Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші басқосуы несімен ерекшеленді және қазақ қоғамындағы қандай мәселелерді күн тәртібіне қойып, елдің үдесінен шығатындай жауап бере алды ма деген сұрақтың қойылуы – заңдылық. Ендеше, осы мәселеге тоқталайық.
Жалпы, құрылтайдың басты тақырыбы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» деген атпен айқындалып, жұмыс екі күнге созылды. Алғашқы күні елдің барлық өңірінен жиналған құрылтай мүшелері төрт топқа бөлініп, «Азаматтық қоғам», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Ғылым және білім», «Әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму» секцияларына қатысып, осы салалардағы өзекті мәселелерді сарапқа салды.
«Азаматтық қоғам» секциясында құрылтай мүшелері қоғам бірлігіне, тәртіп пен заңдылықтың сақталуына және жалпыұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған шараларға тоқталды. Сондай-ақ, олар талқы барысында азаматтық қоғамды дамыту, заң үстемдігін орнату, адам құқын қорғау, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және зорлық-зомбылыққа жол бермеу мәселелеріне ерекше назар аударды. Сонымен қатар құрылтай мүшелерінің бір жартысы «Мәдениет. Өнер. Руханият» мәселелерін талқылап, жалпыұлттық идеологияға қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Атап айтқанда, қатысушылар қазақ әдебиетін дәріптеу, қаламгерлердің шығармашылығын насихаттау, креативті индустрияны, оның ішінде отандық киноиндустрияны дамыту, ғылыми газет-журналдардың және балаларға арналған басылымдардың санын арттыруды қозғады.
Ғылым-білім саласына арналған секция білім беру саласындағы реформаларды жетілдіру, ғылыми гранттардың санын арттыру, академик мәртебесін көтеру және мектеп оқулықтарын жүйелеу қажеттігіне тоқталды. Талқы барысында ғылыми институттардың әлеуетін көтеріп, оларды жаңа техникалармен жабдықтау керектігі айтылды. Сонымен қатар тіл және терминология саласындағы олқылықтар да талқыланды. Қатысушылар өзара пікір алмасып, мәселелердің шешу жолдарын ұсынды.
«Әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму» секциясы алаңында құрылтай мүшелері отандық өндірісті ұлғайту, оның ішінде инфрақұрылымды дамытып, табысты кәсіпорындар ашу ісіне ерекше тоқталды. Сондайақ медициналық-әлеуметтік саланы қаржыландыру, ішкі миграцияны жүйелеу және елдегі баспана мәселесін жетілдіру ісін талқылап, экономикалық көрсеткіштердің негізгі факторы – адам капиталын дамыту жайын саралады.
Құрылтайдың алғашқы күнінің өзінде жалпы саны 70-ке жуық құрылтай мүшесі сөз сөйлеп, 100-ден аса бастама көтерілді. Жиынның қорытындысы ретінде талқылау кезінде айтылған ұсыныстарды жүзеге асыру бойынша арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеу туралы шешім қабылданды. Ұлттық құрылтайдың негізгі жиыны 15 наурыз күні Мемлекет басшысының қатысуымен өтті.
Ұлттық құрылтай төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Амал мерекесі қарсаңында бұл жиынның Жайық жағасында өтіп жатқанына ерекше тоқталып, әлеуметтік, шаруашылық, идеологиялық және басқа да салалардағы бағдарымызды айқындап, нақты шараларды қолға алу, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейте түсу, ұлттың жаңа келбетін айқындайтын құндылықтарға тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдықтарға кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, жөнсіз ескерткіш салмау, кітапханаларды жаңғырту, дәстүрлі дінге ден қою, нашақорлық, лудомания, IT-технологияларды дамыту, бизнестегі белсенділік, мемлекеттік нысандарға қатысты көзқарасын айтып, ортақ келісімге келуге шақырды.
Ұлттық құрылтай мүшелері Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангерлер туралы негізгі құжаттар мен деректерді қамтитын цифрлы платформаның қажеттілігі, «Толық адам» ілімін жаңғырту, азаматтардың қаржылық сауатын арттыру үшін мектеп бағдарламасына арнайы пәндер енгізу, бүгінгі жастардың алдында цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту, елдегі зорлық-зомбылық мәселесінің өзектілігіне тоқталып, халықтың құқықтық сауатын арттыру, адам капиталының дамуы және техникалық салалардағы кадр тапшылығы мәселесіне қатысты ұсыныстарын айтты.
Бүгінгі таңда сандық технологиялардың дамуының арқасында Атырауда өткен үшінші Ұлттық құрылтай көпшілік бұқараның еркін талқылауында екеніне куәміз. Дегенмен құрылтайдың бастау көздеріне де көңіл бөлген абзал. Түпкі мағынасы құралу, жиналу, түгелдену дегенге саятын құрылтай сөзі түркі-монғол жұртына тән ресми кеңес, жиналыс атауын білдіреді. Бұл біздің салт-дәстүрімізге негізделіп, арғы дәуірлерден жалғасып келе жатқан мемлекет басқаруды жаңғыртудағы жаңаша бір қадам деп қарастыруымызға әбден болады. Шын мәнісінде, қазақ қоғамында құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз.
Тарихтан белгілі, бабаларымыз аса маңызды мәселелерді осындай алқалы жиындарда талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келіп шығарған шешімдер бүкіл елді біріктірген. Бұл бүгінгі таңдағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» ең басты принципі деп есептейміз. Әділетті қоғам құру жағдайында Ұлттық құрылтай – Президент жанындағы негізгі консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылды. Ал Қ.Тоқаевтың Ұлттық құрылтай мүшелерімен әрдайым кездесіп, кеңесіп отыруы арқылы жалпы қарапайым халықты толғандыратын мәселелерді анықтап алу үшін қоғам дертінің алдын алуға негізделген ұйым.
Қоғамды қайырымдылық пен мейірімділікке үндейтін, медицина тілімен айтқанда, аурудың алдын алуда дертке шипа бола алатын жолдарды анықтау. Құрылтайдың маңызды тұсы. Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі ұстанған позициясы қайткен күнде де қоғамда әділеттілік орнату болса, Ұлттық құрылтайдың басқосу жиыны билік пен бұқара арасындағы диалогты жүзеге асырудағы ашық алаң деп қабылдау керек.
Бүгінгі таңда Ұлттық құрылтай мемлекет басшысының қоғам белсенділерімен және сарапшылармен арадағы тікелей диалогін орнатып, оны дамытып отыр. Атыраудағы жиында осының жалғасы. Ұлы дала төсіндегі ұлт тағдырын шешіп және қилы тағдырлы жұрттың дара мемлекетін қалыптастыруда құрылтайдың атқаратын орны мен рөлі ерекше. Оны қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу жолынан көруге болады. Мысалы, Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм мен Ордабасы құрылтайлары халқымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылса, екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды. Әсіресе, өте маңызды сындарлы кезеңдерде түгел Алаш жиналып, келелі мәселені кеңесіп отырғаны белгілі.
Егемендік алғаннан кейін де елімізде титулды ұлтты мемлекет құрушы ұлт ретінде қалыптастыруды негіздеу үшін Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайын жасап, сырттағы қандастарымызды атамекенге шақырдық. Осылайша, нәубет жылдары үдере көшкен ел тәуелсіз Қазақстанға қайтадан оралды. Қазіргі таңда ауыз толтырып айтарлықтай алғашқы жетістіктер ретінде күнделікті өмірге қатысты ірілі-ұсақты мәселелердің оңынан шешілуге бетбұрыстан басқа, Республика күніне ұлттық мереке мәртебесінің қайтарылуын айтуға болады. Қазірше басты жетістік ретінде Ұлттық құрылтай құндылықтарының анықталуын көріп отырмыз. Ол – мемлекет мүддесі бәрінен биік екенін азаматтар санасына тұрақтату және мемлекеттіліктің бастау көзі ретінде Алтын орда деп анықталып, оны идеологиялық тұжырым ретінде қалыптастыру арқылы ұлтты ұйысуға үндеу.
Ендеше, қазақ құрылтайларының бәрі дерлік ел дамуына елеулі өзгеріс әкелді десек, қателеспейміз.
Жомарт Сімтіков,
тарих ғылымдарының кандидаты, саясаттану ғылымдарының докторы,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың кафедра меңгерушісі