруа қауымы да өз ойларын ортаға салды. «Райымбек-нан» ЖШС төрағасы Мүсілім Амантай Нарынқол ауылдық округіне қарасты шекара ішіндегі шаруа қожалықтарының мемлекеттік актісі жоқтығын басшылардың есіне салды. Соның салдарынан шаруа қожалықтары мемлекет тарапынан берілетін көмекті ала алмайды. Егіс алқаптарын қажетті тұқыммен қамтамасыз ету мәселесі төменгі дәрежеде. Астық тұқымын үлкен шығынмен бір қиырдағы Қостанайдан тасып әкелу дағдылы жұмысқа айналуда. Ауданға бейімделген тұқым аса қажет. Басқа өңірден әкелініп, сәуірде себілген тұқым тамызда, қыркүйекте ғана пісіп жетіледі. Ал, бұл мезгіл орақ науқанының кешеуілдеуіне, шығынмен аяқталуына соқтырып жүргені жасырын емес. Сондықтан, шаруаларды осы аймаққа бейім тұқыммен қамтамасыз етуге облыс тарапынан қолдау-көмек болса деген ойын білдірді. Көмірші ауылынан келген шаруа Бақытжан Нұрмұханбетов алқапты тамшылатып суаруда өзі тұратын өңірдегі шешімін таппай келе жатқан қиындықтарды тілге тиек жасады. «Ретай» шаруа қожалығының жетекшісі Руслан Сәлім картоптай дарқан дақылдың өнімділігі жоғары екенін, бірақ алынған өнімді сақтайтын арнайы орынның жоқтығын, қазір картоп сақтауға сонау кеңес кезінде салынған қойманы пайдаланып жүргенін, бірақ сақтауға қолайсыз болғандықтан алынған өнім шіріп кететінін, ауданнан арнайы картоп сақтайтын кешенді қойма ашылса деген ұсынысын жеткізді. Басқа сөйлеушілер де су үнемдеуге қатысты, ұсынылған бағдарламаға байланысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Жұртшылық пікіріне қолдау білдірген Марат Сұлтанғазиев өзекті мәселелердің оңтайлы шешімін табуы жөнінде жауапты адамдарға тапсырмалар берді.
Облыс әкімі бұдан кейін М. Мақатаев атындағы мектепте Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсенбаевтың өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы ауыл тұрғындарына берген есепті жиналысына қатысты. Онда ауданның әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына қатысты жүзеге асырылған ісшаралар, тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету, ауыл ішіндегі, ауыл мен ауыл арасындағы жолдардың жөндеуден өтуі, көшелердің жарық шамдармен қамтылуы, салынып, пайдалануға берілген спорттық-сауықтыру кешендері, денсаулық сақтау орындары мен тұрғын үйлер, ауылдық округ әкімінің кеңселері, аудан орталығынан салынып жатқан 250 адамдық емдеу орнының ғимараты, ауыл шаруашылығындағы қол жеткен сүбелі табыстар, инвестиция тартудың жайы, қамқорлық қажет ететін адамдарға жасалынған көмектер туралы баяндалды. Баяндама бойынша сөз алған тұрғындардың ой,пікір, ұсыныстарына, сын-ескертпелеріне көңіл қойды. Өзіне қатысты сұрақтарға жауап берді. Ауданның экономикалық тұрғыда дамуына облыс тарапынан жасалып жатқан жоспарлы шаралармен қысқаша таныстырды.
Осыдан екі жыл бұрын Қақпақ ауылының үстіңгі жағындағы сулышат аталатын сайдың кіреберіс аузынан су электр қондырғысын жасау қолға алынған болатын. Салыну құны 1,5 миллиардқа тоқтаған, жылына 13 млн Квт қуат бөлетін бұл қондырғының алдағы уақытта ауданға тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Облыс әкімі Тегістіктен кейін осы Орта Қақпақ су электр стансасының пайдалануға берілу қуанышына ортақтасты. Ауданның экономикалық дамуына тың серпін беретін су жаңа электр стансасына құтты болсын айтты. Осындай игі бастамалар бұдан кейін де жалғасын тауып, Райымбек ауданы гүлдене берсін деген ізгі ниетін арнады. Стансаның лентасын қиысып, қондырғылардың жұмыс істеу тәсілімен танысты. Сапар барысында ауданның тыныс-тіршілігіне қатысты басқа да мәселелерге назар аударып, бағыт-бағдар ұсынды.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Кеген ауданы тұрғындарымен есептік кездесуі Ұзынбұлақ ауылында өтті. Оған облыстық, аудандық мекеме басшылары, мәслихат депутаттары, ауыл ақсақалдары мен аудан тұрғындары қатысты.
Алдымен аймақ басшысы Қарқара ауылындағы «Талас» ауыл шаруашылығы кооперативінің жұмыс барысымен танысты. Шаруашылық директоры Жүсіп Жамбаев ірі қара малын өсіру, сүтті қайта өңдеу және аралас ауыл шаруашылығы туралы баяндады. Кооперативтің жылдық кірісі 2018 жылы 7,6 млн теңгені құраған, ал 2020 жылы 47,8 млн теңгеге жеткен. Тартылған инвестиция көлемі – 420 млн теңге.
Сапар барысында облыс әкімі Түменбай ауылында үйі өртенген көпбалалы отбасымен кездесті. Отағасы Дүйсен Асхат мал шаруашылығымен айналысады. Жеті баласы бар. Төртеуі мектепте оқыса, үш баласы мектепке дейінгі жаста. Қазір оларға әкімдік тарапынан уақытша тұруға баспана берілген. Марат Сұлтанғазиев қолдан келер көмекті аямайтындығын жеткізіп, жуырда дүние есігін ашқан отбасындағы нәрестеге заттай сыйлықтар табыстады.
Кеңес Нұрпейісов атындағы мектеплицейінің күрделі жөндеу жұмыстары да әкім назарынан тыс қалмады. Марат Елеусізұлы Кеген ауылынан жаңадан бой көтерген Жастар ресурстық орталығының ашылу салтанатына қатысып, өңірдің белсенді жастарымен әңгімелесті. Сонымен қатар қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтың туғанына 80 жыл толуына орай қойылатын ескерткіштің орнын барып көрді. Жер учаскесі Кеген ауылының кіреберісіне – «Алматы – Кеген – Түп» күре жолының бойында орналасады деп жоспарланған. Сондай-ақ, Ұзынбұлақ ауылының дәрігерлік амбулаториясына күрделі жөндеу жұмыстары қажет екені нақтыланды.
Бұдан кейін Ұзынбұлақ ауылындағы Мәдениет үйінде есептік жиын өтті. Аудандық мәслихаттың төрағасы Алмасбек Нұғыман жұмыс регламентімен таныстырды. Алғаш сөз кезегін алған Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев өткен жылғы жұмыстарға тоқталып, тұрғындар тарапынан 17 проблемалық мәселе көтерілгенін айтты. Оның 4-еуі орындалып, қалғаны жыл соңына дейін шешілетінін баяндамасында атап өтті.
– Кеген ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 36 млрд 252 млн теңгеге жетті. Мал азығын дайындаудағы жоспар жүз пайыз орындалды. 60 049 тонна өңірдегі шабыстардан, 83 187 тонна сырттан сатып алынды. 2024 жылы «Өңірлерді дамыту бағдарламасы» бойынша жеті елдімекенге мал дәрілеу орындарын салуға 27,1 млн теңге бөлінді. Оның сыртында облыстық ветеринария басқармасы арқылы 2024 жылы жеті елдімекенге мал қорымдарын салуға 158,1 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда ауданда 810 дана ауылшаруашылық техника бар. Өткен жылы 93 млн 210 мың теңгеге 12 техника сатып алынды, – деді Нұрбақыт Молдахметұлы.
Аудан әкімі баяндамасында өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстар, негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі, тұрғын үй құрылысы, жол сапасы, жұмыспен қамту, білім беру, мәдениет, спорт және құқық қорғау саласына жеке-жеке тоқталып өтті. Алдағы уақытта белгіленген жоспарларды іске асыруда оң нәтижеге қол жеткізу үшін бірлесе отырып, нақты жұмыстар атқаратындығын жеткізді. Жиында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев аймақтың даму көрсеткішіне қысқаша тоқталды. Кеген ауданында атқарылып жатқан жұмыстардың олқы тұстарын да тілге тиек етті. Ауданға кіріс көздерін табуды тапсырды.
Сұрақ-жауап кезегінде Ұзынбұлақ ауылының тұрғыны Көлбай Аманжолов ауылдағы дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу керектігін алға тартты. Әлкен Қосаев Жалаулы орта мектебінің тозығы жеткенін айтып, ауыл тұрғындарының өтінішін жеткізді. Саты ауылының тұрғыны Беглан Тұқанұлы Көлсай маңында орналасқан қонақүйлерден аққан кәріз суларының көлге құйылып жатқанын ашына айтты. Аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев бұл мәселе жіті назарда екенін, сол үшін арнайы комиссия құрылғанын, заңсыз құрылыстарға жол жоқ екенін қадап айтты. «Ұсыныстарыңыз орынды. Кеген аймағы туризмге таптырмас өңір. Көлдің тазалығына ерекше мән беріледі», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Облыс әкімі жеке қабылдауына және есептік жиналысқа келген азаматтардың арыз-шағымдары, талап-тілектері ескерусіз қалмай, шетінен орындалатынын жеткізді. Жиын барысында басқарма мен аудан әкіміне, орынбасарларына арнайы тапсырма беріп, кейбір мәселелер аудан шеңберінде жауабын табуға тиіс екенін тілге тиек етті.
Жұмабек Тәліпұлы,
Дәурен Әбутәліпов,
«Алатау арайының» арнаулы тілшілері
Райымбек, Кеген аудандары