«Ел іші өнер кеніші» демекші, қазіргі таңда батагөй қариялар баршылық. Оған түрлі деңгейдегі батагөйлер байқауына қатысушылардан аңғаруға болады. Бұрынырақ батагөй ақсақалдар қазақшылықтың қаймағы бұзылмаған Шеңгелді ауылында көп болатын. Тіпті, бірнеше жыл бұрын ауылдық Мәдениет үйінде батагөйлер байқауы өткізілген. Бүгінде қатары сиреп қалса да, ондай ақақалдар әлі де жоқ емес. Солардың бірі – Бақытжан Атагелдиев.
– Батаның сан түрі болады. Сәби дүниеге келгенде, сүндет тойда, алғаш атжалын тартып мінген ұлға, жас жұбайларға, келін түскенде, қыз ұзатқанда, мал шалғанда, жолаушыға, балаға ат қойғанда, тұсауын кескенде, сапарға шығатын адамға, құдалықта бата беріледі. Наурыз бен ас қайыру батасы да бар. Батаны екінің бірі бере бермейді. Аузы дуалы, елге сыйлы, сөздің қадір-қасиетін білетін, көпті көрген қариялар мен ақ жаулықты әжелерден бата сұралады. Сондай-ақ, ата жолына қарай да бата беріледі. Жасы кіші болса да, үлкен атаның баласы бата беруі керек. Әр тайпаның, рудың жолы, реті, жөні бар. Мәселен, Жалайырды үш жүздің ноқта ағасы деп құрметтейді. Албанда Шоған абыздың ұрпағы, Шоған абыздың ұрпағы болмаған жерде Әлжан атаның ұрпағы бата береді. Кей жерде лауазымды қызмет атқаратын, бизнесмен немесе тойға әкелген тартуы көңілінен шыққан адамға бата жасату етек алып бара жатқаны көңіл қынжылтады. Осы күні кейбір әйелдер «Ер адам отырғанда бата бермейміз» деп жүр. Әйел бата бергеннен бүлінетін ешнәрсе жоқ. Өзіміз ақ жаулықты аналардың өзінен жасы кіші ер-азаматтарға бата бергенін көріп өстік.
Батаны өзі шығаратын және жаттап айтатындар бар. Бүгінде өзі шығаратындар некен-саяқ. Шын ниеттен ақ тілеу тілегеннен кейін мүмкіндігінше жүрек түкпіріңнен шыққан ақ батаны берген абзал. Батаның адам өміріне тигізер оң әсері мол екені анық. Бата берудің қасиеті, жақсылығы болмаса, баяғыда қолданыстан шығып қалар еді ғой. Ғасырдан ғасырға жалғасып, бүгінге дейін жойылмай келе жатқаны соның айғағы десек, артық айтқандық болмас. Кеңестік кезеңде батаны дінге қатысы бар деп тыйым салынғанын көзіміз көрді. Солақай саясаттың ықпалымен жиын-тойларды батасыз өткізгенбіз. Бекжан Тұрысов деген актердің «Кейбір қариялардың басқа жасаған батасы сираққа татымайды» деп айтқанындай, қазіргі үлкендердің батаны тост айтумен шатастыруы кезінде оған тиым салынғанның салдарынан болып отыр.
Халқымыз қандай шара болса да дастарқанды батамен ашады. Бата жасалмай тұрып дастарқандағы дәмнен ауыз тимеген. Кейінгі кезде «Бірінші Құран оқылсын» дейтін молдалар кездесіп жүр. Ілгеріде әуелі бата беріліп, сосын Құран оқылып, ас қайтарылғаннан кейін тағы Құран оқылатын. Бұл – ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан дәстүр. Өзім басқарған астарда алдымен бата жасаттырып жүрмін. Кейбір молдалар соны жақтырмай қалып жатады. Қонаев қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Беспаев Шеңгелді ауылында облыстық батагөйлер байқауын ұйымдастыру ниеті бар екенін айтқан. Мұндай байқаулардың жиі өткізілгені дұрыс деп есептеймін. Өйткені кейінгі жастарға батаны көрсету керек. Оның ұлттық дәстүрді өскелең ұрпақтың санасына сіңіруге септігі мол. Кейбіреулердің батагөй атануына ықпалы болуы да мүмкін.
Екі мәрте Қонаев қаласының атынан облыстық батагөйлер байқауына қатыстым. Біріншісінде, екінші орынды еншілесем, екіншісінде, «Үздік батагөй» номинациясына ие болдым. Жақында «Ауыл» партиясы ұйымдастырған қашықтан өткен «Батамен ер көгерер» атты республикалық батагөйлер сайысында жеңімпаз атанғанымды облыстағы «Ауыл» партиясының өкілдері сүйіншіледі. Олар Шеңгелді ауылындағы Наурыз мейрамын тойлау кезінде марапатталатынымды айтты, – деп ағынан жарылды Бақытжан ақсақал.
Қазірде батаны арабтың «фатиха» сөзінің қазақша айтылу түрі дейтіндер кездесуде. Халқымыздың салт-дәстүрі Ислам шариғатымен біте қайнасып кеткен. Дегенмен бата беру қазақ жұртында бағзы заманнан дәстүрге айналғанын ешкім теріске шығара қоймас. Кейбір деректерде қырғыз, қарақалпақтан басқа Бурят елінде, алтайлықтарда, туваларда, татарларда, башқұрттарда, тағы бірқатар түркі тайпаларында атауы басқа болғанымен, орындалуы бата берумен бірдей рәсім бар екені айтылады.
Халқымыз ежелден батаға баса мән берген. Кейбір басқосуларда «құда берсін», «нағашы берсін», «атасы берсін», «көршісі берсін», «бастығы берсін» деп батаны мүшәйраға айналдырып жатқандарға да куә болып, естіп-біліп жатамыз. Бата сұрасаң, «сіз беріңіз» деп біріне-бірі сілтеп немесе бата бере алмай абдырап тұратындар да бар. Батаның соңын «Алып қоялық» деп аяқтайтындарға да куә болып қалатынымыз жасырын емес. Енді біреулер «Қабыл болсын» деп бет сипай салады. Ондай кезде бата сұраған көпшіліктің көңілі толмай қалғанын аңғарса да, ығайсызданбайтындарды да көріп жүрміз. Бата берудің ғасырлар бойы қалыптасқан тәртібін сақтап, оны өскелең ұрпаққа жеткізетін бүгінгі үлкендердің осындай тірліктері қарын аштырады.
Қазіргі кезде бата туралы көптеген кітаптар бар. Түрлі нұсқалары ғаламтор мен әлеуметтік желілерде де толып тұр. Қариялар мен жігіт ағалары соларды оқып, жаттап алса да болар еді. Сайып келгенде, халқымыздың ежелгі дәстүрі батаның әдептері мен өзіндік үлгілері бар. Жасынан бата тыңдап өскен адам жаманшылыққа жоламайды. Бата қасиетін қасиетін жете түсініп, қадірін кетірмеуіміз керек.
Айжарық Көптілеуов