Өткен жылдың қаңтар айынан елімізде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бастау алды. Президент тапсырмасына орай Үкімет «AMANAT» партиясымен бірігіп қолға алған бұл бағдарлама шын мәнінде ауылда тұратын шағын және орта бизнес өкілдеріне үлкен қолдау болмақ.
Алматы облысының ауыл еңбеккерлеріне былтырғы жылы 8,3 млрд теңге қаржы бөлінді. Талғар ауданы да бұл бағытта өз жұмысын бастап кетті. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының түсіндіруінше, бағдарламаға қатысып, жеңілдікті несие алу үшін бірнеше басқыштан тұратын конкурстық іріктеуден өту керек. Бұл іспен кәсіпкерлерден түсетін өтінімдерді қарайтын арнайы комиссия айналысады. Сонымен бірге аудандағы Гүлдала, Кеңдала, Нұра, Қайнар және Панфилов ауылдық округтерінің тұрғындары арасында кең көлемді түсіндіру және насихат жұмыстары жүргізілген. Аудан әкімінің өкімімен 10 ауылдық округте арнайы жұмыс тобы құрылған. Әкімдік қызметкерлері аудандағы 240 тұрғын мен жеке кәсіпкерге бағдарламаның мақсат-міндеттерін, ұсынылатын жеңілдіктер жайында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, әлеуметтік желілер арқылы да хабарландыру таратқан.
Бүгінде аудан бойынша бағдарлама аясында жеңілдікпен несие алғысы келетін кәсіпкерлерден 27 жобаның құжаттары комиссияда қаралып, мақұлданған. Сондай-ақ 2 тігін цехын, 2 аспаздық шеберханасын, 1 шырын өнімдерін сататын дүкен, 2 техникалық жөндеу орталығын, 4 көлік логистикасы-тасымалдау кәсіпорнын, 1 дәнекерлеу орталығын, 1 балабақша, 1 балалардың ойын-сауық орталығын, 1 бөлу блоктарын өндіру цехын, 5 жылқы өсіру, 2 қой өсіру, 4 мал бордақылау орталығын, 1 қоян және етті тауық өсіру кәсібін ашу бойынша жобалар қаралу үстінде. Ал мақұлданған жобалардың құжаттары «Қонаев» ӘКК» АҚ мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бөлімінде жатыр.
Қазірге дейін мақұлданған жобалардың арасында «Абилдаева» тігін цехы бар. Перделердің эксклюзивті түрлерін тігумен айналысатын бұл цех Панфилов ауылдық округіндегі Қызылту ауылында Шолпан Әбілдаеваның үйінде орналасқан. Оның туып-өскен жері Түркістан облысының Байдала ауылы, ата-анасы қарапайым шаруа. Бірақ дәл осы кісілер кішкентай кезінен қызына тігін тігуді үйретіп, тәжірибе жинауы үшін тігін машинкасын алып береді. Соған қатты қуанған Шолпан сабақтан бос кезінде тек тігін тігумен айналысады. Мектепті бітірген соң Алматы технологиялық университетіне оқуға түсіп, оны жеңіл өнеркәсіп технологы мамандығы бойынша бітіріп шығады. Дипломын алып, Алматы қаласындағы арнайы киімдер тігетін «Шебер» цехына жұмысқа барады. Кейін біраз уақыт «Зета» жиһаз фабрикасында еңбек етеді. Бұл жерде ол тері мен гобелен сияқты күрделі материалдардан орындық, кереует және дивандарды қаптайтын әртүрлі заттарды тігіп үйренеді.
Бала кезінен тігін тігумен айналысып, арнайы білім алған, мамандығы бойынша біраз жыл жұмыс істеп, мол тәжірибе жинаған Шолпан қазір өзін білікті маман санайды. Жеке шеберхана ашу туралы ой оған Талғар ауданына көшіп-қоныстанған соң келіпті. Бұл жерде ол өмірлік серігімен жеке тұрғын үй салып, оның бір бөлмесінде перде тігетін цех ашады. Алғашқы тапсырысты көршісі береді. Содан бүкіл ауылға тарап, тұрғындар бірінен соң бірі келе бастайды. Үнемі ізденіп, күйеуі көмектесіп, өзі өлшеп-пішетін, дизайнын да өзі жасайтын жағдайға жетеді. Ал қазір тапсырысты әлеуметтік желі арқылы қабылдайды, «Инстаграмда» білікті қызмет көрсететін өзінің жеке парақшасы да бар. Тапсырыстар әртүрлі болып, кейде тіпті көрпе, көпшік тігуге де тура келеді екен. Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Бизнес бастау» курсында алған қосымша білімі де Шолпанның ой-өрісін кеңейтіп, кәсіп жүргізудің қырсырын меңгеруге көп көмегін тигізгені байқалады. Курста оқығаны жөнінде берілген сертификаттың іріктеуден өткен кезде де пайдасы тиген.
– Қазір мен тапсырыстарды онлайн түрде қабылдаймын, бұл өте тамаша. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында мақұлданған несиені тігін цехын кеңейтуге жұмсамақпын. Сөйтіп, шетелдік құрал-жабдықтар сатып аламын, қосымша шебер тігіншілерді жұмысқа тартамын. Өйткені, тапсырыстар күн сайын көбейіп барады, – дейді кәсіпкер.
Комиссия мақұлдаған Шолпанның бизнесі ең үздік жоба атаныпты. Оған берілетін қаржы көлемі де қомақты – 8 млн 625 мың теңге. Кәсіпкер енді тек ақша қашан түсетінін күтіп отыр, ол да көпке созылмас. Оның айтуынша, бұл бағдарлама өз кәсібін енді ашып жатқан кәсіпкерлердің аяққа тұрып кетуіне көп көмегін тигізеді, ал бұрыннан қандайда бір кәсібі барларға үлкен көмек.
Шолпан мемлекетке, атап айтқанда, өмірдегі ең үлкен арманы – өз кәсібін ашуға мүмкіндік бергені үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасына дән риза. «Армандар орындалады» деген осы шығар.
Сөз соңында ауданда күн өткен сайын бұл бағдарламаға қызығушылар қатары артып келе жатқанын атап өткен жөн. Ел игілігі үшін басталған бұл жаңа мемлекеттік бағдарлама қолжетімділігімен, жеңілдетілген несиесімен және пайыздық үстемесінің төмендігімен ерекше.
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы