Биыл Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтіп жатыр. Алдын-ала белгіленгендей, қайырымдылық шараларына арналған екінші күні Қарасай ауданында біршама ізгілікті шаралар жүзеге асырылды.
Әдеттегідей, мерекелік шаралар бұл күні Қаскелең қаласындағы Мәдениет үйінен бастау алған. Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров, аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаева, мектеп директорлары мен мектеп жанындағы балалар құқығын қорғау ұйымдары және ата-аналар комитетінің өкілдері қатысқан жиын бай мазмұнымен ерекшеленді. Аталған шара барысында «Қазақстан халқына» қорының бастамасымен «QH жаздық жолдама – 24» бағдарламасы аясында сабақты үздік оқитын, түрлі олимпиадалар мен байқауларда жүлделі орындарға ие болып, мектептің қоғамдық өміріне белсене араласқан 400 оқушыға жаздық демалыс орындарына жолдамалар табыс етілді.
Жиын барысында Б. Қосынов атындағы орта мектептің балалар құқығын қорғау кеңесінің мүшесі Айша Бек сөз алып, қайырымдылық шарасын ұйымдастырушыларға жұртшылықтың алғысын жеткізді. Осыдан кейін жиылғандардың назарына аты әлемге танылған әнші бала – Шерхан Арыстанның, «Атамекен» хор ұжымы мен «Шаттық» би ансамблінің қатысуымен әзірленген концерттік бағдарлама ұсынылды.
Бұл жерде 2022 жылы құрылған «Қазақстан халқына» қоры білім беру, денсаулық сақтау және спорт сияқты әлеуметтік салаға қамқорлық көрсетіп келе жатқанын еске салғымыз келеді. Осы екі жыл аралығында қор қайырымдылық шараларына 91 млрд теңге қаржы бөлген. Бөлінген қаражат негізінен 80 жоба мен бағдарламаларды жүзеге асыруға жұмсалған.
Ал «QH жаздық жолдама» жобасына келер болсақ, өткен жылы бұл жолдамамен аудандағы 393 жеткіншек емделіп, тынығып қайтқан болса, биыл тағы да 400 оқушы осы мүмкіндікті пайдаланатын болады. Игілікті шара балалардың денсаулығын жақсартумен қатар олардың жақсы оқып, үздік нәтижелер көрсетуге деген құлшыныстарын шыңдай түсетіні сөзсіз.
Осыдан кейін қайырымдылық акциясы Жібек Жолы ауылында орналасқан «Керемет» тойханасында жалғасын тапты. Бұл жерде ерекше күтімді қажет ететін 130 балаға мерекелік дастарқан жайылып, ұлыс мерекесінің дәстүрлі дәмі – наурызкөже мен ыстық бауырсақтар ұсынылды. Сол сияқты «Paksushi» компаниясы әзірлеген теңіз тағамдары кішкене қонақтардың көңілінен шықты деуге болады. Ал жергілікті өнерпаздар әзірленген концерттік бағдарлама, балалар мен олардың ата-аналарына ұсынылған сыйлықтар мерекелік көңіл-күйді әуелете түсті.
Иә, қайырымдылық күніне арналған шаралар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілгенін айта кету керек. Сонымен қатар жеке кәсіпкер Әлия Тұрымбетова, Рита Тұрмамбетова жетекшілік ететін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар паллиативті орталығы да өздерінің қомақты үлестерін қосты. Бұл күні ауданның жас бүлдіршіндері мен олардың ата-аналарына шын мәнінде жұртшылықтың назары мен махаббаты анық сезілді.
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы