Театр – өнер, театр – өмір. Театр – нағыз тәлім-тәрбие мен тағылымның ортасы. Осынау киелі өнердің биігіне шығып, өмірін осы жолға арнаған жандардың ел тарихында, мәдениет саласында ойып алар орны зор. Бұл қатарда көрнекті театр және кино актрисасы, Қазақстанның Халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері Нүкетай Мышбаеваны даралап айта аламыз.
Нүкетай Мышбайқызы – бар өмірін сахнаға, театрға арнаған жан. М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында табан аудармай еңбек еткен, бүгінде 90 жасқа жақындап қалған өнер иесінің туған күні де Халықаралық әйелдер күнімен тұспа-тұс. Осынау мереке қарсаңында апайымызбен сөйлесіп, сырласудың сәті түсті.
«Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» демекші, ара-арасында науқастанып қалатыны болмаса, Нүкетай апай әлі де тың. Дауысы да сахнаның сырлы үніндей сыңғырлап тұр. Апайымыздан «Театрдың өміріңізде алар орны қандай?» деп сұрағанымызда, бірден-ақ әсерленіп, әңгімесін бастап кетті.
– Театр менің – өмірім. Бар ғұмырым киелі сахнада өтті. Театрдан бақытымды таптым. Өзіме лайық атақдаңққа ие болдым. Өнерге қарапайым ғана Нүкетай болып келіп, сахнада сан тағдырды арқалап жүрдім. Бүгін Айсұлу, Ақбала болсам, ертесінде Жүзтайлақ, Ақлиман, арғы күні Қарлығаш, келесіде Ажар болдым. Бір күні жарқылдап күліп жүрсем, келесі күні қайғының қара бұлтын арқаладым. Әртістің өмірі осы – біреудің тағдырымен өмір сүресің.
Өнерге бала кезден ынтық болдым. Райымбек ауданы Нарынқол ауылында туып, өстім. Әкем Мышбай менің бір жасымда қайтыс болыпты. Анамның айтуынша, әкем сымбатты да қайратты азамат, жігіттің сұлтаны болған екен. Анам өте пысық, өнерлі жан еді. 13 құрсақ көтеріп, содан 4 ұл, 3 қыз ғана аман қалған. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда 4 ұлды бірден майданға алып кетіп, амал не, зарлап қалдық. Бұл бір отбасы, әсіресе, ана үшін адам көтере алмас үлкен қасірет еді. Бірақ анам өте жігерлі адам, аймаққа белгілі айтыскер болатын. Менің де өнер жолына баруымды қалады. «Нүкешім, сен тек әртіс бол» деп үнемі айтып отыратын. 7-сыныпты бітіргенімде Алматыдағы мектеп-интернатқа оқуға жіберді. Ондағы ойы – қаланың өмірімен танысып, театр, мәдениет, өнер ошақтарын көрсін дегені. Сонда ауылдағы өзге әйелдер: «Қызыңды әртіс боласың деп қалаға жіберіпсің ғой, жаман оқуға неге бердің? Әртіс деген немене, ыржалаңдап жүреді», – деген екен. Сонда шешем: «Сендер қайдан білесіңдер? Әлі-ақ қызымның керемет әртіс болғанын көрерсіңдер», – дейді екен.
Мектепте оқып жүргенде ән айтуға құмар болдым. Сол себепті Алматы мемлекеттік өнер институтының (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық конверваториясы) әншілік бөліміне оқуға түскім келді. Ойламаған жерден ұстазым Асқар Тоқпанов кездесіп қалып: «Сен актерлік бөлімге кел, ол жерде де ән саласың», – деп мені сонда шақырды. Шындығында, конверваторияның актерлік факультетіне оқуға түсіп, өнердің сан қырын меңгердім. Ол кезде М. Әуезов театрының директоры Құрманбек Жандарбеков еді. Оқу бітірген бір топ жасты таңдап, театрға алып келді. Бұл қатарда Асанәлі Әшімов, Фарида Шәріпова, Сәбит Оразбаев, Райымбек Сейітметов, Раушан Әуезбаева, Матан Мұраталиев бар еді. Бәріміз бір ұжымда еңбек еттік. Театрға келгенде Сәбира Майқанова, Шолпан Жандарбекова, Бикен Римова, Зәмзәгүл Шәріпова, Мәкен Байзақова апайларымның ыстық ықыласына бөлендім. Ол кісілер мені мәпелеп, алақандарына салды.
Өмірлік жарымды да театрдан таптым. Суретші Мэлс Сержанов деген талантты жігітпен бас қостым. Земфира есімді қызым бар. Одан туған жиенім магистратурада оқып жатыр, – деді өнер майталманы.
«Театрда көптеген рөлді сомдағаныңызды білеміз. Оның ішінде жаныңызға жақыны қайсы?» деген сауалымызға Нүкетай Мышбайқызы:
– Театрда жүзден аса рөл ойнадым. Соның ішінде Әбділда Тәжібаевтың «Майра» спектаклі маған етене жақын. Себебі, жас кезімде әнші болуды армандағандықтан, бұл рөлде әншілік қабілетімді көрсете білдім. Сонда пьеса авторы, көрнекті ақындраматург Әбділда Тәжібаев: «Майра рөлін басқа да актерлер ойнаған еді, бірақ олар әнді жетер жеріне жеткізіп айта алмайтын. Нүкетай Майраның әндерін керемет орындады. Нағыз Майра енді туды», – деп лебізін білдірген еді. Барлық сомдаған рөлдерім ішімнен шыққан балам сияқты. Сондықтан оның әрқайсысы да жаныма жақын. Киелі сахнадан түспей, 86 жасыма дейін «Жүрейік, жүрек ауыртпай», «Отыз ұлың болғанша…» спектакльдерінде ойнадым, – деп жауап берді.
Нүкетай Мышбаеваның алғашқы сомдағаны – сол кездегі жас режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің «Беу, қыздар-ай» спектакліндегі Айсұлудың рөлі. Ол комедиялық туынды болатын. Ал драма жанрындағы алғашқы күрделі еңбегі «Ана – Жер-ана» спектакліндегі Әлиманның бейнесі болды. Бұл рөлді шынайы сомдағаны соншалық, алғашқы премьера күні спектакльді тамашалаған туынды авторы Шыңғыс Айтматов: «Нүкетай Мышбаева Әлиманды менің шығармамдағыдан да терең ойнады. Сіздерге чоң рахмет», – деп жоғары баға берген болатын. Нүкетай Мышбаева шебер ойнаған бұл спектакль актрисаның ғана емес, ұлттық сахнаның табысы болды. Одан басқа, «Той боларда» спектаклінде актриса болуды армандайтын Айбаланың, «Қан мен терде» тағдыры тәлейлі Ақбаланың, «Абайда» кесек мінезді ақын Зейнептің, «Ажар мен ажалда» қорғансыз қыздан жігерлі әйелге айналатын Ажардың, «Ақ кемеде» бір шаранаға зар болған Бекейдің, «Кішкентай ауылда» ер мінезді, рухы мықты Ардақтың, «Құдағи келіпті» комедиясында ақкөңіл де адал Марфуғаның, «Төрт тақта – жайнамаз», «Қыздай жесір – штат қысқарту» драма-диалогтарында бас ал десе, шаш алатын хатшы әйел мен бастыққа жағынумен күн кешкен Ұрқияның, «Көңілдестер» драмасында Розаның, «Түнгі сарында» қысқа күнде қырық құбылатын Жүзтайлақтың, «Сырымбет саласында» ауыр қайғы жұтқан әйел Айшаның, «Алдар Көседе» байдың шолжаң қызы Меңсұлудың, «Бес бойдаққа бір тойда» пысық әйел Гүлбарамның, «Келіндер көтерілісінде» жағымпаз, сөз аңдығыш келін Саттыханның рөлдерін сәтті ойнап шықты. Өзінің шеберлігін драмалық, трагедиялық рөлдерде де көрсете білді.
Шетел туындылары ішінде Шекспирдің «Асауға тұсауында» Бьянка, М.Фриштің «Дон Жуанның думанындағы» Миранда, Б.Томастың «Мен сіздің әпкеңізбін», «Түлкі бикеш» комедияларында Донна Люция, әнші Корина, Н.Хикметтің «Фархад – Шырынында» күтуші, қырғыз драматургі Б.Жакиевтің «Жүрейік, жүрек ауыртпай» драмасында күлегеш әйелдің образын айнытпай сахналады. Бұл – шынайы хас шебердің ғана қолынан келетін іс. Жалпы сахнада қойылған көптеген спектакльде актрисаның жүрек лүпілі, үлкен рухани ізденісі жатыр.
Нүкетай Мышбаеваның кино мен дубляж саласында да қалдырған өзіндік ізі бар. Кинодағы алғашқы басты рөлі – «Қазақфильм» киностудиясының «Шығыс жолы» көркем фильміндегі жылқышы әйел бейнесі. Сондайақ, ол «Жазда жауған қарда» Хатша, «Ағам үшін қалыңдықта» Өзген, «Алпамыс мектепке барадыда» мейірбике, «Жамбыл» фильмінде Жамбылдың анасы, «Тастандыларда» Сәбитхан апа рөлдерін ойнады. «Қазақстан» ұлттық арнасы түсірген «Болашақ» телесериалындағы Майра апа бейнесімен де танымал болды. Көпбөлімді «Қымызхана» телеспектаклінде Теңгетай рөлін сомдады. Халық әндері мен қазақ композиторларының әндерін де орындап, өзінің әншілік қырын да паш ете білді.
Алпыс жылдан астам уақыт бойы қарашаңырақ – театрда еңбек етіп, ауыр жүкті арқалай білген актриса бүгінде халықтың сүйіктісіне, қазақ өнерінің биік тұлғасына, сахна сәулесіне, жарық жұлдызына айналған. Кейінгі жас буын үшін ол – ұлағатты ұстаз, бойындағы қарапайымдылығымен айналасына нұр шаша білетін жаны жайсаң жан. Отбасында ардақты ана, сүйікті әже.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай апамыздан ақ бата сұрадық. «Үлкен адамның батасын алған адамның жолы ашық болады. Сол себепті әйел-аналарға арнап бата берейін» деген Нүкетай апа: «Кең пейіл, кетпес дәулет берсін! Ғұмырларың ұзақ болып, көсегелерің көгерсін! Жұлдыздай жарқырап, алдарыңнан ақ күн тусын, әйел-аналар, ару қыздар!» – деп ақ тілегін жолдады.
Алма Есенбай