Жамбыл ауданы Қарақыстақ ауылында заманауи спорт кешені бой көтерді. Ғимараттың қолданысқа берілуімен қатар мұнда аудандық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі құрылды.Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым, Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас қатысып, тұрғындар қуанышына ортақтасты.
Шараға жиналғандарды облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылған игілікпен құттықтаған Нұрлан Ерғалиұлы бұл тек осы ауылда ғана емес, аймақта спорттың дамуына жаңа серпін беретінін атап өтті. Жамбыл ауданында балалар мен жасөспірімдерге арналған екінші мектептің ашылуы спорттық бәсекені арттырып, шын мықтылардың іріктелуіне мүмкіндік туғызатынын айтты.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Спортшыларымыз көптеген дүбірлі додада топ жарып, ел абыройын асқақтатып жүр. Олар өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болып, жастарды жарқын жеңістерге бастайды. Спорт әрдайым мемлекеттің назарында болады», – деді. Мемлекет басшысының бұл сөзі бұқаралық және кәсіби спортты дамытудағы жауапкершіліктің жоғары екендігін көрсетеді. Біздің міндетіміз – өскелең ұрпақтың, әсіресе, ауыл жастарының спортпен шұғылдануына тиісті жағдай жасау. Ауыл – нағыз чемпиондар мекені. Табиғат аясында шымыр болып өскен бала кез келген спортқа икемді келеді. Бүгін Жамбыл ауданының спорттық инфрақұрылымы тағы бір тамаша ғимаратпен толығып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таба бермек, – деді Нұрлан Әбдірахым.
Облыстағы 2000-нан астам спорттық ғимараттың жартысынан көбі ауылды жерде екенін атап өткен жөн. Қазір өңірде 10 денешынықтыру-сауықтыру кешені бар. Оның біреуі – Ұзынағаш ауылында. Биыл Жамбыл ауданындағы Тарғап ауылына спорт кешенін салуға қаржы бөлу қарастырылады. Сондай-ақ Үңгіртас ауылына спорт нысанын салу үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеу басталыпты. Мұның барлығы спортты дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың жемісі екенін баса айтқан жөн. Салтанатты жиында құрылысты жүргізген бас мердігер «СемШоғыҚұрылысСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Айдар Меңдібаев ғимараттың нышан-кілтін аудандық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Жасұлан Сыдықовқа табыстады. Тұрғындар атынан Болат Әліпбайұлы мердігер ұйымға алғыс білдіріп, ауыл ақсақалы Сәдібек Әбішев көпшілікке ақ батасын берді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым, Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас, облыс пен ауданның Құрметті азаматы Әскербек Абаев, облыстық мәслихат депутаты Ләззат Тұрлашов және ардагер спортшы Бақберген Қайырлыбаев жаңа нысанның лентасын қиып, ішін аралап көрді. Волейбол, бокс, күрес залдарында шынығып жатқан жастармен тілдесті. Е
кі қабатты сәулетті спорт кешені облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен 2022 жылдың маусымында салына бастаған. Жобаның жалпы құны – 712 миллион теңге. Кешенде жастардың бірнеше спорт түрімен шұғылданып, саламатты өмір салтын ұстануына барынша жағдай жасалған. 14 жаттықтырушы бокс, еркін күрес, дзюдо, қазақ күресі, волейболға 558 оқушыны баулиды. Спорт мектебінде Қарақыстаққа қоса Аққайнар, Сұраншы батыр, Бесмойнақ, Үңгіртас, Беріктас, Ақтерек ауылдарының жастары жаттығады. Жиналған қауым жаңа спорт кешені чемпиондар дайындайтын құтты орынға айналсын деп тілектестік білдірді.
Серік Сатыбалдиев,
Жамбыл ауданы