Қазақстан – аграрлы мемлекет. Соңғы жылдары елімізде ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліне бастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналуын стратегиялық мақсат деп, алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіп саласындағы өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға жеткізу міндетін қойып отыр.
Талғар ауданындағы Нұра ауылдық округіне қарасты Қаратоған ауылында орналасқан «Амиран-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі озық тәжірибе, инновациялық әдістер мен жаңа технологияларды енгізудің арқасында асыл тұқымды сауын сиырлардың өнімділігін арттырып, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келе жатқан заманауи шаруашылықтардың бірі. Мұнда агрокәсіпорын иелігіндегі 2 мың гектардай алқаптың 1870 гектары суармалы жер. Оған жем-шөп егуден бастап, сауын сиырларын қоректендіру, сүт өнімдерін дайындауға дейінгі процестердің барлығы толықтай автоматтандырылған.
Қазақ тағамтану академиясына қарасты сүт зауыты қажетті жем-шөп қорын дайындап, оның жұғымдылығы мен құнарлылығын арттыру, жоғары өнім алып, оның өзіндік құнын төмендету мақсатында әртүрлі дақылдарды, атап айтқанда – арпа, бидай, жоңышқа, жүгері, сояны өздері өсіріп тәрбиелейді. Бұл жұмыстардың өте тиімді әрі үнемді болуы, ауылшаруашылық мақсатындағы судың ысырап болуына жол бермеу үшін тамшылатып және жабырлатып суғару технологиялары қолданылады.
Шаруашылықтағы егін егу жұмыстары да өнімділігі жоғары әрі сапалы жүргізілетін John Deere, Massey Ferguson және Krone маркалы заманауи ауылшаруашылық техникаларының көмегімен іске асырылады. Бұл озат техникалар оның үстіне ақылды саналып, навигация және автопилот жүйесімен қамтамасыз етілген. Соның арқасында егіс алқаптарындағы жұмыс үдерісін автоматтандыру және оңтайландыруға толық мүмкіндік бар. Әлгі техникаларға қондырылған ақылды тұқым сепкіштер мен тұқымды нүктелі отырғызу адамның қатасуынсыз егін егу жұмыстарының дәлдігі мен жоғары тиімділігін қамтамасыз етеді.
– John Deere және Massey Ferguson тракторлары сенімділігі, қуаттылығы және әмбебаптығымен әлемге әйгілі. Бұл техникалардың жинақы шағын түрлерінен бастап, егін алқаптарындағы ең күрделі жұмыстарды атқара алатын қуатты ауылшаруашылық тракторларына дейінгі түрлі модельдері бар. John Deere және Krone комбайндары да біздің кәсіпорынның техникалық паркінің маңызды бөлігі. Егін жинау кезіндегі олардың өнімділігі мен тиімділігі өте жоғары. Астық ору мен автоматтандырудың озық жүйесінің арқасында бұл комбайндар егінді таза, сапалы және қысқа мерзімде жинап алуға мүмкіндік береді. Бұл – кәсіпорынның табысты жұмыс істеуіне ұнамды ықпал ететін негізгі жайт, – дейді Амиран компаниясының басқарушы директоры Валерий Пак.
Оның айтуынша, бұл кәсіпорын жетістіктерінің негізінде John Deere, Massey Ferguson және Krone сияқты ауылшаруашылық техникаларын шығаратын әлемдік компаниялардың ақылды және озат техникалары мен инновациялық жаңа технологияларды пайдалану, өндіріске ғылыми жаңалықтарды барынша батыл және тиімді енгізу жатыр десек артық емес. Өйткені көктемгі егін егу жұмыстары кезінде әртүрлі аурулар мен ауылшаруашылық зиянкестеріне қарсы қажетті препараттармен өңделген әр тұқымды дер кезінде және нүктелі отырғызу арқылы жоғары өнім алуға мүмкіндік беретін сапалы өскін шығады. Ал күздегі жиын-терін кезінде сол өнім қысқа мерзімде ешбір ысырапсыз және сапалы жинап алынады. Соның арқасында артық тұқым жұмсалмайды, тамшылатып және жаңбырлатып суғарудың арқасында алқаптарда сүтті ірі қараны кең рациондағы жұғымды да құнарлы азықпен қамтуға жеткілікті мол өнім пайда болады. Мұның бәрі ақырғы есепте еңбек өнімділігі мен тиімділік артып, сүт өндіруде кәсіпорын жұмысының табыстылығын, ең бастысы тұрғындардың осы бір аса пайдалы өнімге деген сұранысын қамтамасыз етеді.
«Амиран-Агро» агроөнеркәсіп саласының жауапты қатысушысы ретінде, ел билігінің тапсырмасына орай, экологиялық тұрақтылық пен су ресурстарын үнемді де тиімді пайдалануға баса мән беріп отыр. Әсіресе ауылшаруашылық мақсаттағы таза суды үнемдеу және осы тіршілік нәрін тиімді пайлануға тамшылатып суғару мен Zimmatic брендінің жаңбырлатып суғару қондырғылары айтарлықтай ықпал етуде. Бұл қондырғылар да өте ақылды және GPS спутник арқылы басқарылып, алқапты суғару үшін қажет судың мөлшері дәл және теңдей бөлінуін қамтамасыз етеді. Атап айтқанда осы озат техника компанияның су ресурстарын тиімді пайдалану және ысырапты мейлінше болдырмауға бағытталған басқару стратегиясында негізгі рөлді атқарады. Егінге берілетін суды шашыратып тұратын арнайы қондырғылар мен қысымды бақылау жүйесі булану мен жуылып кетуді болдырмаудың есебінен судың ысырап болуын барынша азайтады. Осылай әр тамшы су тікелей өсімдіктің тамырына бағытталып, оның өсуі мен дамуы үшін аса қолайлы жағдай жаратылады.
– Тамшылатып және жаңбырлатып суғару жүйелерін қолдану су ресурстары шектеулі немесе құрғақ ауа райы жағдайында өте тиімді. Өйткені мұнда су тек қажет жерде және қажет мөлшерде ғана пайдаланылып қоймай, сонымен бірге егінге керек уақытта керек ылғалды ғана беріп, өсімдіктің өнімділігі мен одан алынатын өнімнің жоғары сапалы болуына да тікелей ықпал етеді. Сондықтан да осындай суғару жүйелеріне инвестиция салу біздің компания үшін тек су ресурстарын басқару тұрғысынан ғана стратегиялық шешім емес, сонымен бірге «Амиран-Агро» тауарлы сүт фермасындағы ауылшаруашылық өндірісінің тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз ету тұрғысынан да маңызды қадам. Дегенмен, бұл суғару жүйелері қанша тиімді десек те, қондырғыларды пайдалану үшін айтарлықтай мөлшерде электр қуаты қажет. Осыған орай компания мемлекет көмегіне жүгініп, ауылшаруашылық кәсіпорындарына электр қуаты үшін субсидия бөлінсе деген ұсыныс білдіруді жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде заманауи технологияларды пайдалануға байланысты шығындардың бір бөлігін жауып, оларды өндіріске енгізуді мейлінше қолжетімді етіп, ақырғы есепте республика ауыл шаруашылығының орнықты да тиімді дамуына оң ықпал етер еді. Өйткені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында: «Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз» – деді. Осы міндет тұрғысынан агроөнеркәсіп саласындағы кәсіпорындар мен шаруашылықтарға электр энергиясы үшін субсидия беру өтен маңызды, – дейді ауыл шаруашылығы саласында көп жылдық тәжірибеге ие басқарушы директор.
Қазір бұл агрокәсіпорында 100-дей адам еңбек етеді. Олардың көбі Нұра ауылдық округіне қарасты Қаратоған, Туғанбай ауылдарының тұрғындары. Жалақылары да жақсы және уақтылы алады, алысқа қатынап уақыт та жоғалтпайды, жол шығыны жоқтың қасында. 2 мың гектар құмдауыт жерді оншақты жылдың ішінде егін егу және оны суғаруда озық техника мен жаңа технологияларды енгізіп, толыққанды егістікке айналдырған шаруашылық бүгінде жиырма шақты құдықтан су шығарып, тұзы шығып жатқан сортаң жерге түрлі дәнді дақылдар егіп, мол өнім алып келеді.
«Қалауын тапса – қар жанар» демекші, істің көзін біліп істесе, өндіріске озық техника мен жаңа инновациялық технология енгізілсе – жетістіктің негізі сол екенін бұл шаруашылық осылай дәлелдеп отыр.
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы