Көптен бері 50 жылға жуық баспасөз саласында жемісті еңбек еткен танымал журналист, бірнеше өлеңдер жинағы мен кітаптары шыққан ақын, жазушы, аудармашы, БАҚ ісін ұйымдастырушы Қорғанбек Аманжол ағамызбен кездесіп, баспасөздің бүгінгі жағдайы мен атқарар қызметі, қоғамдық міндеті жайында әңгілелесудің сәті түсті.
– Аманжол аға, жақсы сөз – жарым ырыс дегендей, алдыңғы буынның 60 – талтүс, 70 – жігіттің жасы дейтін, кімге болса да жағымды естілетін әдемі бағалауы бар. Сол жігіт жасқа толуыңызбен «Алатау арайы» газетінің ұжымы атынан құтты болсын айтқалы келдік. Сонымен бірге, бабаларымыздан қалған «әрі нағашыма барам, әрі тайымды үйретем» деген тәмсіл бар ғой, уақтыңыз болса – жарты ғасырлық журналистік қызметіңіз, баспасөздің қоғамдағы орны мен рөлі жайында сыр-сұхбат құрсақ деп едім?
– Жаңа, жас басылымның атынан арнайы келіп, құттықтап жатқаныңа рахмет! «Көңіл – көңілден су ішеді» демекші, ең бастысы – көңіл, ниет қой! Әрқашан сол бір-біреуге деген көңіліміз бен ниетіміз түзу болғай! «Алатау арайы» әр таңмен бірге арайлана жарық көріп, халқымыздың ұлттық санасының, рухани дүниесінің жаңғыруына, жаңаруына, елдік мұраттарының орындалуына қызмет ете бергей!
– Әумин, айтқаныңыз келсін, аға!
– Ал сұхбатқа келсек, бұл ойыңды құптаймын. Қанша дегенмен, баспасөз саласында жарты ғасырға жуық еңбек еттік, әлі де қолымыздан қалам түскен жоқ. Оның үстіне әркімнің мамандағы – ол үшін мақтаныш, өмірлік тәжірибе, кейінгіге үлгі. Сондықтан мақтан үшін емес, ізбасарларымыз біле жүрсін, қажет деп тапса – кітапханалардан іздеп оқи жүрсін деген ізгі ниетпен өзімнің туған жерім, еңбек жолым, шыққан кітаптарым жайында азы-кем айта кетейін.
Мен – бұрынғы Көкшетау, қазіргі Ақмола облысы, Зеренді ауданы, Көктерек ауылында туып-өстім. Осы ауылдағы №3 М.Ғабдуллин атындағы қазақ орта мектебін бітірген соң ҚазМУ-дің журналистика факультетінде оқып, осы мамандықтың иесі атандым. Еңбек жолымды 1974 жылы Зеренді аудандық «Коммунизм таңы» газетінде тілші болып бастадым. Кейін он жылдан аса облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде меншікті тілші, мәдениет және әдебиет бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы болып қызмет еттім. 1989 жылдан «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, республикалық «Дала дидары» газеті бас редакторының орынбасары, «Дәуір-Время» газетінде жауапты хатшы, «Хабар» Агенттігінде дубляж редакторы, «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары, осы газеттің Алматы бөлімшесінің жетекшісі қызметтерін атқардым.
Әр жылдары шыққан «Тың тынысы», «Қарлығаш» ұжымдық жинақтарына өлеңдерім енсе, 2002 жылы «Зеренді қарағайлары» атты жыр жинағым жеке кітап болып шықты. Олардан басқа «Мақтай Сағдиев» деген хикаят-эссем, «Ғибрат пен Зұлмат», «Біржан бұрмалары», «Бірәлі дастан», «Сабат» деп аталатын проза және өлең кітаптарым, «Қанай-Абылай» атты тарихи дастаным жарық көрді. Сондай-ақ А.Смыковтың «Бақыттың жолы бұралаң» атты ғұмырбаяндық хикаятын, О.Жанайдаровтың «Ежелгі Қазақстан мифтері», «Ежелгі Қазақстан аңыздары», «Ежелгі Қазақстан әфсаналары» атты тарихи-танымдық кітаптарын, Герман Меллвилдің «Моби Дик немесе Ақ Кит» романын тәржімалап, аударма саласында да біраз еңбектендім.
– Иә, шынында да өмір бойы журналистика саласында қызмет етіпсіз. Мұны – кәсіпке деген махаббат пен адалдық десек, артық болмас. Алайда журналистің бәрі өлең жазатын ақын, кітап жазатын жазушы, өзге тілден тәржімалайтын аудармашы емес. Демек, Сізді жас ізбасарларыңыз төрт кәсіпті тең меңгерген әмбебап тұлға деп танып, үлгі алуға лайық жан деп бағалауларына әбден болады. Бірақ сізден негізінен баспасөз жайында сұрағым келеді. Ол қандай болуы, неге қызмет етуі керек?
– Бұл сұрағыңа өз ойымды білдірмей тұрып, бұдан бір ғасырдан аса уақыт бұрын ана тіліміздегі тұңғыш басылым – «Қазақ» газетінің негізін қалаған Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы өте қысқа және ұмытылмайстай етіп: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп айқындап кеткенін айтсам, артық болмас. Осы тұжырымды қоғам өмірімен байланыстыра тереңірек тарқата білсек, көп нәрсе өз-өзінен белгілі болады. Мысалы, халықтың көзі, құлағы дейтіні – қоғамда болып жатқан жақсы жаңалық, оңды өзгерістер мен қате-кемшіліктерді, үкіметтің жүргізіп жатқан саясатын, әлеуметтік, мәдени, экономикалық бағыт-бағдарламаларын ел тұрғындары сол газет арқылы көріп, естиді. Ал тілі дейтіні – сол үдерістерге өз көзқарасын, ой-пікірлері мен ұсыныс-тілектерін газет-журнал басылымдары арқылы жеткізеді. Бұдан баспа құралдарының халықты тәрбиелеу мен мемлекетті дамытуда үлкен рөл атқаратынын түсінеміз. ХХ ғасырдың басында радионың, одан беріде телевизияның пайда болуымен, бұлардың бәрі бір сөзбен – бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) деп аталатын болды.
Олар қандай болуы, неге қызмет етуі керек десек, менің ойымша кез келген БАҚ ең алдымен шыншыл, әлеуметтік және мемлекеттік жауапкершілігі жоғары болып, қалың жұртты жұмылдыруға ықпалы зор, тіпті ұйымдастырушылық тиімділігі пәрменді үгіт-насихат құралы ретінде елдің бірлігі, жұрттың тыныштығы мен ұлттың, қоғамның алға қарай дамуына тиянақты қызмет етуі керек. Егер қай БАҚ-та болмасын, айтылатын хабар, жарияланатын мәлімет шындықтан алыс болса, онда – қоғамда ұнамсыз жағдайлар туындатуы мүмкін. Сондықтан, «отыз тістен шыққан сөз отыз елге тарайды» демекші, журналистер қауымы әр сөзін жүз ойланып, мың толғанып барып, елдік, мемлекеттік тұрғыдан айтуға әдеттенуі тиіс. Осы тұрғыда кеңестік кезеңде газетке – ұжымдық үгітші, ұжымдық насихатшы және ұжымдық ұйымдастырушы деген баға берілуі де тегін еместігін ұмытпаған жөн!
Айтпақшы, Мемлекет басшысының бастамасымен, «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көруіне 110 жыл толуына орай белгіленген «Ұлттық басылым күні» биыл 2 ақпанда екінші рет тойланды. Бұл да ел билігі ұлттық баспасөзге қандай маңыз беріп отырғандығының бір айғағы. Егер мұны тағы бір Алаш арысы – Міржақып Дулатовтың «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор» деген тұжырымы тұрғысынан қарастыратын болсақ, билік бүгінгі таңда қазақ қоғамындағы кемшіліктерді жою, білім, ғылым, руханият, әлеуметтік сала, экономика, жалпы қай бағытта болмасын, алға қарай дамып, болашағы зор мықты мемлекет құру үшін ұлттық баспасөзге үлкен үміт әрі міндет артып отыр деуге болады.
– Жаңа Сіз қазақ журналистикасының теоретигі, Ұлы ұстазымыз, марқұм Тауман Амандосов жиі айтатын «пәрменділік» деген сөзді атап кеттіңіз. Қандай жағдайда баспасөзді пәрменді дей аламыз? Неге ол бүгінгі басылымдарда байқалмайды?
– Ол кезде барлық аудан, облыстарда Халықтық бақылау комитеті деген үкіметтік мекеме болды. Осы комитет шаруашылықтар мен түрлі кәсіпорындарда, білім және денсаулықты сақтау мекемлерінде, жалпы қоғамда болып жатқан кемшіліктерді тексеріп, журналистер солардың қорытындысы, сондай-ақ оқырмандардың арыз-шағымдарының негізінде газетте сын мақалалар, фельетон көп жарияланатын. Барлық редакцияларда дерлік хат бөлімі болды, сол бөлім газет бетінде сыналған мекемелерге арнайы хат жазып, жауап талап ететін. Ең маңыздысы, тіпті ондай хат жіберілмеген күннің өзінде, сол сыни материалдар қай мекемеден, қай ұжымнан жазылса, сол жерде қаралып, қандай шара көрілгені жайында редакцияға міндетті түрде жауап берілетін. Кемшілікке жол берген лауазымды тұлғалар, қызметкерлер жұмысынан босатылып, кейде әртүрлі жауапкершілікке тартылып жататын.
Міне, баспасөздің рөлі қандай еді! Соның арқасында қоғамда халықтық бақылау, баспасөздің, журналистердің беделі мықты болды. Ал қазір біз сын материалдардың, фельетон, памфлеттің жаназасын шығардық демесек те олар жансақтау бөлімінде жатыр деуге болады. Сын мақала жазған журналисті «намысыма тиді, жеке басыма тиісті, көптің алдында абырой-беделіме нұқсан келтірді» деп сотқа сүйреу, қудалау көбейді. Осылай кәсіби қызметі қоғамның көзін ашуға, халықтық бақылауды жүзеге асыруға, билікке көмекші болуға міндеттейтін журналист – қорғаусыз, қорғансыз қалды!
Егер демократияның басты талаптарының бірі ашықтық дейтін болсақ, сол ашықтықты, қазіргі күні Мемлекет басшылығы алға қойған – Жаңа Қазақстан құру бойынша белгіленген міндеттерді жүзеге асыру тұрғысынан өте өзекті – қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуге де журналистер қауымы үлкен үлес қоса алар еді. Бұдан шығатын қорытынды – қоғамды дамыту мақсатында баспасөздің беделін көтеруге, журналистің құқын қорғауға биліктің өзі мүдделі болып, жан-жақты қолдау көрсетуі тиіс! Сонда ғана баспасөз пәрменді болып, халықтың билікке деген сенімі де артады. Өйткені, баспасөздің беделі – биліктің беделі!
– Бұған өз тәжірибеңізде нақты мысал бар ма?
– Жоғарыда айтқанымдай, «Коммунизм туы», «Көкшетау правдасы» газеттерінде қызмет еттім. Облыстық газеттің мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып істеген жылдары «Біздің ара» деген қосымша ашып, соны жүргізетінмін. Осы газеттерде оқырмандардың арыз-шағымдарын тексеріп, сондай-ақ Халықтық бақылау комитетінің материалдары негізінде «Шәпкіден шыққан шатақ», «Селюктің серілігі», «Шиелідегі шиеленіс», «Қара барқыттың қазасы», «Жүген кескен жүгенсіздік» деген сияқты, барлығын тізіп шығу міндет емес шығар, көптеген сын мақалалар, фельетондар жаздым. Солардың оншақтысы облыстық партия комитетінің бюросында қаралды.
1985 жылы Көкшетау обкомының бірінші хатшысы болып тағайындалған Мақтай Сағдиев алғашқы бюросын өткізіп, онда Айыртау, бұрынғы Володар ауданындағы мал қыстату жайы қаралады. Бұл мәселе бойынша аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Болат Көшімбаев есеп береді. Сонда Мақтай Рамазанұлы оны тоқтатып қойып: «Бүгінгі «Көкшетау правдасын» оқыдыңыз ба?» деп сұрайды. Оған Болат Ахметжанұлы «Жоқ, оқып үлгермедім!» деп жауап береді. «Ал мен оқыдым, міне, сенің ауданың туралы былай жазылған» деп, алдындағы газетті алып, менің өлеңдетіп тұрып жазған фельетонымды оқып-оқып жібереді де «Прямо в точку попадает!» деп әрі-бері ақталғысы келген аупарткомның бірінші хатшысын сөйлетпей қояды. Сөйтіп обкомның екінші хатшысы Зубқа қарап: «Василий Никифорович, Вы найдите хорошего переводчика, пусть он переводит и обязательно прочтите этот фельетон» дейді. Сонда Зуб «Обязательно найду, обязательно прочту» деп мақұлдапты.
Міне көрдіңіз бе, ол кезде баспасөз шын мәнінде қоғамның айнасы болды. Газетте жарияланған бірде-бір сын мақала, сықақ, фельетон назардан тыс қалмайтын. Облыс, аудан, барлық мекеме басшыларының үстелінде жұмыс басталмай тұрып, орталық басылымдардан бастап аудандық газетке дейін жататын. Олар осы басылымдарды бір шолып, аудандағы, облыстағы, республикадағы жағдаймен танысатын. Сөйтіп, қарамағындағы қызметкерлер мен мекеме басшыларына тиісті тапсырмалар беретін. Осылай баспасөз, оның ішінде газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі ретінде өте үлкен әрі жауапты қызмет атқарды. Соның арқасында газеттер оқылымды, таралымы көп болды. Есіңде болса, ҚазМУ-дің журналистика факультетінің 20 жылдай деканы болған әйгілі ұстазымыз Темірбек Қожакеев те сатирадан сабақ бергенде күлкі – күштілердің қаруы деп оқытты. Бүгінде сол қару мүлдем дерлік пайдаланылмайды.
– Ең өкініштісі, қазіргі басшылардың көбі соны түсінбейді. БАҚ-тың, соның ішінде баспасөздің қуатты идеологиялық құрал екені ойларына да кіріп шықпайды. Біразы тіпті газет-журналға пысқырып та қарамайды. Өйткені, газет оқылмайды деп ойлайды. Сіздің әңгімеңізден ұққаным – газетті оқылымды етудің, қоғамдағы түйткілді мәселелерді шешуде, қоғамды дамытуда пәрменді құралға айналдырудың бір жолы сатираны, сын материалдарды көбейту дейсіз ғой?
– Дұрыс айтасың. Бұрын қоғам, билік, халықтың өзі газетте шыққан сын материалдарға, фельетондарға сондай бір сергектікпен қарайтын. Ең бастысы, оларда көтерілген кемшіліктер көп жағдайда түзетілетін. Егер газетте сын болса, ол сын шын болса, көптің көкейіндегісін тауып айтса, ешкімнің жеке басына тиіспей, нақты деректерге, заңнамада көрсетілген талаптарға негізделген, оның үстіне қарапайым оқырманға түсінікті, тартымды жазылса – әрине газет те оқылымды болады және оның қоғамға тигізер пайдасы да зор болады.
Бізде бір кездері ресми басылымдардың көбі әйгілі жазушы Дулат Исабеков ағамыз айтқандай «Аш та, жап!» газет болып кеткені өтірік емес, көбіне тек мақтау, мадақтау болды. Ал отыз жыл бойғы құры мақтанның неге әкелгенін бүгін көріп отырмыз. Кейбір басылымдар әлі осы жолмен келе жатыр. Газет оқылымды болуы үшін әр санда кем дегенде бір сын мақала болуы керек. Әрине, ол әйтеуір сынау үшін емес, нақты бір кемшілікті жою үшін, оған жол берген жауапты адамның қателігін басқалар қайталамауы үшін, сайып келгенде қоғамды тәрбиелеу үшін жазылуы тиіс. Қазақта ертеден келе жатқан сын түзелмей – мін түзелмейді деген қағидатты пікір бар. Мін түзелу үшін оны дұрыс сынап, мәселені дұрыс қоя білу керек. Бүгінгі қоғамда ол жетіп артылады.
Мысалы, Президентіміз басшылардың жауапкершіліктен қашатыны туралы талай мәрте айтты. Егер, әр басшы иелеп отырған лауазымды қызметіне лайық болса, өзіне жүктелген халық алдындағы, оны тағайындаған жоғары билік алдындағы жауапкершілікті терең сезініп, өзі басқаратын ауыл, аудан, облыс немесе мекемеде дұрыс шешім қабылдап, мәселені уақтылы шешіп отырса, қоғамда қазіргідей толып жатқан түйткілдер қордаланбас еді. Мұның бәрі бізде мемлекеттік тәртіп пен жауапкершіліктің ақсап жатқанын көрсетеді. Соның салдарынан тәуелсіздік жылдарында «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму», «Ауылды дамыту», «Ақбұлақ», «Жалпыға бердей еңбек қоғамы», «100 мектеп, 100 аурухана» сияқты қаншама миллардтаған қаржы бөлінген бағдарламалар аяқсыз қалды. Есесіне жемқорлық, парақорлық, кәсіпкерлердің мүлкін тартып алу сияқты және басқа қылмыстық әрекеттер, әділетсіздік, озбырлық шарықтау шегіне жетіп, өндіріс тұралады, ауылдар азып-тозды, халық кедейшіліктің қамытын киіп, әбден титықтады. Осының бәрі сын садағына ілінуге сұранып тұрған өзекті тақырыптар емес пе?!
– Солайы солай ғой, бірақ жаңа өзіңіз айтқандай, жазғаны дұрыс, заң талаптарына сай болса да жазықтылар ақшаның күшімен құтылып, қайта журналистерді қаралайтын, қудалайтын, әріптестеріміз билік, құқық қорғау ұйымдары тарапынан қолдаусыз, қорғансыз қалған заман болып тұр ғой! Әйтпесе, сатиралық тілмен жазылған сын мақалалардың оқылатыны, халық көпке дейін ұмытпайтыны рас. Бұған не дейсіз?
– Шынында да жақсы жазылған, дұрыс мәселе көтерген дүние ұмытылмайтыны рас. Мұндай жағдай өз басымнан өтті. Мен журналистік қызметім жаңа басталып жатқан кезде аудандық газетте «Қара барқыттың қазасы» атты фельетоным жарияланған-ды. Арадан жиырма жылдай өткенде ауылға бардым. Ол кезде Алматыда «Дәуір-Время» газетінде қызметте едім. Сонда егде тартқан бір кісі: «Сен – баяғы «Қара барқыттың қазасын» жазған Қорғанбексің бе?» – демесі бар ма! Адам кәдімгідей қуанып, көңілі көтеріліп қалады екен, әлгі ақсақалдың фельетонның тақырыбын да, авторын да ұмытпағананына риза болдым. Демек, ол көптің көңілінен шықты деген сөз!
Бүгінгі таңда фельетон – қазақ қоғамына аса қажет жанр. Қазір рухани-адамгершілік тұрғыда азып бара жатқан халқымыздың ұлттық санасын жаңғыртып, жаһандану дейтін жалмауыздың өңешінен өтіп кетпеу үшін, қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан саф алтындай салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, асыл қасиеттерін қайта қалпына келтіріп, ұрпақ бойына сіңіру үшін, білім-ғылым, техника, технология дамып, өркениетті елдердің қатарына қосылу үшін өзімізді әділ сынап, әділ қорытынды шығара білуіміз керек.
Ал билік, халқымыздың ежелден «бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» дейтін демократиялық ұстанымын басшылыққа алып, журналистер қауымына қолдау көрсетіп, қорған болуы, ел алдында, мемлекет алдында, үкімет алдында тұрған маңызды міндеттерді шешу тұрғысынан БАҚ-ты тиімді пайдалана білуі тиіс! Ол үшін әріптестеріміздің барлық кәсіби құқықтары мен мәртебесі, өкілеттіктері мен шығармашылық жеңілдіктері анық айқындалған масс-медиа туралы мықты заң керек! Мысалы, бұрын Журналистер одағының мүшелеріне 15 шаршы метр тұрғын үй артық берілетін, басқа да жеңілдіктер бар еді. Қазір оның бірде-біреуі жоқ! Керісінше, көптеген әріптестеріміз әлі күнге үйсіз-күйсіз жүр!
– Салиқалы да сыни сұхбатыңызға рахмет! Тойыңыз тойға жалғасып, шығармашылық шабытыңыз арта берсін! Әрқашан жақсылықта жүздесейік, аға!
Сұхбаттасқан – Құтмағамбет Қонысбай