Ұзынағаш ауылында орналасқан Жамбыл атындағы кәсіптік колледжі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар дайындайды. Әсіресе ауыл шаруашылығына қажетті кәсіп бойынша білім беруде. Бұл мақсатта оқу орны «Жас маман» бағдарламасы бойынша жаңа техникамен толығып, теориялық білім мен өндірістік тәжірибе арасында тығыз байланыс орнатты.
Аталған бағдарлама бойынша бұдан екі жыл бұрын мемлекеттен бөлінген 240 миллион теңге қаржыға заманауи ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынған. Атап айтқанда, астық оратын комбайн, «Беларусь» маркалы бірнеше трактор, “КамАЗ” жүк көлігі, соқа, культиватор, дискілі шөп шапқыш, тұқым сепкіш, тыңайтқыш шашатын, аспалы шөп тиейтін машиналар, топырақ тырмалағыш, трактор тіркемелері оқу орнының паркін жаңартты. Бұл техникалар жерді жыртудан бастап, астық жинауға дейінгі жұмыстарға тартылады. Білімгерлер өндірістік тәжірибелерін шаруа қожалықтарында өткізіп, мамандыққа нақты жағдайда машықтанады.
Бәсекеге қабілетті мамандар даярлауды басты мақсат еткен кәсіптік колледждің 89 жылдық тарихы бар. Ол еліміздегі алғашқы кәсіптік оқу орындарының бірі. Білім ордасының негізі сонау 1935 жылы қазанда «Қастек» мал шаруашылығы кеңшарының құрамынан бөлініп шыққанда қаланған. Ғасырға жуық уақытта мұнда әртүрлі мамандық бойынша мыңдаған кадр дайындалып, түлектері еліміздің ауыл шаруашылығы саласының көркеюіне өз үлестерін қосып келеді.
Колледж үлкен аумақты алып жатыр, 3,3 гектар жерде орналасқан. 650 орынға арналған оқу-өндірістік базасы бірнеше ғимараттан тұрады. 234 орынға есептелген жатақханасында алыс елдімекендерден келіп оқитын жастар үшін барынша жағдай жасалған. 120 орындық асхана, 160 орындық акт залы, тренажерлық спортзал және спорт алаңы бар. Мұнда 54 оқытушы шәкірттерге дәріс береді. Қазір оқу орнында 450 студент білім алуда. Мұнда дайындалатын мамандықтар қазіргі заман талабына сай сұранысқа ие. Атап айтқанда, жастар «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Электр жабдықтары», «Дәнекерлеу ісі», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Шаштараз өнері», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандықтарын алып шығады. Яғни, бұл – ауыл шаруашылығынан бөлек аспаз, шаштараз, дәнекерлеуші, автокөлік электригі сияқты өмірге қажетті кәсіптер. Ауыл-аймақтарда жұмыссыз қалған азаматтар да осында келіп кәсіп меңгере алады.
– Оқу орнының жыр алыбы Жамбыл есімімен аталуын ұжымдағы педагог-инженерлер мен білімгерлер өздеріне үлкен мәртебе санайды. Колледждің бес жылдық даму стратегиясын қайта қарастырған болатынбыз. Соған байланысты жаңа техникаларды меңгерудеміз. Шаруа қожалықтарымен тығыз жұмыс істейміз. Жер жырту, дән себу, астық ору сияқты жұмыстарды студенттеріміз осы техникалармен атқарып, берген тапсырысын орындайды. Біздің бұл ісімізді аудан әкімдігі де қолдап отыр, – дейді Жамбыл атындағы Ұзынағаш кәсіптік колледжінің директоры Болат Алтаев.
Бір жылдары жұмысының қиюы кетіп, тоқырап қалған оқу орнының қазіргі беталысы жақсы. 2019 жылғы «Техникалық және кәсіптік білім берудің үздік оқу орны» облыстық байқауында II-дәрежелі дипломмен марапатталса, аталған конкурстың 2020 жылғы жеңімпазы атанған.
Серік Сатыбалдиев,
Жамбыл ауданы