Жұмыстан әдеттегіден ерте келіп, күнделікті үй шаруасын атқарып тастауға үлгеру үлкен қуаныш емес пе? Ауылға жетіп, көліктен түскен кезде мал өрістен қайтып жатыр екен. Кіреберістегі көпірге ұйлығыса мөңіреген сиырлардан өте алмай, біраз машина жиналып қалыпты. Көпір босай салып, асығып тұрған темір тұлпарлар бірінен кейін бірі зымыраса жөнелді.
Қарасақ, түскі ауысымның оқушылары да сабақтан қайтып келеді. Менің алдымда ұл-қызы аралас төрт-бес бала кетіп бара жатқан. Жас шамалары он бір-он екілерді құраса керек. Әлденені талқылап, өзара келісе алмай, ішіндегі тақия киген бір баланы қаумалап алған. Шапшаңдай адымдап, қатарласып алдым. Осы кезде табыншы да жетіп қалды. Сол кезде әлгі тақиялы бала: «Ағай, сұрасам бола ма?» – деді. «Айта ғой, балам», – деп ол кісі атының басын ірікті. Бала алда, табынның ең соңында кетіп бара жатқан тайыншаны көрсетіп: «Мынаны тайынша дейді ғой, иә?» – деді. Бақташы: «Иә», – деп мақұлдады. «Рахмет, ағай» – деп тақиялы бала достарына жетіп барып: «Айттым ғой. Мен атамның қолында өскем», – деп айналасына шекелей қарады. «Арпа ішінде бір бидай» осындай балалар өз қатарластары арасында ұлттық құндылықтарымыздың қанатын кеңге жая берері хақ.
Мына көрініске кәдімгідей ырза болып, қуанып қалдым. Содан кейін терең ойларға шомып кеттім. «Қаланың баласына бұқаны көрсетсең, сиыр деп соға салады. Әрине, бәрі емес. Жазда ауылға барып қайтатындары өйтпейді. Жә, оны қойшы! Осы қала іргесіндегі ауылды жердің өзінде көрші-қолаңның бірлі-жарымы болмаса, мал ұстауға қызмет бабы келмейтін яки оны қарап, табынға қосып, күтіп алатын адамы жоқ қаншама отбасы тірлік кешіп жатыр?! Олардың балаларының арасында төрт түлікті түстеп тану былай тұрсын, түрлерін ажырата алмайтындары бар. Мына баланың ата-әжесінің көкіректері ояу, жақсы кісілер екен, мың болғырлар!» деп сырттай алғыс айтып, үйге қарай сергек адымдай жөнелдім.
Бейбіт Мекеев