«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қазақ табиғаттың жандануына, көркеюіне аса мән берген. «Бұтақ жайған ағаш қартаймайды, ұрпақ жайған адам қартаймайды» дейді. Соңғы кездері тал егу дәстүрі еліміздің түкпір-түкпірінде қолға алынып, тиянақты мән берілуде. Мұның өзі қоғамға пайдасы зор игі бастама емес пе? Осындай шараны тек қоғамдық орындарда, көшелерде, мектеп пен мекеме ауласында ғана емес, сонымен бірге, әр отбасы өз үйлерінің аула ішінде тал отырғыза білсе, нұр үстіне нұр болар еді.
«Туған жер» бағдарламасы аясында, ауылды көгалдандыру және көркейту мақсатында осыдан 20 және 30 жыл бұрын Тасашы ауылындағы орта мектептен түлеп ұшқан шәкірттер туған жеріне келіп, сенбілік ұйымдастырды. Мектепті 1994-2004 жылдары бітірген түлектер Алланың ақ үйі саналатын мешіт ауласына 20 түп ақ қайың, 60 түп тал-терек отырғызып, ауылға деген алғыстарын жеткізді.
Игі шараға ауыл әкімі Ерболат Төребаев, ауыл ақсақалдары мен ауыл тұрғындары қатысты. Шараның басында ауылдық ақсақалдар алқасының мүшесі Арғынбай Шілікбаев ақсақал игі бастамаға ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді. Мұнан кейін көшет отырғызу жұмыстары жүргізілді. Сенбілікті өткізудегі негізгі мақсат ауыл тұрғындарын ауылды таза ұстауға, өскелең ұрпақты туған өлкенің тазалығын сақтауға, жастарды еңбекке жұмылдыру арқылы, ауылды таза әрі жасыл ауылға айналдыруға шақыру болып табылады. Егер де әрбір ауыл тұрғыны өз ауласын таза ұстаса, егілген ағаш көшеттерінің өсуіне жағдай жасаса, ауылымыз бұдан да ажарлана түсетіні сөзсіз.
Ауыл әкімі Ерболат Төребаев аталмыш игі шараның қоғамға берер пайдасына тоқталып өтті:
– Дана халқымыз: «Бір тал кессең, он тал ек»,- деп ықылым заманнан бері қоршаған ортаны қорғауға, табиғатты аялауға ерекше мән беріп келеді. Міне, баршамыз республика көлемінде қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында, мектеп бітіруші түлектердің ұйымдастыруымен өтіп жатқан сенбілікке қатысып, өз үлесімізді қосып отырмыз. Бұл – болашақ ұрпақ үшін жасалған игі қадам деп білемін. Шамамен, 10-15 жылдан соң мәуелі ағашқа айналған оның қызығын өскелең ұрпақ көреді, – дей келе жиналған көпшілік пен ұйымдастырушыларға табыс тіледі.
– Адамның табиғатсыз өмір сүре алмайтыны белгілі. Табиғатқа да әркез күтім керек. Сондықтан, экологиямызды таза ұстауды әркім өзінен бастағаны жөн. Бүгінгі сенбілікке қатысып, осындай игі іс-шараға ат салысқаныма қуаныштымын. Алдағы уақытта тал отырғызуды түлектер арасында дәстүрге айналдыру, әр жылдың мектеп бітірушілері ағаш егіп, ауылға деген алғыстарын осылай білдірсе құба-құп болар еді. Енді мұндай бастама алдағы уақытта да жалғасын тапса игі, – дейді мектептің түлегі, ұйымдастырушы Еділ Асылов.
Жастардың жұмыла көтерген бастамасы – кейінгіге үлгі. «Мен жастарға сенемін» деп Мағжан ақын үкілі үміт артқан жастарымыз жалындап тұрса, келешегіміздің де кемел болары хақ. Болашақта осы жас көшеттер мәуелі ағашқа айналар деген сенім бар. Ең бастысы туған жерді түлету әр азаматтың парызы екенін еске салып тұратын болады.
Дәурен Әбутәліпов,
Кеген ауданы