Кеген ауданындағы Ұзынбұлақ өңірінен еліне елеулі, халқына қалаулы болған көптеген азамат шықты. Солардың соңынан ерген кейінгі толқын жастардың өзі біраз асу бағындырған жайы бар. Біз сөз еткелі отырған Еркінбек Қалқаев та Ұзынбұлақ ауылының айтулы перзенттерінің бірі.
Еркінбек көпбалалы отбасынан шыққан. Әкесі тоқсаннан асқан Нұрахмет ақсақал ел-жерінің қадірменді қариясы. Тоқсанға таяған Әлімхандай «Алтын алқалы» асыл анасы әрдайым жүрегінде. Қулық тауының баурайындағы Ұзынбұлақ өңіріне көрік берген қос бәйтерек сол ыстық ұя, жылы мекенде өмір сүріп жатыр. Рас, «Анасы бар адамдар қартаймайды» демекші, кеуделері алтын сандық, құрыштан құйған құдіреттей жандардың ортамызда жүргені көңілге жұбаныш, жүрекке қуаныш.
Нұрахмет ата мен Әлімхан ананың тәрбиесімен өскен Еркінбек тумысынан маңдайы жарқыраған, алтын асықтай ұл болды. Елгезек, ұғымтал, айтқаныңды екі етпей тап-тұйнақтай етіп орындап отыратын бала әке-шешесінің, үлкен бауырларының қолқанатындай ер жетті. Тойған қозыдай сүп-сүйкімді бала отбасынан адалдыққа, бауырмалдыққа, еңбекқорлыққа тәрбиеленді. Өз жолымен адал жүріп-тұруға, ешкімнің ала жібін аттамауға дағдыланды. Шын мәнінде, ол әкесінің айтқан ақылына, ақ сүтін беріп, аялап өсірген анасының тәлімі мен тағылымына шаң жуытпай келеді.
Еркінбек Ұзынбұлақ ауылындағы Ы. Көшкінов атындағы орта мектептің үлгілі шәкірттерінің бірі болды. Мектеп табалдырығын аттағаннан кейін қолына қалам ұстатып, білім әлеміне жетелеген Гүлсім апайын, сынып жетекшісі болған Күлән Әмірбекованы, жоғары сыныптағы сынып жетекшісі әрі тарих пәнінен дәрісін берген қымбатты ұстазы Қанат Ахмановты ешқашан ұмытқан емес. Мектеп бітіргеннен кейін жоғары оқу орнынан жолы болмай келген Еркінбек бір жылдай шаруашылықтың озат шопаны Нұрахметтей әкесіне көмекші болып еңбек етті. Ала таңнан қой өргізіп, мал баққанын, әкесіне көмекші болғанын мақтанышпен еске алып отырады.
Наурыз айында жарты ғасырлық жасына толатын Еркінбек Нұрахметұлының осынау мәнді де мағыналы ғұмырында оқығаны, тоқығаны, көргені, тергені, іс-тәжрибесі жетерлік. Қазақтың Абай атындағы педогоикалық университетінің филология факультетін бітіргелі сан-салалы жұмыстарға араласты. Соның бәрін жастық жігері, күш-қуаты, білім-білігімен, ақыл-парасатымен атқара жүрді. Тумысынан қанына сіңген еңбекқорлығы, адалдығы, тындырымдылығымен жүрген жерінде, еңбек еткен ортасында сыйлы болды. Үлкен сенім арқалай жүрді. Университетті бітіргеннен кейін республикалық «Жас Алаш» газетінде «Алаш-ақпарат» атты жарнама агенттігінің маманы болып еңбек етті. Біраз жыл туған ауылындағы Ы. Көшкінов атындағы орта мектепте шәкірттеріне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берді. Ол сол кезде мектеп директоры болған Әбділда Ахметовті, аудандық білім бөлімінің басшысы болған Нұрбатыр Орынбаевты әрдайым есіне алып отырады. Тәуелсіз мемлекетіміздің өсіп-өркендуі үшін өзіндік үлесін қосуды мақсат еткен Еркінбек арман қуып Алматы қаласына қайта оралды. Алғаш республикалық «Көзқарас – Позиция» газетінде ақпарат бөлімінің редакторы, одан кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетіне қарасты «Телерадио журналистика» кафедрасында маман-әдіскер болып еңбек етті. 2007 жылдан жүрегі қалаған мемлекеттік қызметке орналасты. Алматы қаласы әкімі аппаратына қарасты тілдерді дамыту басқармасында алғаш маман, бас маман қызметтерін абыройлы атқарды. Алматы қаласынан Президент Жарлығымен Алатау ауданы ашылған кезде мәдениет, тіл және спорт бөліміне бас маман болып жұмысқа шақырылды. Адал еңбегімен, қарапайым мінезімен, ақыл-парасатымен аталған бөлімнің басшылығына дейін көтеріліп, отбасы жағдайымен туған ауданына оралды. 2012 жылдың қараша айынан бастап өз тұсындағы Райымбек ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы болып тағайындалып, ел мен жер үшін еңбек етті. 2018 жылы Президент Жарлығымен Кеген ауданы қайта қалпына келген кезде де аталған бөлімге басшы болып тағайындалып, жұмысын уақыт талабы, кезең келбетіне сай жүргізіп келеді.
Біздің кейіпкеріміз мемлекеттік қызметте адалдығымен танылған азамат. Өз ісін жақсы біледі. Қарапайым әрі көпшіл мінезімен ел-жұртына, ұжымына сыйлы да құрметті. Айналасындағы адамдармен ашық жарқын араласады. Ауданның әлеуметтік және экономикалық өсіп-өркендеуінде өзіндік елеулі еңбегі бар. Еркінбек бастаған ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі өңірдегі ардагерлермен, ақсақалдармен, ақ жаулықты аналармен, жастармен жақсы қарым-қатынаста. Аудандағы үкіметтік емес ұйымдармен, қоғамдық бірлестіктермен бірлесе жұмыс жасайды. Олармен тығыз байланыста. Аталған бөлім мемлекеттік саясатты жергілікті жерде жүзеге асыруда, Мемлекет басшысының Жолдауларын халыққа жеткізуде көп жұмыс атқарып келеді. Содан да болар, ол әр жылдары «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 25 жыл» мерекелік медальдарымен, Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы облысының «Достық үйі – Қоғамдық келісіміне – 10» жыл төсбелгісімен, Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына арналған медальмен марапатталған. «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай Алғыс хатпен, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысының Алғыс хатымен, Алматы облысының Ішкі саясат басқармасының Алғыс хаттарымен, Құрмет Грамотасымен марапатталды. Еңбекқор, парасатты азамат облыс әкімінің Құрмет грамотасына, Алғыс хатына ие болды.
– Осынау өмір жолымда маған жарық күннің нұрын, жүректерінің, аялы алақандарының жылуын, ғұмырлық тәлімі мен тәрбиесін берген асқар таудай әкем мен асыл анама жүрекжарды алғысымды білдіремін. Мынау жарық дүниеде ет жүрегі езіліп тұратын бауырларымның, әпке, қарындастарымның барына қуанамын. Жарқын өмірге алтындай ұлдарым мен қыздарымды әкеліп, отбасы қуанышын, тілмен айтып жеткізгісіз бақытын сыйлаған аяулы жарыма деген ықыласым шексіз де шетсіз. Ұзақ жылдардан мемлекеттік қызметті абыройлы атқарып келе жатқаныма әрдайым шүкіршілік етемін. Ел ертеңі, мемлекет келешегі бізді әрдайым жақсы істерге, биік белестерге ұмтылдырады. Еңбек қуанышына, өмірдің жақсылығына кенеліп жүрген жайым бар. Одан асқан бақыт пен байлық жоқ, – дейді Еркінбек.
Еркінбек пен өмірлік серігі Жаннұр Алпысбайқызы екеуі Кеген ауылында жылы ұяларында түтінін түтетіп, ұл-қыздарын бағып-қағып, алдын қанаттандырып отырған, береке-бірліктері сүттей ұйыған өнегелі отбасы иелері. Олардың алдан күткен жақсылақтары мол. Көрінер көкжиектері де алда. Қос жиырма бесін қосқан Еркінбектің абыройлы жүзі жарқырап, мерейі үстем болып, аман-есен болуына тілектеспіз!
Қанат БІРЖАНСАЛ
Кеген ауданы