Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау қаласында өткен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Елтаңбаны өзгертуді ұсынды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Біздің Көк Туымызда мін жоқ. Онда еліміздің бірегей болмысы нақты бейнеленген. Әнұранымыз да нағыз ұлттық рухты паш етеді. Қазақтың Әнұраны әлемнің әр түкпірінде шырқалып жүр. Жаңа жылды жақындарымыздың ортасында Әнұранмен қарсы алу жақсы дәстүрге айналды. Бір сөзбен айтсақ, Әнұранымыздың сөзі де, әуені де халықтың жүрегіне әбден орныққан. Ал Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бейжай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады», – деп, бұл мәселенің халықтың талқысына салынатынын айтты. Содан бері бұл мәселе қоғамда қызу талқылануда. Осы орайда ақпарат құралдары, сайттар мен әлеуметтік желілерде әртүрлі ойпікір айтылуда. Кейбіреулер Елтаңбадағы бес жұлдыздың артық екенін, енді біреулер бүркіттің бейнеленбегенін айтып, тағы басқа ұсыныс-пікірлерін ортаға салуда.
Өз басым олардың бірқатарына қосыламын. Мәселен, Көк байрақта бейнеленген бүркіттің Елтаңбадан көрініс тапқанын жөн көремін. Қазақ халқы бүркітті құс патшасы деп қадір тұтады. Халқымыздың ұғымында бүркіт еркіндіктің, батырлық пен қайсарлықтың нышаны болып есептеледі. Әлкей Марғұлан келтірген деректерге сүйенсек, қазақ тілінде бүркітке қатысты мың жарымға жуық атау бар екен. Өзбек, қырғыз, қарақалпақ ағайындардың Елтаңбасында да «Көк аспан әміршісінің» бейнесі орналасқаны бүркітті барша түркі жұртының қастерлеп, киелі құс санайтынын аңғартып тұр.
Қолданыстағы Елтаңбаның Кеңес одағы кезіндегі Елтаңбаға ұқсастығы да айтылуда. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін одақ көлемінде Жаңажылдытойлауға тыйым салынып, 1937 жылы Сталиннің бұйрығымен рұқсат берілгенде оған дейін шыршаның басындағы 8 бұрышты жұлдыздың орнына бес жұлдыз қолданылған. Осының өзі бес жұлдыздың кеңестік саясаттың сарқыншағы екенінің дәлелі деуге болады. Қазіргі Елтаңбаның одақ кезіндегі пошымынан көп өзгере қоймағанын сынға алатындар аз емес. Оны теріске шығара алмаймыз. Ондағы Қазақстан деген жазудың өзі сол кезді еске түсіреді. Ол кездегі Гербте одақтас республикалардың барлығының аты жазылушы еді. Бұл Елтаңба Кеңес одағы ыдырап, еліміз азаттыққа қол жеткізіп, дербес мемлекет болып құрылып жатқан өтпелі кезеңде қабылданған. Енді ес жиып, етек жинадық. Жаңа Қазақстанды құруға бет бұрдық. Сайып келгенде, жаңа Елтаңбаға ұлттық кодымызды айғақтайтын бейнелерді орналастырып, кеңестік көзқарастан арылып, бес жұлдызбен қоштасқанды құптаймын.
«Жаңа адамдар» атты жастар қозғалысының қазақстандықтардың Елтаңба туралы не ойлайтынын білу үшін Астана мен Алматыда 500-ден астам әртүрлі жастағы адамдар арасында сауалнама жүргізгенде қатысушылардың 70 пайызы ондағы жекелеген элементтердің мән-мағынасын түсінбейтінін айтыпты. Әрине, Елтаңбаның қарапайым, жарысымды, адам ойында бірден жатталып қалатындай болғаны мақұл. Елтаңбаға халқымыздың тарихынан тамыр тартатын элементтердің барлығын қаптатып орналастыра берген жөн емес деп ойлаймын.
Мемлекет басшысының Елтаңбаны өзгерту жөніндегі ұсынысын толықтай қолдаймын. Уақыт ағымын ескеріп, заман талабына сай ұлттық нышанды жетілдіру – өте маңызды да жауапты іс. Бұған еліміздің әрбір азаматы бейжай қарамауы тиіс.
Ескелді Қасымов,
облыстық қоғамдық кеңес төрағасы