Бүгінгі күні елімізде бала тәрбиесіне, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру мәселелеріне ерекше көңіл бөліне бастады. Өйткені6 әлеуметтік жағдайдың төмендігінен ата-аналар жұмысбасты болып, көп жағдайда балаларына жеткілікті уақыт бөле алмай отыр.
Осыған байланысты облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның жұмыс тобы Талғар қаласында ата-аналар үшін семинар-тренинг өткізді. Аталған шарада «Жанұя» отбасын қолдау орталығы» қоғамдық қоры мен «Қазақ психологиялық қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігі әзірлеген «Ата-аналар университеті» бағдарламасы таныстырылды. Сондай-ақ, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің әлеуметтанушы, психолог және педагог ғалымдары, Алматы облысы әкімі аппаратының құқық қорғау ұйымдары және кәмелетке толмағандармен жұмысты ұйымдастыру бөлімінің бас инспекторы Айғана Асанова жиналған қауымға бала тәрбиесін қалай жүргізу, олармен қалай қарым-қатынас жасау қажеттігін жан-жақты түсіндірді.
Мамандардың айтуынша, егер бала тәрбиесіне уақыт таба алмасақ, оларды өзімізден де мықты етіп қалыптастыра алмайтын болсақ, бүгінгі жетістіктеріміз түкке де тұрмайды. Сондықтан ата-ана негізгі міндеттерді айқындай білуі тиіс.
Әрине, бірінші кезекте балаға кішкентай кезінен көңіл бөлген жөн. Балаға барлығын өз қалауыңыз бойынша істетуден аулақ болыңыз, көп жағдайда ол үлкен жайсыздық тудырады. Сіз баланы айтқаныңызға көндіргеніңізбен, күнделікті осылай жалғаса берсе, ақырында арадағы достық қарым-қатынас, сенім, ата-аналық абырой жоғалады. Балаға жақсы әдет, жеке қасиет бірден келмейді, ол ұзақ уақытты, ата-ананың жүйелі де жанкешті еңбегін талап етеді.
Бала тәрбиесінде отбасының әр мүшесі өзін керекті, маңызды және сүйікті сезінетін жылы да ашық атмосфера қалыптастыру өте маңызды. Балалар бірін-бірі және ата-ананы сыйлауды үйренгені жөн. Олардың еркін жүріп-тұруына қолдау көрсетіп, қамқорлығы мен кішкентай көмегіне де алғыс білдірген дұрыс. Бұл олардың мерейін өсіреді, ата-анаға сүйіспеншілік, ризашылық сезімін арттырады. Бірақ, «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, сөзден гөрі көрсеткен үлгі-өнеге көбірек әсер етеді. Өйткені олар сіздің істеген ісіңізге көбірек еліктейді. Сондықтан балаға не үйреткіңіз келсе, соны өзіңіз жасаңыз. Балаға сөзбен емес, іспен үлгі көрсетудің нәтижесі әлдеқайда жоғары.
Тағы бір маңызды мәселе – ешқашан баланың орнына ол кезіккен түйткілді шешіп беруге тырыспаған жөн. Есесіне жағдайды өзі түсініп, өзі шешім табуына жетелеп, қажетті бағытта әрекет етуіне жол сілтеген дұрыс. Мұнда Сократ әдісін қолдануға болады, яғни өзі ұғынғанша бірнеше сұрақ қоясыз, ақырында бала қалай әрекет ету керектігін түсінеді. Жастайынан өздігінен ойланып, әрекет етуге үйретесіз.
Әрбір ата-ана балада әлемді тану, даму және жаңаны білу деген «орнатылған опция» бар екенін естерінде сақтауы керек. Егер осы құлшыныстарды қанағаттандыра білсеңіз, ғаламтор және басқа да осындай ресурстар бала үшін маңызды болудан қалады. Сондай-ақ, ата-ана тек бала емес, болашақта қоғамның бір бөлігіне айналатын адам тәрбиелеп жатқаны да әрқашан жадымыздан шықпағаны жөн. Сондықтан олардың бойына жақсы мінез-құлық, әдеп-әдетті ғана сіңіріп қоймай, еліне, халқына, тұтас әлемге пайдасын тигізетін жеке тұлғаны қалыптастыру аса маңызды.
Баланы тәрбиелей отырып, ересек өмірде қандай қасиеттің пайдалы болатынына мән берген дұрыс. Бұл тұрғыда қыз баланы қамқор, өзіне күтім жасай білетін, сұлулығын, жан жылуын сақтайтын, ер адамдарға құрмет көрсететін, үй шаруасына епті етіп тәрбиелеу, ал ұл балаларда – жауапкершілікті, күш-жігерді, ақыл-парасат пен әйел адамға деген құрметті дамыту аса маңызды. Бала кішкентай кезінде сурет салу, сәнді билер, шахмат ойнау, музыка тыңдау тағы басқа түрлі ермекке қызығушылық танытуы мүмкін. Осылайша олар тәжірибе жинап, шын мәнінде өздері қалайтын, жандарына жақын нәрсені табады. Оларға барлығын байқап көруге жағдай жасап, соңғы таңдауына қолдау білдіріңіз. Өйткені олар сіз «күш көрсете отырып» мәжбүрлеген істе емес, ішкі түйсіктері қалап, өздері ұмтылған істе табысқа жетеді.
Өкінішке қарай, әйел адамдар бала мен үй шаруасының арасында таңдау жасағанда, көбіне не баламен болатын тамаша сәтті жіберіп алады, не денсаулықтары мен күш-қайратына салмақ түсіріп, бәріне үлгеруге тырысады. Дұрысы – бірінші кезекте бала, одан кейін тұрмыс. Бөтен адамды жалдап, балаңыздың тәрбиесін оған тапсырғаннан, өзіңізді балаға толықтай арнаған артық. Уақтыңызды ыдыс жуып, үй тазалағанға емес, балаға көбірек жұмсаңыз.
Ер адамдарға келетін болсақ, олар жұмыстан кеш қайтатындықтан, баламен сөйлесуге уақыты бола бермейді. Бірақ қалайда әр кеш сайын тым болмаса жарты сағат баламен тілдесуге уақыт табу қажет. Күннің қалай өткенін сұрап, балаңызды тыңдап, «еркекше» кеңес беріңіз. Демалыстың бір күнін міндетті түрде отбасымен бірге өткізіңіз. Отбасы тұтас бас қосатын осындай сәттер баланың келешектегі өміріне сенімді іргетас болып қаланады.
Қалай дегенде де бала неғұрлым есейген сайын, онымен өткізген әр сәт соғұрлым құнды болмақ. Уақыттың байқалмай өте шығатынын, баламызға бақытты шақ сыйлап, олардың бойына маңызды өмірлік құндылықтарды сіңіруге, отбасын жақсы көруді үйретуге және оның мүшелері арасында берік байланыс орнатуға бір ғана мүмкіндік берілетінін ешқашан естен шығармағанымыз дұрыс!
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы