Таяуда Іле, Талғар, Кеген өңіріндегі бірнеше ауыл мен округ атаулары өзгертілгені мәлім. Жақсы хабарды естуін естідік, қуануын қуандық. Бір әттеген-айы, Шелек ауылының тарихи атауын Шілік деп қайта атау мәселесі назардан тыс қалды. Осы ауыл атауы туралы кезінде «Еңбекшіқазақ» газетінде пікірталас туғызған мақала жарияланған еді. Шындығында, «Шелек» сөзі батырдың да, тұрмыстық тұтыну бұйымының да аты емес, өзен бойының орта шенінде қаулап өскен шілікке байланысты Шілік өзені, Шілік ауылы деп аталған. Кейін терістіктен орыстар қоныстанғанда қалың шілік ішінде қоян көп болуына байланысты «Зайцевское» болып кеткен.
Әу бастан ауылдың да, өзеннің де Шілік аталатыны туралы бұлтартпас нақты деректер бар. Мәселен, ғалым Шоқан Уәлиханов өзінің 1856 жылы жазған «Ыстықкөл сапарының күнделігі» атты еңбегінде: «Өзен ағысының орта тұсында оны қоршаған шіліктен биік орман түзіледі. Қырғыздар оны «бауағаш» деп атайды. Маған, сарыбағыштар айтқандай, марқұм Орман батыр осы жерде көшіп-қонып жүргенде әйелдер мен балалар сол жерден інжу, маржан, лағыл, моншақ, тағы басқа бұйымдар тапқан. Менің өзім алғашқы балшықтан жасалған құман мен қыш құмыра сынықтарын тауып алдым», – деп жазған. Сол кезде бұл жерді қырғыздырдың сарыбағыш руының адамдары қоныстаныпты. Сынған қыш құмыра, бағалы бұйымдардың табылуы – орта ғасырда Ұлы Жібек жолы бойында Шілік қаласының орны болғанының дәлелі. Жетісу энциклопедиясының 752-бетінде: «Шілік (Шелек) – орта ғасырдағы қалалардың бірі. Қазіргі Шелек ауылының батыс жағынан қала орнын 1886 жылы Н.Пантусов, 1956 жылы Жетісу археологиялық экспедициясы (Ғалым Е.Агеев бастаған топ) зерттеген. Қазбадан әшекейлі мыс құман (1886), күміс шақалар (1947) табылған. Қала тұрғындары суармалы егіншілікпен айналысқан.
Екінші бұлтартпас дерек ретінде 1970 жылға дейін ауыл Шілік деп аталып келгенін айтуға болады. Шілік аудандық партия комитетінің сол кездерде кеңшар, ұжымшар директоры болған адамдардың еңбек кітапшалары, коммунист Х.Дулатовтың № 123 мандатындағы мөрі растайды. Ондағы құжаттарда тайға таңба басқандай «Шілік» деп жазылған. Үшінші дерек – 1930 жылдары Украин елінен осы ауылға дәрігер болып келген Руфина Данилевскаяның Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің 3-шақырылымындағы съезіне 1951 жылдың 18 ақпанында депутат болар алдында сайлауалды үгіт парақшасына ауыл да, аудан атауы да «Шілік» деп жазылғаны. Қазір бұл дерек Шелек тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы. Бұдан басқа да бұрынғы мектеп оқушыларына арналған «Қазақстан тарихы», басқа да кітаптарда қазір «Шелек» деп аталып жүрген ауыл, аудан «Шілік» деп көрсетілген.
Тарихи атау – ұлт айнасы. Қазақ халқы жер, су атауын табиғат көрінісіне не танымал тұлғаның қоныстанғанына байланысты үйлестіріп қойған. Сондықтан да Шелек ауылына бұрынғы Шілік атауын қайтарса деген ұсынысымыз бар. Өкінішке қарай, қазір өңірде шіліктер қырқылып, азғантайы ғана қалған. Десек те, тарихи атаудан ауытқымағанымыз жөн болар еді. Бұл ойымызды қағазға түсірудегі мақсатымыз өңір тарихын кейінгі жастар біліп жүрсе әрі мүмкіндігінше әр аймақты өзінің бұрынғы атауымен атасақ деген ниеттен туып отыр. Аудан, ауыл әкімдігі, ақсақалдар, қоғам белсенділері осы мәселені қолға алады деген сенімдеміз.
Анарбек Бердібаев,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Еңбекшіқазақ ауданы